Аймақтар • 19 Қараша, 2019

Алматы марафоны 2020 жылы бірқатар балалар мекемесіне қолдау көрсетеді

174 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мегаполистің спорттық өмірінде Алматы марафонының мәнімен қоса, әлеуметтік тұрғыда атқарып келе жатқан ілкім­ді бастамалары бар. Дәстүрге сай Алматы марафонына қатысу­шылардың сөрелік жарнасынан жиналған қаражаттың бір бөлігі қайырымдылық істерге жұмсалады. Осы мақсатқа орай, «Бірінші болу – батылдық» корпоративтік қорымен алдағы 2020 жылға арналған қайырымдылық шараларының тізбегі анықталды.

Алматы марафоны 2020 жылы бірқатар балалар мекемесіне қолдау көрсетеді

Келесі жылы Алматы марафоны ерекше күтімді қажет ететін балаларға арналған 5 мекемеге қайырымдылық көмек көрсетеді. Яғни, «Кеңес» мүгедектер қоғам­дық бірлестігіне Әлеуметтік бейім­деу және еңбекпен оңалту ор­талығы мен балаларға арнап жаб­дықталған ойын алаңын құ­рады. Есік қаласындағы ақыл-есі кеміс балаларға арналған об­лыстық мектеп-интернатқа фут­бол алаңын, «SOS Алматы балалар ауылы» мемлекеттік емес білім беру мекемесіне жаттығу алаңын салады.

Дамуында ерекшеліктері бар балалармен жұмыс істеу­ге арналған «Амалия» реабилитация­лық орталығына сенсорлық инте­грацияға арналған жабдық сатып алады. Сондай-ақ Талғар қала­сындағы «Нұр» отбасылық балалар үйіне спорт алаңын сыйлайды.

– Қорымыздың басты мақ­саты – спортты барлығына қол­жетімді ету. Сондықтан жыл сайын Алматы марафонынан кейін біз ерекше күтімді қажет ете­тін балаларға арнап спорт инфрақұрылымын саламыз. Ал­маты марафоны құрылғалы бері 8 жыл ішінде жарысқа қаты­сатын жүгірушілердің арқасында 17 қайырымдылық жобасы жүзе­ге асты. 2019 жылы үш қайырым­ды­лық мақсатты орындау үшін 26 миллион теңге бөлінді. 2020 жы­лы балаларға арналған  мекемеге 35 миллион теңге көлемінде қайырымдылық көмегін көрсету жоспарланған, – дейді «Бірінші болу – батылдық» корпоративтік қорының атқарушы директоры Салтанат Қазыбаева.

Естеріңізге сала кетейік, «Ал­маты марафоны-2020» 19 сәуір­де өтеді. Оған әлемнің түк­пір-түкпірінен 18 мыңдай әуес­қой спортшы келеді деп күтілуде.