Кеше Ақордада Мемлекеттік хатшы Марат Тәжин еліміздің үздік журналистеріне Қазақстан Республикасы Президентінің бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы сыйлықтары мен гранттарын табыс етті, сондай-ақ Алғысын жариялады.
Мемлекеттік хатшы еліміздің бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерін кәсіби мерекелерімен – Байланыс және ақпарат қызметкерлері күнімен құттықтай келе, тәуелсіздік жылдары отандық ақпарат құралдары үлкен жолдан өткенін атап көрсетті.
«Бұл марапат кәсіби шеберлігімен ерекшеленген ең таңдаулы журналистерге беріледі. Баспасөз өкілдерін ынталандыруға арналған осы шара жылдағы жақсы дәстүрге айналды. Біз еліміздің бұқаралық ақпарат құралдарының деңгейі биік және мемлекетшіл болуына мүдделіміз. «Халықтың көзі, құлағы һәм тілі» деп Ахмет Байтұрсынов айтқандай, баспасөздің қоғамдағы рөлі зор. БАҚ қазіргі жаһандану дәуірінде мемлекеттілікті сақтауға, тәуелсіздікті нығайтуға, халықты ортақ мақсатқа топтастыруға ықпал етуге тиіс», деді Мемлекеттік хатшы өз сөзінде.
Сондай-ақ, ол еліміздегі тыныштық пен тұрақтылықты сақтауда журналист қауымға жүктелер жауапкершілік зор екенін, Қазақ елінің іргесі кеңейіп, мәртебесінің артуына да журналистер үлкен үлес қосқанын атап өтті.
«Өзінің берік орнын тапқан көшбасшылар қалыптасты. Медиакеңістік қарқынды дамуын жалғастыруда. Соңғы уақытта бірнеше республикалық телеарналар ашылғанын білесіздер. Отандық интернет-ресурстар саны өте жедел қарқынмен көбейіп келеді. Сондай-ақ, сапалы жаңару міндеті бірінші орынға шықты», деді Марат Тәжин бұл ретте.
Бұл күні Мемлекеттік хатшы қазіргі заманғы медиа саласында болып жатқан өзгерістерге қарамастан, журналистиканың негізгі құндылықтары бұрынғысынша шынайылық, дәлдік және байыпты ақпарат болуы тиіс екенін де атап өтті. Сондай-ақ, ол журналистерге арналған Президент сыйлығы мен грантының бұдан 16 жыл бұрын тағайындалғанын, жыл өткен сайын бұл байқаудың маңызы мен деңгейінің өсіп келе жатқанын алға тартты. «Биыл үміткерлерге қойылатын талап айтарлықтай арта түсті. Сондықтан, марапатқа бүгін ең лайықты, үздік журналистер мен ұжымдар ие болды деп есептеймін», деді М. Тәжин. Осы орайда биылдан бастап президенттік награданың беделін және мәнін арттыру мақсатында журналистерге жыл сайын екі сыйлық және екі грант берілетін болса, алғыс төрт шығармашылық ұжымға жарияланатынын атап көрсеткен жөн.
Сонымен, биылғы жылғы Қазақстан Республикасы Президентінің сыйлықтарымен «Алаш айнасы» газетінің бас редакторы Серікбек Жанболат, «Еуразия» бірінші арнасының бас директоры Сергей Киселев марапатталды. Қазақстан Республикасы Президентінің гранттары «Хабар» телеарнасының ақпараттық бағдарламалар бөлімінің тілшісі Артем Истоминге, «Астана» телеарнасының арнаулы жобалар бөлімінің продюсері Әйгерім Әбілдинаға берілді.
Ал Президент Алғысы «Ақтюбинский вестник» және «Дружные ребята» газеттерінің шығармашылық ұжымдарына, сонымен қатар, «Алау» телерадиокомпаниясы мен «Tengrinews.kz» ақпараттық порталының ұжымдарына жарияланды.
Бұл күнгі салтанатты рәсім аясында марапатқа ие БАҚ өкілдері де сөз алып, өздеріне көрсетілген құрмет үшін алғыстарын білдірді. Мәселен, «Алаш айнасы газетінің бас редакторы Серікбек Жанболат Мемлекет басшысының елдің бәсекеге қабілеттілігін арттыру жөніндегі саясаты қазіргі биік талаптарға сай болуға тиісті отандық бұқаралық ақпарат құралдары қызметіне де қатысты екенін атап өтті. «Мемлекет басшысына осындай жоғары награда үшін алғысымды білдіремін. Бұл біздің ұжымның ғана еңбегі емес, еліміздің тәуелсіздігін және оның өсіп-өркендеуін нығайтуға бағытталған барша қазақ журналистикасына көрсетілген құрмет деп санаймын», деді С. Жанболат.
Ал «Алау» телерадиокомпаниясының директоры Зульфия Арефьева көрсетілген құрмет үшін алғысын айта келе, қазіргі уақытта отандық, оның ішінде өңірлік журналистиканы дамытуға барлық жағдай жасалып отырғанына, журналистиканың басты мақсаты барша қазақстандықтарды еліміздің дамуына қызмет етуге шақыру болып табылатынына тоқталды. Балалардың республикалық «Дружные ребята» газетінің бас редакторы Әлімжан Акбаров өзі басқарып отырған басылымның шыға бастағанына 80 жыл толатынын тілге тиек ете келе, бүгінгі күні «Балдырған», «Ақ желкен», «Ұлан» және «Дружные ребята» тәрізді байырғы балалар басылымдарын тек сақтап қана қоймай , сонымен бірге, одан әрі дамытуға мүмкіндік туғанын жеткізді.
Кездесу соңында Марат Тәжин БАҚ өкілдеріне қызметте шығармашылық табыс тілеп, лауреаттар мен грант иегерлері Мемлекет басшысының зор сенімін ақтайтынына сенім білдірді.
Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан».