Спорт • 20 Қараша, 2019

АСА жұлдыздары Алатау баурайында айқасады

414 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Жекпе-жек десе делебесі қозып, қаны қыз-қыз қайнайтын қазақ жанкүйерлерінің айызы қанатын күн жақын. Атап айтсақ, 29 қарашада Алатаудың етегін жайлаған әсем шаһардағы «Алматы Арена» деп аталатын зәулім спорт кешенінде АСА 102 турнирі өтеді. Штаб-пәтері Чешенстанның астанасы Грозныйда орналасқан айтулы ұйым және қазақстандық «Алаш Прайд» компаниясының мұрындық болуымен өтетін дүбірлі додада әлемнің бірқатар мемлекетінен келген белді спортшылар бақ сынайды.

АСА жұлдыздары Алатау баурайында айқасады

Беделі күн санап артып, мил­лион­даған көрермен тағатсыздана күтетін АСА (Absolute Championship Akh­mat) турнирінің бұған дейін де Қа­зақ­станда бір мәрте жалауы желбіреген. Естеріңізде болар, 2017 жылдың қыр­күйек айында ол Алматыда дүркіреп тұрып өтті. Өкінішке қарай, сол кеш­тің басты жекпе-жектерінің бірінде қа­зақтың қайсар ұлы Арман Оспанов Бра­зилияның беткеұстары Тьяго Луис Бонифасио Силвадаға есе жіберді. Бірақ осыдан екі жыл бұрын ұйым­дас­тырылған шарамен салыстырғанда, қазіргі жарыстың мәні де, маңызы да зор. Өйткені алдағы турнирде АСА нұсқасы бойынша қос бірдей алтын белбеу сарапқа салынады.

Жартылай орта салмақтың (77,1 кило) алтын белбеуі үшін Кабардино-Балкарияның өкілі Альберт Түменов (21-4-0) пен Чешенстанның өрені Беслан Ушуков (17-3-0) айқасады. Ал орта салмақ дәрежесіндегі (83,9 кило) чемпиондық тәж үшін тартыс Ичкерияның тағы бір саңлағы Саламу Абдурахманов (12-1-0) пен Мәскеудің мықтысы Валерий Мясников (14-1-2) арасында өтеді.

– АСА-ның құрылғанына аса көп уақыт бола қойған жоқ. Десек те қысқа ғана мерзім аралығында олар зор бедел жиып үлгерді. Бүгінгі таңда айтулы ұйым ТМД аумағында теңдессіз деп танылып, күллі әлем бойынша үздік бестіктің санатында. Себебі АСА жиі-жиі жарыстар өткізеді, әр шараны аса жоғары деңгейде ұйымдастырады, қатарына кіл мықты спортшыларды жиған, бапкерлері білікті, төрешілері сауатты және де берілетін сыйақылары да қомақты. Қазіргі кезде бұл компоненттер де спорттық сайыстардың беделін арттыру үшін аса маңызды. Сол себепті біздер АСА-мен тығыз қарым-қатынас орнатуды о бастан көздедік. Нәтижесін өздеріңіз көріп отырсыздар. Іргетасы Алматыда қаланған «Алаш Прайдтың» айтулы ұйыммен қоян-қолтық араласып, жүйелі түрде жұмыс жүргізіп келе жатқанына бес жылдан аса уақыт болды. Бүгінгі таңда АСА-ның мұрындық болуымен өткен жарыстарға Қазақстанның спортшылары үздіксіз қатысып келеді. Соның арқасында кейбір өрендеріміздің даңқы біраз жерге жайылды. Ара-тұра біздің елде де дүбірлі додалар өтіп тұрады. Алдағы уақытта да сол іскерлік байланысты үзбей, одан әрі дамытуға тиіспіз. Ал біздің көздеген негізгі мақсатымыз – осы спорт түрін серік еткен қазақ жас­тарын халықаралық аренаға көптеп шығарып, олардың әдемдік деңгейдегі додаларда танылуына барынша үлес қосу.

Алматыда өтетін жарыста жоғарыда айтылған титулдық қос бәсекеден бөлек, тағы 14 жекпе-жек өткізу жоспарланып отыр. Араларындағы ең маңыздыларына тоқталсақ, тәжірибелі Ермек Тлауов (70,3 кило) әйгілі Венер Галиевпен күш сынасады. Жауынгерлік самбодан әлемнің екі дүркін чемпионы деген дардай атағы бар Башқұртстанның тумасы ережесіз жекпе-жек өнерінде де толағай табыстарға қол жеткізді. Галиевтің барлық жетістіктерін тізбектемей-ақ, кезінде оның Александр Шлеменко мен Майрбек Тайсумов сынды атақтарынан ат үркетін саңлақтарға сан соқтырғанын айтсақ та жеткілікті.

«Метис» деген лақап атпен танымал Евгений Егембердиев (93 кило) Испанияның алыбы Даниэл Толедомен жұдырықтасса, қазақ күресінің қыр-сырына қаныққан Нұрсұлтан Қасымханов (66 кило) Бразилияның джу-джитсу шебері Аугусто Мендеспен айқасады. Сол секілді Шахмарал Жетпісов (+93 кило), Гоити Дазаев (77,1 кило), Фанил Рафиков (66 кило) және тағы басқа жерлестеріміз шет мемлекеттерден келген сақа спортшылармен сайысқа түседі. Не керек, алдағы 29 қарашада Алматы төрінде тағы бір дулы дода әлем назарын өзіне жалт қаратайын деп тұр.

 

АЛМАТЫ