Суреттің астына адамдардың аты-жөні төте жазумен жазылып, кімнің қандай міндет атқаратыны жайлы да (газеттегі адам аттары түпнұсқадан өзгеріссіз алынды) ақпар беріліпті:
- Редактор Тоғжанұлы Ғаббас.
- Редактордың әдеби жәрдемшісі Дулатұлы Міржақып.
- Басқарма хатшысы Бегалыұлы Ғани.
- Партия жұмысы бөлімін басқарушы Айсарыұлы Әбдірахман.
- «Еңбекші қазақтың» оқшау сөз жазушы Майлыұлы Бейімбет.
- Ел хаттарын басқарушы Сегізбайұлы Аманғали.
- Кеңес құрылысы бөлімін басқарушы Ахметұлы Ілияс.
- Шаруа бөлімін басқарушы Ешмұқаметұлы Мерғали.
- Телеграм хабарларын басқарушы Жүсіпұлы Сапа.
- Ретушер Дәулетбайұлы Мәжит.
- Әдеби бұйраның хатшысы Ағайдарұлы Абдулла.
- Зерттеу бұйрасының хатшысы Елшібекұлы Ахмет.
- Түнгі редактор Илаұлы Әбіл.
- Басқарма қызметкері Қожахметұлы Шияп.
Жоғарыда берілген адамдардың аты-жөн тізімі олардың лауазымдық міндетіне қарай жазылғаны байқалады. Кейін зерттеуші Тілекқабыл Боранғалиұлы мұндағы адамдарды отырған ретіне қарай (солдан оңға) анықтап шығыпты:
Бірінші қатарда: Аманғали Сегізбаев, Абдолда Ағайдаров, Ахметсафа Юсупов.
Екінші қатарда: Ғали Бегалиев, Әбдірахман Айсарин, Ғаббас Тоғжанов (редактор), Міржақып Дулатов, Бейімбет Майлин, Ілияс Ахметов.
Үшінші қатарда: Мәжит Дәулетбаев, Ахмет Елшібеков, Мерғали Ешмұхамбетов, Әбіл Ілиясов, Шияп Қожахметов.
Осындағы тұлғалардың өмір-тарихы жайлы аз-кем толғар болсақ, журналистік жолын 1920 жылы «Ұшқын» газетінде редакция алқасының мүшесі болып бастаған Ахметсафа Жүсіпұлы (Юсупов) 1931 жылы аталса, редактор Ғ.Тоғжанов, М.Дулатов, Б.Майлин, Ә.Айсарин, І.Ахметов, М.Дәулетбаев бастаған қаламгерлер 1937-1938 жылғы қанды қасаптың құрбаны болыпты. Тірі қалған Аманғали Сегізбаев сияқты бірлі-жарым азаматтар соғыстан қайтпаған көрінеді.