Қоғам • 22 Қараша, 2019

Терминге сауаттылық керек

289 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Бүгін Нұр-Сұлтан қаласында Мəдениет жəне спорт министрлігі Тіл саясаты комитетінің тапсырмасымен Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы «Заң терминологиясын жетілдіру мəселелері» атты республикалық əдістемелік семинар өткізді.

Терминге сауаттылық керек

Əдістемелік семинардың, аты айтып тұрғандай, өзекті екені белгілі. Заңнамалық құжаттардың қоғам сұранысына сəйкес мемлекеттік тілде сауатты жазылуы, заң терминдерін жүйелеу, заңнамалық құжаттарды қазақ тілінің жазу нормаларына сəйкес келтіру бойынша қордаланған проблемалар талқыланып, оны шешудің жолдары ұсынылды.

Заңнамалық құжаттардың қоғам сұранысына сəйкес мемлекеттік тілде сауатты даярлану мəселелерін талқылап, оны шешу жолдарын беруді көздейтін əдістемелік семинарда заңнама тілінің аударма тіл деңгейінен аса алмау себептері мен одан шығатын салдар баса көрсетілді.

Заң нормаларын, қағидалары мен ережелерін ұлттық тілдің аясында қарастыру мүмкіндігі оқылған баяндамалар мен сөйленген сөздердің басты тақырыбына айналды. Парламент Сенатының депутаты Нұртөре Жүсіп, ғалым-терминолог, профессор Ш.Құрманбайұлы, Бас прокуратураның Өтініштер жəне іс жүргізу басқармасындағы Бас прокурордың аға көмекшісі – Мемлекеттік тілді дамыту тобының жетекшісі Уəли Ернұр заң салаларындағы терминдерді толықтыру жəне оларды біріздендіру мəселелері бойынша құнды пікірлерін ортаға салды.

Мəжіліс депутаты А.Смағұлов заң жобаларының терминологиялық бірізділігін қамтамасыз ету проблемаларына қатысты өз ұсыныстарын білдіре келіп, мемлекеттік органдар дайындаған халықаралық шарттың, заң жобасының мемлекеттік тілде сапалы дайындалуын олардың қызмет тиімділігін бағалау рейтингіне нысаналы индикатор ретінде енгізсе дұрыс болар еді деген ой тастады.

Қазақстан Республикасы Парламенті Мəжілісі Аппаратының Редакциялау жəне аударма бөлімінің меңгерушісі Дəуітəлі Омашұлы нормативтік құқықтық актілер жобаларының орыс тілінде əзірленуі, Парламентке келіп түскенше осы жобалардың орыс тіліндегі мəтіні ғана пысықталып, ал қазақ тіліндегі аударма нұсқасының назардан тыс қалуы, жалпы алғанда ұлттық заңнама тілінің, оның терминологиясының орыс тіліндегі нұсқаға байланып қалуы ұлттық заңнаманың тілі мен терминдеріндегі бірізділіктің сақталмауына себеп болып отырғанын баса көрсетті.

Əдістемелік семинардың мақсаты – заңнамалық құжаттардың қоғам сұранысына сəйкес мемлекеттік тілде сауатты даярлану мəселелерін талқылап, оны шешудің жолдары қарастырылды. Кейбір терминдердің айтылуы мен жазылуы сөз етіліп, сөйлеушілер нақты мысалдарға жүгінді. Айталық, кейбір терминдерді əр кезде əртүрлі жазу, əсіресе, қаламгерлер өздерінің байламдарын алға тартып, терминдерді неше құбылтатыны да тілге тиек болды. Бұл болашақта ұлт сөзінің өзгеруіне əкеп соғуы мүмкін деген де пікірлер айтылды.

Əсіресе, терминологияны зерделеп жүрген ғалымдар аталған əдістемелік семинарда заң нормаларының қағидаларынан ауытқымауды еске салды. Терминологиялық секцияларды құру туралы да ой қозғалды. Заңгерлер сауатты болса, бұл қарапайым халық үшін үлкен қамқорлық екенін де атады. Ең бастысы, орысша заң терминдерін қазақ ұғымына үйлестіру қажеттігін алға тартты.

Сондай-ақ семинарда Орталық атқарушы органдардағы сала мамандарына жəне жергілікті атқарушы органдардың терминология саласына жауапты қызметшілеріне əдістемелік жағынан қолдау көрсету жайы əңгімеге арқау болғанын айта кетелік.

Іс-шараға заң саласының жетекші мамандары, Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанындағы Республикалық терминология комиссиясының мүшелері, Қазақ тілі əліпбиін латын графикасына көшіру жөніндегі Ұлттық комиссия жанындағы Терминологиялық жұмыс тобының мүшелері, Ұлттық аударма бюросы мемлекеттік органдардың қызметкерлері, ұлттық компаниялар мен БАҚ өкілдері қатысты.