Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде жаппай кәсіпкерлікті дамыту санаға сіңген патерналистік пиғыл мен масылдықтан арылуға мүмкіндік беретінін, шағын және орта бизнестің өркендеуіне кедергі келтіретін әрекеттер мемлекетке қарсы қылмыс ретінде танылуы тиістілігін атап көрсеткен болатын.
Иә, микробизнес кеңінен өркен жайған тұста тұрақты жұмыс орындары құрылып, жұмыссыздықтың азаяры, берік салық базасы құрылып, жергілікті қазына молая түсері анық. Бұл салаға Ұлттық қордан 100 миллиард теңге бөлініп, «Бизнестің жаңа жол картасы» шеңберінде алдағы үш жыл ішінде 250 миллиард теңгенің бағытталатыны нақты қолдаудың айқын мысалы болса керек.
Сонымен қатар бірқатар заңнамалық құжатқа түзетулер мен толықтырулар енгізілмек. Мәселен, 2020 жылдан бастап микро және шағын бизнес субъектілеріне тексеріс жүргізуге үш жылға дейін тыйым салу туралы шешім өз күшіне енеді. Мұның өзі бизнестің адал әрі заң талаптарына сай жүргізілуімен қатар кәсіпкерлердің қоғам мен мемлекет алдындағы әлеуметтік жауапкершілігін арттыруға, ауыртпалықтарды азайтуға септеседі. Сол сияқты ұлттық бизнеске халықаралық нарықтарда қолдау көрсетудің тетіктері де айқындалған. Шыны керек, өз өнімдерін экспортқа шығаратын компаниялар әлі де мемлекеттік қолдауға зәру. Әсіресе, өнімді сату ісінде түйінді проблемалар аз емес. Жасыратыны жоқ, жергілікті жерлерде әкімшілік, қағазбастылық, бюрократтық кедергілерге тап болуы салдарынан өз жұмысын тоқтатуға мәжүр болмаса, салықтан жалтаратын немесе көлеңкелі экономикамен айналысатын кәсіп иелері де аз ұшыраспайды.
* * *
Өңірде аймақтарды дамыту бағдарламасы сәтті жүзеге асырылып келеді. Ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, құрылыс салаларында өсім байқалады. Негізгі капиталға құйылған инвестиция 3 жылда 37, құрылыс қарқыны 45, жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесі 8 пайызға, елді мекендерді таза ауызсумен қамту 3,8 есеге артты. 129 негізгі көрсеткіштің 80 пайыздан астамы орындалды. Облыста 30 мыңнан астам кәсіпкерлік нысан тіркелсе, былтыр олар өндірген жалпы өнім мөлшері 600 миллиард теңгені құраған. Өсім 3,6 пайыз болған. Барлық салық түрлерінің жартысына жуығы осы саладан түскен. Алайда қолдағы мәліметтер көрсетіп отырғандай шағын және орта бизнес өкілдерінің 40 пайыздайы сауда-саттықпен ғана шектеліп жүр. Былайша айтқанда, «ауырдың үсті, жеңілдің асты» секілді жеңіл тірлікке байланып қалған тәрізді.
Оның ішінде жауыннан кейінгі саңырауқұлақтай онсыз да қаптап кеткен сауда нүктелерін ашуға ұмтылыс көбеймесе, азаятын түрі көрінбейді. Соның салдарынан өндірісте еңбек ететіндер – 4, 5, ауыл шаруашылығында жүргендері 20 пайыз төңірегінде ғана. Оның бір себебі мемлекеттік қолдау тетіктері қарастырылғанына қарамастан жергілікті билік орындары тарапынан кәсіпкерлердің жаңа жобалар мен озық технологияларға деген қызығушылығын арттыру, ынталандыру құлықсыздығына келіп тіреледі. Ауылдық жерлерден келіп түсетін бизнес-жоспарлар тым аз. Жамбыл, Тимирязев, Аққайың аудандары бар-жоғы 3-4 жоба ғана ұсынған. Тіпті тиісті субсидия берілмей қалған сияқты оғаш жайттар да кездескен. Шал ақын ауданында бір іскер жан 23 миллион теңге қаржыны рәсімдей алмай біраз әуре-сарсаңға түскен.
Әкімдіктің келелі бір отырысында аймақ басшысы Құмар Ақсақалов алда машина жасау секторын үлкен өзгерістер күтіп тұрғанын қадап айтқан еді. Құмар Іргебайұлы кенжелеп қалған салаға Үкіметтің назарын қайта-қайта аударта жүріп 6,7 миллиард теңге бөлдірткізген. Нәтижесінде, осы қаражатқа Петропавл ауыр машина жасау және Киров зауыттары жаңғыртылып, өндіріс көлемі артты. Білдіктер паркі жаңаланып, ет, балық, көкөніс тасымалдауға арналған вагондардың алғашқы легі Ресейге жөнелтілді. Тез бұзылатын өнімдерді тиісті жерлерге уақтылы жеткізуге өте қолайлы саналғандықтан, сұраныс жоғары. Экономикалық тұрғыдан оң өзгерістер болатынына нық сенімді Киров зауытының басшылығы заманауи компьютерлер құрастыруға кірісіп кеткен.
Сол сияқты экономикалық жағынан өте тиімді заманауи өндіріс салаларын жолға қоюдың, шикізатты қалдықсыз өңдеудің, экспортқа барынша басымдық берудің жан-жақты мүмкіндіктері ойластырылған. «KazFoodProducts» компаниясының бас директоры, жеке инвестор Әлихан Талғатбектің өндірісі тоқтап қалған «Биохим» зауытын қайта жаңғырту туралы ұсынысы әкімдік тарапынан қолдау тауып, қос тараптың өзара сенімге негізделген ұйымдастыру жұмыстары арқасында «Bio Operation» деген жаңаша атау мен мазмұнға ие өзгеше кәсіпорын пайда болды. Республикада баламасы жоқ өндіріс ошағы астықты тереңдеп өңдеп, одан құрғақ кілегей мен крахмал, үшінші сұрыпты ұн, жарма, жемазық алады. Жуырда глютен шығаратын цех іске қосылса, жыл аяғына дейін биоэтанол өндіріледі.
– Мұндай кәсіпорын елімізде жоқ, шетелде де санаулы. Озық құрал-жабдықтар сатып алуға 11 миллиард теңге қаржы құйылды. Қазір күніне 140 тонна кілегей, 50 тонна крахмал өндіріледі. АҚШ-пен, Еуропа, Орталық Азия, көрші мемлекеттермен жасасқан келісімшарттарымыз бар. Бұрындары үшінші сұрыпты ұн алудың машақаты көп болатын. Қазір кілегей қосса, жеткілікті. Тың тәсіл, озық технология деген осы! Жылына 200 мыңдай тонна бидай қажет екенін есептеп қойдық. Астықты өлкеде орналасқандықтан, бұл жағынан қам жемеуге болады. Тұрақты жұмыс істейтіндердің саны бес жүзге дейін арттырылады. Біз берген уәдемізге берікпіз, ісімізге адалмыз, – дейді жеке инвестор.
Облыс орталығындағы «Радуга» серіктестігінің ізденістерін де тың жаңалықтар қатарына қосуға болады. Мұнда сұйық сабын шығаратын цех пайдалануға беріліп, күніне алты тоннаға дейін өндіреді. Өнімнің оннан астам түрін жасап, еліміздің көптеген қаласына жөнелтеді. Тапсырыс көлемінің артуына орай қатты сабын шығаратын жаңа желіні іске қосу жоспарланған. Заманауи технологиялар мал шаруашылығы саласында да өз жемісін бере бастады. Биыл өңірде төрт сүт-тауарлы ферма бой көтеріп, өнімділікті 11 мың тоннаға дейін ұлғайтуға мүмкіндік берді. Оның бірін «Мәмбетов және К» командиттік серіктестігі іске қосқан. Жаңашылдыққа әркез жаны құмар серіктестік басшысы Еркебұлан Мәмбетов көп жылдан бері мемлекеттік бағдарламалар бойынша жұмыс істеп келеді. Жоба құны – 2,3 миллиард теңге. «Қазір мұнда 700 бас сүтті симменталь сиыры бағылады. 35 тұрғын еңбек етеді. Әр сиырдан жылына 6 мың литр сүт сауылады. Бір литрі 145 теңгеден саудаланады. Мұның бәрі цифрландыру жүйесінің арқасы!» дейді Е.Мәмбетов.
Жолдауда алға қойылған маңызды талаптардың енді бірі шетелден тікелей инвестиция тарту жұмыстарын барынша жандандыру десек, өңірде 580 миллиард теңгенің 46 инвестициялық жобасын іске асыру белгіленген. Олардың 11-і шетелдіктерге тиесілі. Бұл жөнінде Сыртқы істер министрлігінің Ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі Ерлан Хаировтың қатысуымен өткен алқалы басқосуда облыс әкімінің орынбасары Дәурен Жандарбек егжей-тегжейлі баяндап берді. Оның сөзіне қарағанда, соңғы кездері инвестициялық жобалар аясында нәтижелі жұмыс істеп келе жатқан кәсіпорындар легі көбейген. Келешектегі жоспарлар тіпті ауқымды. Қалталы қаржыгерлерді аграрлық аймақтың жағрапиялық орналасу қолайлығы, топырақтың құнарлығы, жасалып жатқан жеңілдіктер қатты қызықтырады. Инвесторлардың бірлесе қатысуымен Class, Kazmeal, «Тайынша май», Тайынша ет комбинаты секілді ірі өндіріс ошақтары, көп жыл тоқтап қалған кәсіпорындар іске қосылды.
Ерекше тапсырмалар жөніндегі елші Жолдауда әрбір сала мен өңір үшін нақты мақсатты көрсеткіштер белгіленгенін, оған мемлекеттік органдар жауапты екенін атап өтті. Инвесторлар үшін екі негізгі қолдау түрі қарастырылған. Акцизді тауарларды шығаратын және пайдалы қазбаларды қазумен айналысатындардан басқасының бәрі Қазақстанға әкелінетін құрылғыларға төленетін кедендік баж салығынан босатылады. Оған қоса, өнеркәсіп нысанын тұрғызу үшін жер телімін тегін алу мүмкіндігі бар. Екінші, индустрияландыру бағыты шеңберінде, дәлірек айтқанда, химия, мұнай-химия, металлургия, азық-түлік өнімдерін шығаратын кәсіпкер жобаға 2 миллион айлық есептік көрсеткіш сомасын құйса, салықтың үш түрінен босатылады. Ал инвесторлар өнеркәсіп нысанын тұрғызып болғанша, сосын бір жыл мерзім ішінде өзінің жұмысшы күшін пайдалана алады. Кейін жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтуға міндетті.
Кәсіпкерлер палатасында бизнеске тікелей қатысты жобалық кеңселердің өкілдерімен кездесу, талқылаулар жүйелі түрде ұйымдастырылып, бірқатар мәселе қолма-қол шешімін тапқан. Жөн-жосықсыз тексерістер 30 пайызға азайған. Бизнесті жүргізу жеңілдігі бойынша құрылған рейтинг нәтижесінде облыс бесінші орынға тұрақтаған. Өңірде «қарапайым заттар экономикасы» да біртіндеп дамып келе жатқаны да атап көрсетіліп, нақты мысалдар келтірілді. Евгений Кобрин бұған дейін жиһаз цехын іске қосып, тәп-тәуір табыс тауып келген. Кейін бәсекелестердің көбеюіне байланысты сұраныстың кемігенін аңғарып, матрас жасайтын фабрика ашуға бел буған. Сөйтіп, мемлекеттің қаржылық қолдауына сүйенген. Даму қоры арқылы 8 миллион теңге несие ресімдеп, тігін машиналарын, басқа да құрал-жабдықтар сатып алған. Қазір матрастың 45 түрін өз тұтынушыларына жөнелтеді. Орташа айлық жалақы 140 мың теңге мөлшерінде. Екі жылдың ішінде елімізге танылып, енді экспорт көлемін арттыру бағытында жұмыс істеп келеді.
Жолдауда атап көрсетілгендей, дамыған агроөнеркәсіп кешенін өрістетуде негізгі ресурсымыз саналатын ауыл шаруашылығы басты рөл атқарады. Ішкі нарықта ғана емес, сонымен қатар шетелдерде де сұранысқа ие экологиялық таза өнімдер шығаруға облыстың әлеуеті зор. Былтыр 5 мың тонна өсімдік майы мен 4 мың тоннаға жуық майлы дақылдар сығындысы экспортталса, биылғы көрсеткішті екі есеге дейін арттыру көзделген. Бұл өнімдердің жартысынан астамын «Тайынша май» кәсіпорны өндіреді. Серіктестіктің жылына 300 мың тонна майлы дақыл өңдеуге қауқарлы екенін ескерсек, белгіленген меженің орындалатыны күмәнсіз. Қазір мұнда 150-ге жуық жергілікті тұрғын тұрақты жұмыспен қамтамасыз етілген. Өңірде жыл сайын 1,5 миллион тоннадай бидай сыртқа сатылады. Алда өңделетін шикізаттың көлемін арттырып, дайын өнім ретінде экспорттау міндеті тұр. Ол үшін мамандар әр гектардан ең кем дегенде 150-200 мың теңге табыс алу қажеттігін есептеп шығарған.
Бұл деңгейге жеткен шаруашылықтар баршылық. Екінші жолы – астық өндірісін әртараптандыру арқылы майлы дақылдар үлесін молайту. Бүгінде облыста 1 миллион гектардай алқапта осы дақыл түрлері өсіріледі. Сөз арасында биыл «Солтүстік соясы» қанатқақты жобасының жүзеге асырыла бастағанын айта кеткен жөн. Болашақта оның көлемі 20 мың гектарға дейін ұлғайтылмақ. Бастамаға алғаш қолдау білдіргендердің бірі «Тайынша Астық» ЖШС-нің директоры Анатолий Рафальский мол табыс әкелетін дақылдардың қыр-сырын жетік меңгергендіктен, теріскейдің климатына бейімді сұрыбын егіп, гектар берекелілігі 15 центнерден айналған. Үкімет те тиесілі субсидияның жартысын қайтарып, әлеуметтік жауапкершілікке берік екенін көрсеткен.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстық департаменті М.Жұмабаев ауданында келелі жиын өткізгенде тұрғындар мұң-мұқтаждарын ортаға салған. Олардың айтуларынша, таяқтың екі ұшы бар демекші, әлеуметтік жауапкершілік барлық тарапқа да бірдей, тең дәрежеде жүктелуі тиіс. Булаев тасжолына қыруар қаражат жұмсалып, жөнделген. Алайда арада көп уақыт өтпей жатып қалпына келтірілген жолдардың бір бөлігі жарамсыз болып қалған. Енді мына қызықты қараңыз, заң бойынша ағымдық жөндеуден өткен учаскелердің сапасына ешкім кепілдік бермейтін көрінеді. Солай екен деп тапсырылған іске салғырт-салақ қарауға бола ма? Аудан әкімдігі, басқа да бақылаушы, қадағалаушы ұйымдар жауапкершіліктен сытылып кеткендердің жолын кесудің орнына кемшілікке көз жұма қараған. Шағымдарды талқылау барысында «Есіл су» кәсіпорнының Булаев қаласына су беруді тоқтатқаны мәлім болған. Әсіресе, орталық аурухананың берешегі көбейіп кеткен. Аудан орталығында бақылау-кассалық құрылғыларды жөндейтін орталық болмағандықтан, кәсіпкерлер талшықты-оптикалық желіні пайдалана алмай отыр.
Мақаламызды Мемлекет басшысының халыққа арнаған Жолдауындағы: «Біз шағын кәсіпкерлікті бүкіл қоғам болып қолдауымыз керек... бизнес өкілдері тұтынушылар мен азаматтар алдында жауапты болуы тиіс» деген сөздерімен аяқтауды жөн көрдік. Бұл – кәсіпкерлердің әлеуметтік жауапкершілігін, қоғамдық белсенділігін арттыру жергілікті билік өкілдері үшін де маңызды міндет болып қала береді деген сөз.
Солтүстік Қазақстан облысы