01 Шілде, 2013

Үлкен сенім – үлкен істер нәтижесі

322 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

 Кеше Ақордада Мемлекеттік хат­шы Марат Тәжин еліміздің үз­дік журналистеріне Қазақстан Рес­пуб­ликасы Президентінің бұқаралық ақ­парат құралдары саласындағы сый­лықтары мен гранттарын табыс етті, сондай-ақ Алғысын жариялады.

Мемлекеттік хатшы еліміздің бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерін кәсіби ме­рекелерімен – Байланыс және ақпарат қыз­меткерлері күнімен құттықтай келе, тәу­ел­сіздік жылдары отандық ақпарат құрал­дары үлкен жолдан өткенін атап көр­сетті.

«Бұл марапат кәсіби шебер­лі­гімен ерек­шеленген ең таңдаулы журналис­тер­ге беріледі. Баспасөз өкілдерін ынта­лан­дыруға арналған осы шара жылдағы жақсы дәстүрге айналды. Біз еліміздің бұ­қа­ралық ақпарат құралдарының деңгейі биік және мемлекетшіл болуына мүдделіміз. «Халықтың көзі, құлағы һәм тілі» деп Ахмет Бай­тұрсынов айтқандай, баспа­сөз­дің қоғамдағы рөлі зор. БАҚ қа­зіргі жаһандану дәуірінде мемлекеттілікті сақтауға, тәуел­сіздікті нығайтуға, халықты ортақ мақсатқа топтастыруға ықпал етуге тиіс», деді Мем­лекеттік хатшы өз сөзінде.

Сондай-ақ, ол еліміздегі ты­ныштық пен тұрақтылықты сақ­тауда журналист қауымға жүктелер жауапкершілік зор екенін, Қазақ елінің іргесі кеңейіп, мәртебесінің артуына да журналистер үлкен үлес қосқанын атап өтті.

«Өзінің берік орнын тапқан көшбас­шы­лар қалыптасты. Медиакеңістік қарқынды дамуын жалғастыруда. Соңғы уақытта бірнеше республикалық телеарналар ашыл­ға­нын білесіздер. Отандық интернет-ресурстар саны өте жедел қарқынмен көбейіп келеді. Сондай-ақ, сапалы жаңару міндеті бірінші орынға шықты», деді Марат Тәжин бұл ретте.

Бұл күні Мемлекеттік хатшы қазіргі заманғы медиа саласында болып жатқан өзгерістерге қарамастан, журналистиканың негізгі құндылықтары бұ­рын­ғысынша шынайылық, дәлдік және байыпты ақпарат болуы тиіс екенін де атап өтті. Сондай-ақ, ол журналистерге арналған Президент сыйлығы мен грантының бұдан 16 жыл бұрын тағайындалғанын, жыл өткен сайын бұл байқаудың маңызы мен деңгейінің өсіп келе жатқанын алға тартты. «Биыл үміткерлерге қойылатын талап айтарлықтай арта түсті. Сондықтан, марапатқа бүгін ең лайықты, үздік журналистер мен ұжымдар ие болды деп есептеймін», деді М. Тәжин. Осы орайда биылдан бастап пре­зиденттік награданың беделін және мәнін арттыру мақсатында журналистерге жыл сайын екі сыйлық және екі грант берілетін болса, алғыс төрт шығармашылық ұжымға жария­ланатынын атап көрсеткен жөн.

Сонымен, биылғы жылғы Қа­зақстан Рес­публикасы Пре­зидентінің сыйлықтарымен «Алаш айнасы» газетінің бас редакторы Серікбек Жанболат, «Еуразия» бірінші арна­сы­ның бас директоры Сергей Киселев мара­пат­талды. Қазақстан Республикасы Пре­зидентінің гранттары «Хабар» теле­ар­на­сының ақпараттық бағдарламалар бөлімінің тілшісі Артем Истоминге, «Астана» теле­арнасының арнаулы жобалар бөлімінің про­дюсері Әйгерім Әбілдинаға берілді.

Ал Президент Алғысы «Ақ­тю­бинский вестник» және «Друж­ные ребята» га­зет­терінің шығармашылық ұжымдарына, соны­мен қатар, «Алау» телерадио­компания­сы мен «Tengrinews.kz» ақпараттық пор­та­лының ұжым­дарына жарияланды.

Бұл күнгі салтанатты рәсім аясында марапатқа ие БАҚ өкілдері де сөз алып, өздеріне көрсетілген құрмет үшін ал­ғыс­тарын білдірді. Мәселен, «Алаш айнасы газетінің бас редакторы Серікбек Жанболат Мем­лекет басшысының елдің бәсе­кеге қабілеттілігін арттыру жөніндегі саясаты қазіргі биік талап­тарға сай болуға тиісті отан­дық бұқаралық ақпарат құралдары қызметіне де қатысты екенін атап өтті. «Мем­лекет басшысына осындай жоғары наг­рада үшін алғысымды білдіремін. Бұл біз­дің ұжымның ғана еңбегі емес, еліміздің тәуел­сіздігін және оның өсіп-өркендеуін нығайтуға бағытталған барша қазақ журналистикасына көрсетілген құрмет деп санаймын», деді С. Жанболат.

Ал «Алау» телерадио­ком­паниясының директоры Зульфия Арефьева көрсетілген құрмет үшін алғысын айта келе, қазіргі уақытта отандық, оның ішінде өңірлік журналистиканы дамытуға барлық жағдай жасалып отырғанына, журналистиканың басты мақсаты барша қазақстандықтарды еліміз­дің дамуына қызмет етуге шақыру болып табылатынына тоқталды. Балалардың республикалық «Дружные ребята» газетінің бас редакторы Әлімжан Акбаров өзі басқарып отырған басылымның шыға бастағанына 80 жыл толатынын тілге тиек ете келе, бүгінгі күні «Балдырған», «Ақ желкен», «Ұлан» және «Дружные ребята» тәрізді байырғы балалар басылымдарын тек сақтап қана қоймай , сонымен бірге, одан әрі дамытуға мүмкіндік туғанын жеткізді.

Кездесу соңында Марат Тә­жин БАҚ өкілдеріне қызметте шы­ғармашылық табыс тілеп, лауреаттар мен грант иегерлері Мем­лекет басшысының зор сенімін ақтайты­нына сенім білдірді.

Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан».