Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы Қайрат Мәми Түркияның Ыстамбұл қаласында өтіп жатқан Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы Парламенттік Ассамблеясының 22-ші сессиясына қатысты.
Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы Қайрат Мәми Түркияның Ыстамбұл қаласында өтіп жатқан Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы Парламенттік Ассамблеясының 22-ші сессиясына қатысты.
Бес күнге жоспарланған кезекті сессия өткен сенбіде басталған болатын. Оған әлемнің 60-қа жуық елінен делегация қатысуда. Сессияда негізінен Еуразия және Еуро-Атлантика кеңістігіндегі қауіпсіздік, адам құқықтары мен дамудың көкейкесті мәселелері талқыланды.
Сессия салтанатты түрде ашылмас бұрын сол күні Тұрақты комиссияның отырысы болып өтті. Онда ұйымның келер жылға жоспарланған бюджеті бекітіліп, сессияда қаралатын негізгі мәселелер тізімі талқыланды. Онда сөз сөйлеген Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы Парламенттік Ассамблеясының Бас хатшысы Спенсер Оливер аталған ұйым беделінің артып келе жатқандығын атап көрсетті.
«Бұл жиын әлемнің түкпір-түкпірінен жүздеген парламентарийлердің басын қосып отыр.
Біз экономикалық дағдарыс, түрлі қақтығыстарға қатысты маңызды мәселелерді шешуде пікірталас негізінде шешімін табуға ықпал етеміз», дей келе, Бас хатшы шараны жоғары деңгейде ұйымдастырғаны үшін Түркия Парламентіне алғысын білдірді.
Биылғы, яғни 22-ші сессияның басты тақырыбы –Хельсинки қорытынды актісінің 2015 жылғы 40 жылдық мерейтойына орай ЕҚЫҰ-ны нығайту мақсаттарына қол жеткізуді көздейтін «Хельсинки +40» бастамасы болатын. Осы тақырыпта пленарлық сессияда баяндама жасаған Қазақстан Парламенті Сенатының Төрағасы Қ.Мәми өз сөзінде 40 жылға жуық уақыт өткеннен кейін де Хельсинки қорытынды актісінің маңызы жойылмағанын және әлемдік әрі аймақтық саясаттың дамуына оң әсерін тигізіп келе жатқанын атап өтті.
Қазақстанның пікірінше, ЕҚЫҰ Саммитінің Астана декларациясындағы Еуро-Атлантикалық және Еуразиялық қоғамдастықтың бірыңғай және бөлінбес қауіпсіздігін қалыптастыру жөніндегі жұмыстарды іске асыру «Хельсинки +40-тың» басты тұғырына айналуы тиіс.
Қ.Мәми түрлі аймақтық ұйымдардың Еуразия кеңістігіндегі қауіпсіздік мәселелерін ынтымақпен және келісіп шеше алатын тұғырнама құру туралы Қазақстан Президентінің бастамасына баса назар аударды.
Ауғанстан аумағынан тарайтын трансұлттық қауіптер, сыбайлас жемқорлықпен күрес, көші-қонды басқару, көлік саласы, су ресурстарын тиімді пайдалану және қоршаған ортаның қауіпсіздігі ЕҚЫҰ-ның ерекше назарында бола беруі тиіс, деп атап өтті Төраға. Қ.Мәми, сондай-ақ, ЕҚЫҰ-ның екінші өлшемі тұрғысында Еуропа, Азия және Тынық мұхиты елдерінің арасындағы ынтымақтастықты мақсат ететін Қазақстанның бастамасымен дүниеге келген «Жасыл көпір» әріптестік бағдарламасына тоқталды.
Сенат Төрағасы одан әрі сайлауды байқаушылар миссияларының шынайылығын қамтамасыз ететін бірыңғай үлгі-қалыптар мен әдістемелерін әзірлеу қажеттігі туралы да пікір білдірді.
Сөзін қорытындылай келіп, Қ.Мәми ЕҚЫҰ кеңістігіндегі қауіпсіздіктің негізгі қатері аймақ мемлекеттері арасындағы сенім дағдарысы екенін атап өтті. Саяси ерік-жігер мен сенімді нығайту ортақ миссия болуы тиіс, деді Төраға.
Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы Парламенттік Ассамблеясының Ыстамбұлдағы сессиясы аясында Қазақстан Парламенті Сенатының Төрағасы Түркияның Ұлы Ұлттық Мәжілісінің Төрағасы Жемил Чечекпен, Черногория Скупщинасының Төрағасы Ранко Кривокапичмен және ЕҚЫҰ ПА-ның Орталық Азия бойынша Арнаулы өкілі және Франция Ұлттық Жиналысының депутаты Тьерри Марианимен екіжақты кездесулер өткізді. Кездесулер барысында парламентаралық ынтымақтастық, оның ішінде ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясы аясындағы өзара іс-қимыл мәселелері талқыланды.
3 шілдеге дейін жалғасатын ЕҚЫҰ ПА-ның Ыстамбұл сессиясындағы жұмыстарына қазақстандық парламентшілер қатысып жатыр. Делегация құрамында сенаторлар Икрам Адырбеков, Рашит Ахметов, Әділ Ахметов, сондай-ақ, Мәжіліс депутаттары Мәулен Әшімбаев, Қуаныш Сұлтанов және Светлана Бычкова бар.
Естеріңізге сала кетсек, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы Парламенттік Ассамблеясының былтырғы 21-ші сессиясы Монакода өткен болатын. Ал келесі жылы Әзербайжан астанасы – Бакуда өткізіледі деп жоспарлануда. Ал одан әрі 2015 жылы Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымын нығайтуға сеп болған тарихи құжат – Хельсинки конвенциясының 40 жылдығына орай Хельсинки қаласында қорытынды жиын өтпек. Бұл ЕҚЫҰ-ның деңгейіндегі айтулы шара болмақ. Биылғы сессияның басты тақырыбы «Хельсинки +40» болуының маңызы да осында. Соған орай, 22-ші сессия ұйым үшін барынша маңызды халықаралық мәселелерді талқылап, бірқатар қарар қабылдады.
Динара БІТІКОВА,
«Егемен Қазақстан».
АСТАНА–ЫСТАМБҰЛ–АСТАНА.