Спорт • 25 Қараша, 2019

Кәсіпқой бокс: Бейсенбінің бағы жанды

955 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

АҚШ-тың Калифорния штатындағы Индио қаласында кәсіпқой бокстан дүбірлі жарыс өтті.

Кәсіпқой бокс: Бейсенбінің бағы жанды

Осы бокс кешінде Қытайда туып-өскен 25 жастағы қандасымыз Бейсенбі Насиоллаұлы да өнер көрсетті. Осыған дейін 20 мәрте рингке шыққан ол 16 бәсекені өз пайдасына шешкен еді. Алты жекпе-жекті нокаутпен аяқтады. Үш рет ұтылып, тағы бір кездесуде тең есеп тіркелді. 

Бұл жолы бірінші орта салмақтағы қазақ боксшысының жолы мексикалық Сауль Корральмен (31-15, 20 КО) қиысты. Сегіз раундтық сайыста Бейсенбі Насиоллаұлы ұпай санымен жеңіске жетті. 

Ал Индиодағы жарыстың басты жекпе-жегінде никарагуалық Рене Альварадо (32-8, 21 КО) америкалық Эндрю Канчионы (21-5-2, 16 КО) техникалық нокаутпен ұтып, WBA нұсқасының екінші жартылай жеңіл салмақтағы чемпиондық белбеуін иеленді.