Парламент • 19 Қараша, 2019

Мәжіліске Канада Премьер-министрінің арнайы өкілі келді

365 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бүгін Мәжілісте Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Мұхтар Ерман Канада Премьер-министрінің арнайы өкілі Стефан Дион мырзамен кездесті. Бұл туралы Парламент Мәжілісінің баспасөз қызметі хабарлады.

Мәжіліске Канада Премьер-министрінің арнайы өкілі келді

Әңгіме барысында М.Ерман Қазақстан Канадамен халықаралық аренада белсенді ынтымақтастыққа дайын екендігін жеткізді.

«Біз сіздердің елдеріңіздегі парламенттік сайлау барысын назардан тыс қалдырмадық және жаңа либералды үкіметпен өзара тиімді қатынастарды жалғастыруға ниеттіміз», деді депутат.

Тараптар екі ел арасындағы жан-жақты ынтымақтастықты тереңдетудің кең перспективалары бар екендігін атап өтті. Осы орайда парламентаралық қарым-қатынастардың айрықша рөлі туралы айтылды.

Атап айтқанда, екі елде құрылған парламентаралық ынтымақтастық топтарының әлеуеті зор. Кездесуге, сондай-ақ, Мәжіліс депутаты, «Қазақстан-Канада» парламенттік тобының жетекшісі Серік Сейдуманов және Канаданың Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Николас Бруссо қатысты.