Спорт • 18 Қараша, 2019

Әйелдер күресінен әлем кубогының иегері анықталды

175 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Жапонияның Нарита қаласында әйелдер күресінен әлем кубогы жолындағы жарыс өз мәресіне жетті.

Әйелдер күресінен әлем кубогының иегері анықталды

Үстіміздегі жылдың қыркүйек айында Нұр-Сұлтанда өткен әлем чемпионатының жалпы есебінде алғашқы сегіз орынды иеленген командалар Күн Шығыс елінде өткен айтулы бәсекеде бақ сынады. Бұл тартыс жергілікті балуандардың айқын жеңісімен аяқталды. Жарыс барысында бірде-бір қарсыласқа бет қаратпаған Жапония құрамасы финалда АҚШ спортшыларын 7:3 есебімен ұтып, әлем кубогын олжалады.

Үшінші орын үшін сайыс Қытай мен Моңғолия құрамалары арасында өтті. Азия құрлығының қос өкілі арасындағы бәсеке Аспанасты елі аруларының пайдасына шешілді. 

Естеріңізге сала кетейік, 28-29 қараша аралығында грек-рим күресінен әлем кубогының жалауы желбірейді. Осы турнирде Қазақстанның ұлттық құрамасы Иран, Ресей және Куба балуандарымен бір топта өнер көрсетеді. Ал келесі топта Өзбекстан, Грузия, Жапония және Венгрия құрамалары өзара шеберлік байқасады.