Руханият • 19 Қараша, 2019

Ақынға арналған күн

693 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

«Поэзия падишасы» атанған Фариза ақын көзі тірісінде-ақ аңызға айналған тұлға еді. Өр мінезімен, лаулаған өрттей сұрапыл жырларымен, қайраткерлігімен, үлкен-кішіге бірдей қамқорлығымен халықтың жүрегінен орын алған ақынның көзден кетсе де, көңілден кетпей, жылдан-жылға жас ұрпақ санасында жаттала беруі – заңды құбылыс. Фариза ақынның биылғы сексенжылдық мерейтойы да жер-жерде лайықты түрде аталып өтуде.

Ақынға арналған күн

Күні кеше ел астанасы – Нұр-Сұлтан қаласында қала­лық әкімдіктің қолдауымен, соңынан ерген үлкен-кіші зиялы замандастарының ал­қауымен бір күннің ішінде бірнеше шара өтті. Соның бірі – Нұр-Сұлтан қаласындағы ЭКСПО қалашығының ма­ңын­дағы үлкен көшелердің бі­ріне Фариза Оңғарсынованың атының берілуі. Айтулы ша­раға қалалық әкімшілік пен атыраулық бір топ қонақ, елор­далық зиялы қауым өкіл­дері қатысты. Ақын есімін ие­ленген көшенің лентасын Нұр-Сұлтан қаласы әкімі­нің орын­басары Бақтияр Мә­кен мен ақынның ұлы Ал­мас Оңғарсынов қиды. «Ақынның жанында бірге жүр­ген әріптестері, қоғам қай­­рат­керлері бәрі бірлесіп өз ұсы­ныстарын айтты. Көше атауын 80 жылдық мерейтойы­на қатысты беріп отырмыз», деген қала әкімінің орынбасары Фариза Оңғарсынованың көзі тірісінде ақындығымен, қайраткерлігімен танылып, көп істерге ұйытқы болғанын мәлімдеді.

Фариза Оңғарсынова атын­­дағы көше ресми түрде ашылған соң Атыраудан келген қонақтар мен елордалық зиялы қауым Ұлттық пан­теонға барып, ақынның бейі­тіне гүл шоқтарын қойды, басына Құран бағыштады. Ал түс кезінде Radisson Hotel Astana қонақүйін­де ақынға арнап ас берілді. Асты «Egemen Qazaqstan» газетінің басқарма төрағасы Дархан Қыдырәлі жүргізді.

Түстен кейін Ұлттық акаде­миялық кітапханада Фариза Оңғарсынованың «Шілде» («Пол­дневный жар») атты қа­зақ және орыс тіліндегі кіта­бының таныстырылымы өтті. Аталған кітап Мәдениет және спорт министрлігі Тіл сая­са­ты комитетінің арнайы бағ­дар­ламасы бойынша жарық көр­ген. Кеш барысында кі­тап­ты орыс тіліне ақын, әде­биет­та­нушы, аудармашы Татьяна Фро­ловскаяның тәр­жі­малағаны белгілі болды. Бұл туралы кітап­ханадағы кеш­ке арнайы қонақ ретінде қатысқан, кітаптың жарыққа шығуына тікелей атса­лысқан Әділ Қойтанов әңгімеледі.

Әсерлі кеште ақынның замандастары мен іні-бауырлары естеліктер айтты. Соның ішінде филология ғылымдарының докторы, профессор Мырзатай Жолдасбековтің, жазушы-драматург Ермек Аманшаевтың, ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Тыныштықбек Әб­дікәкімұлының, экономи­ка ғы­лымдарының докторы Ра­виль Шырдабаевтың, та­ны­мал публицист, сценарийст Ға­ділбек Шалахметовтің Ф­а­риза ақын жайлы тұшымды естеліктері оны әр қырынан тануға мүмкіндік берді, аяулы жан жөнінде кешке қатысқан жаңа буын жастардың пікір қалыптастыруына толығымен жетті. Бұл естеліктер ең алдымен ақынның азаматтық ұс­танымы, адамдық келбеті мен қалам қуаты жөнінде өрбіді. «Мені «аға» дейтін. Сый­лап тұратын. Көңілі түскен кісіні көлдей пейілімен баурап алатын. Оның соңынан ерген сіңлілеріне деген жан­ашыр­лығы ерек болды. 2008 жылы «Фариза және оның ақын сіңлілері» деген кеш өтті. Бұл кеш алдымен сол кез­­дегі Президенттік Мәде­ниет орталығында, соңынан Кон­гресс-холл сарайында ұйым­дастырылды. Халықтың ақынға деген ерекше ықы­ласын сонда көрдім», деді Мыр­­затай Жол­дасбеков. Эко­­номика ғы­лым­дарының докторы Равиль Шырдабаев қоғамның Фаризаны көбінде ақын ретінде ғана танитынын, әйтсе де ақынның журна­листика, соның ішінде публицистика саласындағы ең­бегі де жоғары екеніне тоқ­талды. Жазушы-драматург Ермек Аманшаев ақынның «Шабыт» фестивалінің қа­зылар алқасында көп жылдар бойы тұрақты түрде төрайым болғанын, дарынды жастарға ерекше қамқорлық көрсеткенін бірнеше мысалмен атап өтті. Кең пейілді ақынның ат­қарушы билік тұтқасында отыр­ған азаматтарға сөзін өт­кізе алатын өткір болғанын да жеткізді.

Кеш барысында елордалық жастар ақын жырларын жатқа оқыды. Олар өлеңдерді жатқа оқумен қатар арасында гитарамен, жанды дауыста дуэт болып ән шырқап, көрермендерге кішігірім театрландырылған көрініс ұсынды.

Фариза ақынға арналған сол күнгі кеш Жастар теа­трын­­­да қойылған «Фа­ри­за» спектаклімен қоры­тын­­ды­ланды. Бұған дейін Мәс­кеу, Алматы театрларын­да қойылған «Фари­за» спек­так­лінің елордадағы премьерасына әдеттегідей халық көп жиналды.