Облыс әкімі Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауын жүзеге асыру аясында аталған аймақтағы басты жетістіктерге тоқталып, осы жылдың кейінгі 10 айын қорытындылады.
– Жалпы, өткен 10 айда экономиканың барлық саласында өсім бар. Әсіресе инвестиция тартудағы жетістіктерді атап өтуге болады. Облыста өткен «Жетісу ИНВЕСТ – 2019: «Қаржы құй. Өмір сүр. Саяхатта» атты Халықаралық инвестициялық форум нəтижесінде жалпы құны 860 млн долларды құрайтын 13 меморандумға қол қойылды. Оған қоса форумнан кейін «KUSTO GROUP» компаниялар тобының жобалары дайындала бастады. Қазір олар облыстың басым бағыттарының бірі болып белгіленген кешенді экожүйе мен протеиндік стратегия тұжырымдамасы негізінде жұмыс істеуде, – деді Амандық Баталов.
Өңір басшысының айтуынша, «KUSTO GROUP» экожүйесінің тағы бір межесі – бордақылау алаңдарын салу болмақ. Облыста бір мезгілде 100 мың бас ірі қараны бордақылай алатын 10 мал бордақылау алаңын ашу жоспарланған.
Облыс басшысы республикадағы 19 трансұлттық компанияның тоғызы облысқа тартылғанын тілге тиек етті. Соның ішінде, өткен жылы «WILO» атты неміс компаниясының сорғы құралдарын өндіру зауыты мен қазақстандық ұннан экспортқа бағытталған азық-түліктің 30 түрін өндіретін «Маревен Фуд» зауыты іске қосылды. Қыркүйекте қуаты 100 мың тонналық ресейлік «Лукойл» компаниясының майлау материалдарын шығаратын зауыты іске қосылды. 36 млрд теңге инвестиция тартылып, 225 жұмыс орны ашылды.
Спикер өз баяндамасында агроөнеркәсіптік кешеннің аймақты дамытудағы рөліне де тоқталды. Мәселен, еңбек өнімділігі биыл өткен жылмен салыстырғанда 4% өсіммен 2 млн 150 мың теңгеге, ал өңделген өнім экспортының көлемі 5,5% өсіммен 85 млн долларға жетеді деп жоспарлануда. Облыстың ауыл шаруашылығы өнімінің үлесі 17%-ды құрап, республика аумағы бойынша бірінші орынға тұрақтады. Ауыл шаруашылығы дақылдарының егістігі 7 мың гектарға кеңейтіліп, 961 мың гектардан асты. Оның 465 мың гектары – суармалы жер. Қант қызылшасының алқабы 14 мың гектарға, жүгері 82 мың гектарға жеткізілді.
Облыста мал шаруашылығы да өркендеп келеді. Жыл өткен сайын шағын және орта бизнес нысандарының саны артуда. Бүгінде шағын және орта бизнесте 252 мың адам жұмыс істейді. Олар шығаратын өнімдер мен көрсететін қызметтер көлемі биыл 1,4 трлн-ға жетеді деп күтілуде.
Облыс басшысы аймақтың басым бағыттарының бірі – туризмді дамыту ісіне де айрықша тоқталды.
– Жетісу аумағында туристік тұрғыда қызығушылық тудыратын 162 орын бар. Оларға биыл екі миллионнан астам турист келді. Біздің «Инфрақұрылым-Инвестициялар-Маркетинг» атты табыс формуламыз соңғы бес жылда туристер легі өсімін 2,5 есеге, ақылы қызметтер көлемін 3,5 есеге, орналастыру нысандарын 1,5 есеге өсіруді қамтамасыз етті.
40 млрд теңге көлемінде жеке инвестиция тартылды, – деді Амандық Баталов.
Нәтижесінде, алдағы алты жылда Жетісу өңіріне табан тірейтін туристер саны 4 млн-ға жетеді деген болжам бар. Жоспарланған инвестиция көлемі шамамен 1 млрд долларды құрап, өз кезегінде 22 мың жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді.
Облыста тұрмысы төмен және көп балалы отбасыларды қолдауға көп көңіл бөлінуде. Осы мақсатта Әлеуметтік карта әзірленіп, оны іске асыруға жергілікті бюджеттен 3,4 млрд теңге бөлінді. Аз қамтылған отбасыдан шыққан 58 мың бала Әлеуметтік карта шеңберінде балабақшалар мен мектептерде тегін ыстық тамақпен қамтылды. Талдықорған қаласында 42 мың оқушы мен студентке және үш қалада 8 мың көп балалы анаға тегін жол жүру құқығы берілген. Аз қамтылған отбасынан шыққан балаларға жоғары оқу орындарына түсу үшін 100 грант бөлінді. 2277 отбасы газға тегін қосылды.
Тұрғын үй мәселесі де шешімін табуда. Жыл басынан бері 743 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, жылдық жоспар 95%-ға орындалды. Бүгінде тұрғын үй алу кезегінде 51 мың адам тұр. Оның 6039-ы – көп балалы отбасылар. Осы жылы 1447 көп балалы отбасын тұрғын үймен қамту жоспарланып отыр. Олардың 1093-іне баспана берілді.
Баяндама соңында облыс әкімі аймақтағы инфрақұрылым, балаларды мектепке дейінгі біліммен қамту, медициналық көмектің сапасы мен оның қолжетімділігін арттыру, міндетті медициналық сақтандыру мәселелеріне тоқталып, БАҚ өкілдерінің сауалдарына жауап берді.