Үкімет • 18 Қараша, 2019

Әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын тежеу тетіктері қандай?

599 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

ҚР сауда және интеграция министрі Б.Сұлтанов ҚР Премьер-Министрінің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағалары туралы баяндады. Бұл туралы primeminister.kz хабарлады. 

Әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын тежеу тетіктері қандай?

Б. Сұлтановтың айтуынша, қазан айының басынан 12 қарашадағы жағдай бойынша әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы 1,1%-ға өсті. Бұл ретте егін жинау маусымына қарамастан, бірнеше тауарлардың бағаларының он шақты пайызға өсуі байқалады.

Мәселен, қарақұмық жармасы – 46,3%-ға, ал жыл басынан 62,9%-ға; күріш – 0,7%-ға, жыл басынан бері 32,3%-ға; ұн – 10,2%-ға, жыл басынан 27,8%-ға өскен. 

Қазан мен қараша аралығында бағаның төмендеуі мынадай тауарлар бойынша байқалады: күнбағыс майы 0,4%, картоп 3,4%, сәбіз 4,5%, пияз 5,8%, қырыққабат 7,7% және қант 7,9%.

Жыл басынан бері әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаның максималдық өсуі Атырау (13,5%), Павлодар (12%) облыстарында, Нұр-Сұлтан қаласында (11,8%), Жамбыл және Ақтөбе облыстарында (11,4%) байқалуда.

«Бұл ретте барлық өңірлерде негізінен көкөністерге, етке, нан мен қарақұмыққа шекті мәндердің 15% асқаны байқалады. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының шекті мәндерінің ең көп саны Қызылорда, Шымкент және Түркістан қалаларында 6 тауар бойынша тіркелген, бұл көкөністер, ұн, нан және сиыр еті. Алматы, Ақтөбе қалалары, Ақмола, Солтүстік Қазақстан және Жамбыл облыстарында – 5 тауар бойынша», — деді министр. 

Маусымаралық кезеңде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағаларын тұрақтандыру және мүмкін болатын алыпсатарлық секірулерді болдырмау үшін жедел шаралар қабылдау мақсатында, 2018 жылғы мамыр айында әкімдіктерге әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын реттеу бойынша функциялар берілді. Алайда, Б. Сұлтановтың айтуынша, бүгінде іс жүзінде әкімдіктер бұл функцияны пайдаланбай отыр.

Бағаның өсу себептерін анықтау үшін талдау нәтижелері

Біріншіден, азық-түлік нарығында әртүрлі сауда үстеме бағалары бар көптеген дистрибьюторлардың және басқа да тиімсіз делдалдардың санының көп болуы, жеткізу шарттарының орындалмауы, сақтау арналарының жоқтығы болып табылады. Нәтижесінде бұл кейбір тауарлардың бағаларының өсуіне алып соқтырады.

Екінші себеп, экспорт көлемінің өсуі. Оның арқасында импортталаған тауарларға бағаның өсімі байқалады. Мәселен, ағымдағы жылы қарақұмық еліміздегі егіс алқаптарының 30% қысқаруының салдарынан қымбаттады. Сонымен қатар, Ресей Федерациясында 5 жыл ішінде өнімнің аз болуына байланысты бағаның өсуі байқалады.

Күріш бағасының өсуі Өзбекстан мен Түрікменстан тарапынан қазақстандық күрішке сұраныстың өсуіне байланысты байқалады. Осылайша аталған елдерге экспорт 22 есеге өсті. Ресейде күріштің бағасы 14%-ға, яғни біздің валютамен есептегенде 368,5 теңгеден/кг 420,2 теңге дейін өсті.

«Дегенмен, өңіраралық тауарларды жеткізу бойынша талдау жүргізу кезінде, біз әкімдіктердің өз өңірлерінде қандай тауарлар өндірілетінін және қайдан әкелетінін жиі білмейтінін байқадық», — деді Б. Сұлтанов.

Талдау көрсеткендей, көптеген тауарлар бойынша корреляция 90% астам құрайды. Еуразиялық Экономикалық Одағы аясында сауда шекараларының ашық болуына байланысты Ресейде бағаның өсуі аясында біздегі баға да, экспорт көлемі де өсуде.

«Сонымен қатар, барлық азық-түлік тауарлары бойынша Ресейдегі бағалар айтарлықтай жоғары болуына байланысты ішкі қазақстандық бағаны жоғары көтереді», — деді министр.

Әлеуметтік маңызды азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы

Б. Сұлтановтың айтуынша, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаны тежеу және олардың өсу себептерін кезең-кезеңмен жою мақсатында Сауда және интеграция министрлігі Ауыл шаруашылығы министрлігімен және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп жұмыс жүргізуде. Бағаны тежеудің әртүрлі тетіктерін әзірледі. Бүгінгі күні бағаны тұрақтандырудың негізгі тетігі тұрақтандыру қорының қызметі болып табылады

Азық-түлік тауарларының көлемі барлығы 45 мың тонна, бұл өңірлерде халықтың қажеттілігінің 3% құрайды. Бұл ретте, сатып алу көлемінің төмендігіне қарамастан, 17 өңірдің 12-сі тұрақтандыру қорына бөлінген 2,7 млрд теңгені Екінші дәрежелі банктердің депозиттерінде ұстайды. Іс жүзінде бұл ақша өңірлердегі әлеуметтік азық-түлік корпорацияларын ұстауға арналған.

«Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының баға белгілеуге толыққанды әсер ету үшін тұрақтандыру қорларын сатып алуды халықтың қажеттігінен 15-20% дейін ұлғайту қажет», — деп түсіндірді Б. Сұлтанов.

Бұдан өзге, Б. Сұлтанов бағаны ұстап тұру бойынша бюджеттен қомақты қаражатты талап етпейтін баламалы тетіктер туралы айтып берді.

Біріншіден, «айналым схемасы» — әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын белгіленген баға бойынша сатудың қарсы міндеттемелері бар сауда желілеріне жеңілдетілген қаржы беру іске асырылуда. Ағымдағы жылы «айналым схемасы» төрт пилоттық аймақта іске асырылуда.

Атап айтқанда, Алматы қаласында «Magnum» ЖШС-мен 1,5 млрд теңгеге шарт жасалды, бірақ әлі күнге дейін өңірлік ережелер бекітілмеген, бұл әкімдіктің бағаны тұрақтандыру жөніндегі жұмысына қауіп төндіреді.

Нұрсұлтан, Қызылорда және Қостанай қалаларында бюджет қаражаты көзделгеніне (ӘКК қаражатына) қарамастан, әлі күнге дейін сауда желілерімен шарттар жасалмаған және әкімдіктермен бағаны төмендету бойынша нақты жұмыстар жүргізілмеген.

Сондай-ақ, 7 өңір осы уақытқа дейін өңірлік ережелерді бекітпеген, осыған байланысты олар «айналым схемасын», тұрақтандыру қорлары жұмысының жеңілдетілген тетігін де пайдалана алмайды.

Екіншіден, қазіргі заманғы форматтағы қоймалардың тапшылығын ескере отырып, Әлеуметтік Кәсіпкерлік Корпорациялары әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын форвардтық сатып алуды жүзеге асыруға мүмкіндігі бар.

«Баға өсімінің негізгі себебі қайта сатып алушылар болып табылатындығын ескере отырып, біз үшін сауда мен тауарларды сақтаудың қазіргі заманғы инфрақұрылымын құру маңызды», — деді Б. Сұлтанов.

Осыған байланысты, көтерме-тарату орталықтарының құрылысы басталды, олар өнімдерді сақтау, орау, өткізу және тасымалдау бойынша өндірушілерге қызмет көрсететін болады.

Мысалы, бүгінде Қарағанды қаласында көтерме-тарату орталығының құрылысы аяқталуда. Жамбыл, Павлодар, Солтүстік, Шығыс және Батыс Қазақстан облыстарында ұқсас объектілер қазіргі күні құрылуда, бірақ оларды Қарағанды облысының стандартарына әлі де жеткізу қажет.

«Биылғы 16 қарашада біз заң жүзінде көтерме-тарату орталықтарының түсінігін және Сауда және интеграция министрлігінің оларға қойылатын талаптарды бекіту бойынша құзыретін айқындадық. Қазір біз Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Азия Даму Банкімен бірлесіп, көтерме-тарату орталығына қойылатын жаңа талаптарды белсенді түрде пысықтап жатырмыз», — деді Б. Сұлтанов.

«Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында қарапайым заттар экономикасы шеңберінде көтерме-тарату орталықтарын салу үшін несие алу және субсидия алу мүмкіндігі жасалды.

Көтерме-тарату орталықтарының инвестициялық тартымдылығын арттыру үшін біз көтерме-тарату орталықтарының құрылысын инвестициялық басым жобаларға жатқызуды ұсынамыз. Алдын-ала есептеулер бойынша өңірлік көтерме-тарату орталықтарының құрылысына талап етілетін инвестициялар көлемі 5,8 млрд теңгеге жуық. 

Мобильді қосымшаны іске қосу туралы

Осы жылдың қараша айының соңында Қарағанды қаласында пилоттық режимде «BTS Digital» ЖШС әзірлеген Price Scanner мобильді қосымшасы іске қосылады.

Price Scanner функционалы тауардың құнын және қаланың барлық дүкендерінде олардың сапасы туралы пікірлерді көруге, сондай-ақ, тауарды салыстыруға және ең төмен бағамен сатып алуға мүмкіндік береді. Бұдан әрі Price Scanner мобильді қосымшасы басқа өңірлерде іске қосылады.