Бокс • 19 Қараша, 2019

Азия чемпионатында алты алтын бұйырды

271 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Моңғолия астанасы Ұлан-Батырда бокстан жастар арасындағы Азия чем­пионаты өз мәресіне жетті. Сары­құрлық додасында бақ сынаған қазақ­стандық өрендер жалпы саны тоғыз медаль жеңіп алды. Атап айтар болсақ, алты алтын, бір күміс және екі қола медаль олжалады.

Азия чемпионатында алты алтын бұйырды

Финалға шыққан жеті боксшымыздың алтауы қарсыластарынан басым түсіп, Азия чемпионы деген атаққа ие болды. 49 кило­да жұдырықтасқан Мұхаммедсабыр Базарбайұлы финалда үндістандық боксшыдан айласын асырса, 56 килодағы Бейбарыс Жексен мен 64 килодағы Дархан Дүйсебай өзбекстандық боксшыларды жеңіп, алтын жүлдеге қол жеткізді.

Сондай-ақ 52 килодағы Сабырхан Мах­мұд тайландтық спортшыны жеңсе, 91 кило­дағы Тоғамбай Сағындық өзбекстандық қарсыласын ұтты. Аса ауыр салмақтағы Сабырғали Аманат Оңтүстік Корея боксшысынан өз мықтылығын дәлелдеді. Өкінішке қарай 75 килодағы Азамат Бектас финалда жеңіліп, күміс жүлдеге иелік етсе, Марғұлан Айдарұлы (69 кг), Ерасыл Жақпеков (81 кг) жартылай финалда өзбек боксшыларына жол беріп, қола жүлдені қанағат тұтты. Жалпы есепте Қазақстан командасы бірінші орын иеленді.