Медицина • 19 Қараша, 2019

Темекінің тауқыметі

2642 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Ресми дерек бойынша, Қазақстан халқының 30 пайызы, яғни 4,8 мил­лион адам темекі тартады. Осылардың 1 миллионы әйел заты, яғни қыз-келіншек, кемпірлер. Тіпті осындағы әйел жыныстылардың 120 мыңы 13-15 жастағы жасөспірім қыздар болса, 12-14 жас аралығындағы жеткіншектердің 10 пайызы, 15-17 жас мөлшеріндегі бозбалалардың 21 пайызы, 18-19 жастағы жас жігіттердің 32 пайызы, 20-29 жастағылардың 39 па­йызы шылым шегеді екен. Сол сияқты 29-59 жастағы ер адамдардың 65 пайызы темекіге құмар.

Темекінің тауқыметі

Статистикалық мәліметке жүгінсек, елімізде темекінің салдарынан жабысқан дерттің кесірінен жылына 25 мың адам дүниеден өтетін көрінеді. Бір ғана Алматы қаласының өзінде жарты миллионға жуық шылымқор бар. Республика бойынша жыл сайын 400 миллионнан астам доллардың темекі өнімі сатылады. Бұл жан басына шаққанда Қазақстан шылым шегу жөнінен әлемде 13-ші орынды иеленіп тұр деген сөз.

Дүниежүзілік денсаулық ұйымы темекі шегудің салдарынан әлемде қатерлі ісік дерті қарқын алып келе жатқанын айтады. Түркиялық медицина профессоры Назми Билир «темекінің салдарынан ажал құшу ықтималдығы орыс рулеткасынан (ажал ойыны) өлу ықтималдығынан көп» дейді. Егер де темекіні жарнамалау тоқтатылмаса ғасырдың соңына дейін бір млрд адам құрбандыққа шалынатыны жайлы ақпарат бар. Темекінің адам өміріне қатерлі екенін бәрі біледі. Сөйте тұра, заң жүзінде ешқандай тыйым салынбайтын өнім. Шылым шегетін пенде күніне орта есеппен 200 рет, айына 6 мың рет, жылына 72 мың рет ащы түтін жұтады.

ДДҰ соңғы 30 жылдық зерттеу нәтижесіне сүйеніп темекі тартуды жұқпалы эпидемия ретінде қарастыруда. Зерттеу нысанына 2 миллионға жуық әртүрлі сырқат тартылса, осылардың тең жартысынан астамының дертіне темекінің әсері бары анықталған.

Жоғарыдағы зерттеу қорытындысына қарағанда: темекі адамның тәбетін қашырады, ас қорытуды нашарлатады, асқазанда жара, ерін, тіл және өңешке қатерлі ісік ауруын тудырады, дененің инсулин бөліп шығару қабілетін азайтып, диабет ауруына ұрындырады, ми қызметінің қалыпты ырғағын бұзады, жүрек ауруына бірден-бір себеп, көздің көруі нашарлайды, бет-жүзге әжім ерте түседі, тез қартайтады, тіс ерте түседі, операциядан кейінгі жара жазылмай әурелейді, есте сақтау қабілеті төмендейді, тамырды қатайтады, т.б. дерт түрлері темекі тарту себебінен болатыны анықталып отыр.

Қазіргі таңда қазақ қоғамын қатты алаңдатып отырған дүние – қыз-келіншектердің шылымқұмарлығы. Темекіге үйір әйелден дені дұрыс сәби тумайды. Себебі іштегі балаға оттегімен қоса түтін баратындықтан сәбидің ақыл-есі кемістікке ұшырауы мүмкін. Темекі құрамындағы аса зиянды полоный элементі (Ро210) әйелдің жатырындағы жұмыртқа жасушаларына жиналып, токсиндік улы зат ретінде мутация тудырады. Баланың кемтар болып тууы­на басты себеп осы.

Темекі денсаулыққа зиян тигізумен қатар адамды материалдық шығынға да ұшыратады. Оны шегуге кеткен уақытты ешқашан қайтара алмайсыз. Темекіге жұмсалған ақшаны нағыз ысырапшылық деп айтуға болады. Мәселен, күніне 200 теңгенің темекісін тартқан жан айына 6 мың, жылына 72 мың теңгенің көк түтінін будақтатады. Орташа 40 жыл шылым шеккен адам темекіге 2 миллион 880 мың теңге жұмсайды екен. Енді уақытқа келсек, бір тал шылым шегуге 5 минут жұмсайсыз. Күніне 20 тал темекі тартқан адам 1 сағат 40 минутын темекі тартуға жұмсайды. 40 жыл шылым шеккен адам ғұмырының 2 жыл 7 айын түтін жұтуға жұмсайды.

Қазақстанда қазіргі кезде 8 ірі компания темекі өндірумен айналысады. Олар жылына 18 миллиард дана шылым өндіреді. Бұған қоса 3 миллиард дана темекі сырттан келіп кіреді. Бұл 18 миллион халқы бар мемлекетке көп пе, аз ба, өзіңіз бағамдай беріңіз. Жоғарыдағы компаниялар өз өнімдерін кедергісіз жарнамалай алады. Жасөспірімдерді жалған сақтандырған болып «Темекі – ересектердің таңдауы» дейтін ұрандар тастайды. Бұл ұран қайта жасөспірімдерді тез «ересек» болуға үндейтін тәрізді.

Сондықтан әрбір қазақ отбасы темекіден алыс болуды қолға алсын. Әйтпесе, тұқымың құриды. Балаңызға темекінің зияндығын айтпас бұрын өзіңіз темекі тартпайтын болыңыз. Темекі шегушілердің 95 пайызы 21 жасқа толмай тұрып үйреніп алады екен. Жас ағза никотинге тез тәуелді болады. Темекі көп шеккен адам кәріліктен өлмейді (Г.Лессинг). Темекі бірден әсер етпейтін, бірақ қауіптілігі азая қоймайтын қатерлі у.