25 Қараша, 2019

Үржардағы үлгілі шара

657 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Көпке үлгі боларлық қайырымдылық акциясын облыс бойынша алғашқылардың бірі болып ауданымызда 2-інші мәрте өткіздік.

Үржардағы үлгілі шара

 

Жақында Үржар ауданында «Жан жылуы - жанұяға» атты акция өтті.  

үр

Барқытбел баурайындағы баспанасы жоқ немесе пәтер жалдап тұрып жатқан жандардың үйлі болуына үлес қосу мақсатында ұйымдастырылған шараға аудан басшылығынан бастап, қарапайым тұрғындарға дейін белсене қатысты.

үр 1

«Дана халқымыздың «Қайырымдылық жасасаң, қайырын өзің көресің» деген қанатты сөзі бар. Қайырымдылық жасау, жабырқағанның жанынан табылу, шарасызға көмек қолын созу – халқымыздың қанына біткен асыл қасиеттерінің бірі. Бүгін «Әр қазақ менің жалғызым» деп жүрегі соғатын жандардың қайырымдылық мерекесі. Қазіргі уақытта елімізде Елбасы мен Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тиісті тапсырмаларына сәйкес көп балалы және әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларды қолдау шаралары кешенді түрде жүзеге асырылып жатқан белгілі. Біздің аудан жұртшылығы бұған дейін де «Жан жылуы - жанұяға» акциясын кең көлемде өткізіп, акция нәтижесі бойынша ауданымыздың 28 отбасын және облыстық «Парыз» қоры арқылы 20 отбасын, жергілікті бюджет арқылы қосымша 2 отбасын, барлығы 50 отбасын баспанамен қамтамасыз еткен болатынбыз. Облыс әкімі Даниал Ахметовтың басшылығымен әлеуметтік жағынан аз қамтылған көп балалы отбасыларын қолдау мақсатында кешенді іс-шаралар жоспары қолға алынды. Атап айтсақ, көп балалы отбасылардың балалары балабақшаға тегін барып, мектепте тегін ыстық тамақ ішіп, мектеп формасын тегін алып, облысымыздағы арнаулы кәсіптік білім беретін оқу орындарында тегін оқу үшін тиісті қаржы бөлінді. Көпке үлгі боларлық қайырмдылық акциясын облыс бойынша алғашқылардың бірі болып ауданымызда 2-інші мәрте өткіздік. Бұл бастама әлі де өз жалғасын тауып, еліміздің түкпір-түкпірінде жемісті еңбек етіп жүрген айтулы жерлестеріміз тарапынан қолдау таба беретіндігіне кәміл сенеміз. Бүгінгі игі іске қатысып, мүмкіндігінше көмек қолдарын созып, жүрек жылуларын арнаған барша азаматтарға, жерлестерімізге ерекше ризашылығымды білдіремін» деді акцияның ашылуында сөз алған аудан әкімі Серік Зайнулдин.

 зай

Шара барысында 2019 жылдың 27 наурызы күні өткен «Жан жылуы - жанұяға» акциясының қорытындысы бойынша әзірленген фильм көрсетілді.

үр 2

үр 3

«Акция аясында аудан әкімі бастап, орынбасарлары, әкім аппараты, бөлім басшылары қостап шараға өз үлестерін қосты. Аудандық орталық мешіттің бас имамы Нұрзат қажы Қасымұлы, «Асыл мұра» әжелер ансамблінің мүшесі Бағи Қаспақбаева сөз сөйлеп, көпшілікті мейірімділікке, жақсылық жасауға шақырды. Сонымен қатар Қабанбай Мәдениет үйінің меңгерушісі, ақын Айжарық Абылқасымов арнау оқыды. Облыстық, аудандық мәслихат депутаттары мен 27 ауылдық округ әкімдері акцияға қолдау білдірді. Бұл ретте Қаратал, Қарабұта, Мақаншы, Қарабұлақ ауылдарын ерекше атап өтуге болады» дейді аудан әкімінің баспасөз хатшысы Нұрсұлтан Есембаев. Оның айтуынша, бұл шара аудандағы 39 көп балалы отбасына қолдау көрсетіп, баспанамен қамтамасыз ету жұмыстарын одан әрі жалғастыру мақсатында ұйымдастырылыпты.

үр 4

үр 5

Шара соңында акция қорытындысын аудан әкімінің орынбасары Біржан Тұрлыбеков жария етіп, «Үржар-қамқор» қорына 1 миллион, 600 мың теңгеден астам, қайырымдылық жәшігіне 13 миллионға жуық қаржы салынғанын айтып, жиналған қаражат көп балалы отбасыларды баспанамен қамтамасыз етуге жұмсалатынын жеткізді.

үр 6

Аудандық Әлеуметтік бағдарламалар және жұмыспен қамту бөлімінің мәліметтеріне сүйенсек, Үржарда ұзын саны 3060 көп балалы ана тіркелген екен. Оның ішінде 1169 отбасы 18 жасқа дейінгі балаларды тәрбиелеп отыр.

Шығыс Қазақстан облысы,

Үржар ауданы