Қоғамда құқық қорғау органдарына деген наразылық аз емес. Оның бәрі неліктен туындайды? Әрине, кемшіліктер көп. Бұған байланысты Мемлекет басшысы да халыққа Жолдауында құқық қорғау органдарының жұмысына қатысты қатаң тапсырмаларды алға тартқаны белгілі. Ендеше, бүгінде құқық қорғау органдары не тындырып жатыр деген сауал көпшілікті мазалайтыны анық. Міне, осы және басқа да жұмыстардың орындалу барысы мен деңгейін білмек оймен Ішкі істер министрі, полиция генерал-лейтенанты Қалмұханбет ҚАСЫМОВҚА жолыққан едік.
Қоғамда құқық қорғау органдарына деген наразылық аз емес. Оның бәрі неліктен туындайды? Әрине, кемшіліктер көп. Бұған байланысты Мемлекет басшысы да халыққа Жолдауында құқық қорғау органдарының жұмысына қатысты қатаң тапсырмаларды алға тартқаны белгілі. Ендеше, бүгінде құқық қорғау органдары не тындырып жатыр деген сауал көпшілікті мазалайтыны анық. Міне, осы және басқа да жұмыстардың орындалу барысы мен деңгейін білмек оймен Ішкі істер министрі, полиция генерал-лейтенанты Қалмұханбет ҚАСЫМОВҚА жолыққан едік.
– Қалмұханбет Нұрмұханбетұлы, бүгінде еліміз дамудың жаңа кезеңіне аяқ басты. Соған байланысты талап та күшейді. Себебі, алға қойған міндеттердің басым бөлігін ендігі жерде ескіше шешу еш мүмкін емес. Осы бір жағдайдан жол тауып шығу мақсатында министрлік қандай шараларды қолға алуда?
– Елбасының мемлекеттік қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмаларын іске асыру шеңберінде Ішкі істер министрлігінің алдында тұрған міндеттерді шешу шарттарының бірі ретінде, біз қазақстандық полицияның құқық қорғау қызметін одан әрі жетілдіру қажеттігін қарастырып отырмыз. Осы ретте халықаралық стандарттарға сәйкестендірілген және азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын тиімді қамтамасыз етуге бағытталған жаңа құқық қорғау жүйесін құру ісі де бар. Қылмыстық істердің, сонымен қатар, әкімшілік құқық бұзушылықтардың шамамен 90 пайызын тергеумен полиция қызметкерлері айналысады. Азаматтардың көп бөлігі автокөлік, рұқсат және көші-қон құжаттарын рәсімдеу кезінде, сондай-ақ бірқатар өзге мәселелер жөнінде полициямен жиі қарым-қатынас орнатады. Сондықтан біз негізге алып отырған жұмыстардың мақсаты – барынша ашықтықты қамтамасыз ету, ізгілікті тірек тұту, кәсіби деңгейімізді жоғарылата отырып, қызметтің тиімділігін арттыру.
– Ел Президентінің Ішкі істер министрлігінің алдына қойған маңызды міндеттерінің бірі республика аумағындағы қылмыс жөнінде шынайы статистикаға қол жеткізу болатын. Бұл бағытта қандай жұмыстар атқарылды?
– Мемлекет басшысының нұсқауларын іске асыру мақсатында біз Бас прокуратурамен бірлесе отырып, қылмыстарды толық және әділетті тіркеуді қамтамасыз ету бойынша қатаң бақылау орнатып, бірқатар жүйелі шаралар қабылдадық. Қазіргі таңда барлық жерде қылмыстар туралы өтініштер мен хабарламаларды электронды тіркеу жүйесі енгізілген. Әрбір қылмыс жөніндегі мәлімет «on-line» режімде прокуратура органдарына жолданып отырады. Жолданған хаттың қабылданғанын растайтын хабарлама қағазы негізінде азаматтар «Call-орталық» және SMS-қызмет көрсетуден өз өтініштерінің қаралуын бақылай алады.
Өзіңіз білетіндей, 2011 жылы Қылмыстық кодекс қылмысты есептен жасырғаны үшін 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру негізінде қылмыстық жауапкершілікке тартуды көздейтін нормамен (ҚК-нің 363-1 б.) толықты. Сонымен қатар, «Құқық қорғау қызметі туралы» Заңға қылмыстарды есепке алуды жасыруға жол бермеу жөнінде шаралар қабылдамағаны үшін басшыларды жұмыстан шығаруды қарастыратын норма (80-б. 12-1-т.) енгізілді.
Бұл шаралардың барлығы да өз нәтижелерін берді. Өткен жылдың өзінде біз статистикаға кірмеген 80 мыңдай қылмысты «тасада қалған жерінен» алып шықтық десе де болады. Ал бұл дегеніңіз, полиция қорғамаған ондаған мың азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының бұзылу көрінісі. Қазіргі күні өтініштерді тіркеу рәсімі анағұрлым ашық әрі оларды қарау жеделдігі арта түсті.
Жалпы алғанда, қылмыстарды тіркеу ісіндегі мемлекеттік амал-тәсілдерді түбегейлі өзгерттік деуге негіз бар. Бұл ел басшылығының саяси шешімінің арқасында ғана мүмкін болған құқықтық саясаттағы маңызды қадам. Біз қылмыстарды тіркеудегі кеңестік тәсілді қажетсіз деп тап тық. Анығы сол, бұл әзірге ТМД елдерінің бірде-біреуі жасай қоймаған елеулі де батыл бастама. Қазір полицияға қылмысты 100 пайыздық міндетті ашу көрсеткіші салмақ салмайтындықтан, біз қылмыстардың статистикалық өсімінен қорықпаймыз. Керісінше олардың толық тіркелуіне қол жеткізе отырып, ондаған жылдар бойына кездесіп келген қылмыстарды жасырып қалу деректерін жоюға күш салып жатырмыз.
– Жүргізіліп отырған реформалар барысында ішкі істер органдары жүйесі қандай өзгерістерді өткерді?
– Ішкі істер органдарын реформалау – тек полиция қызметімен шектеліп қалмай, жалпы қоғамды тегіс қамтитын күрделі де көп векторлы үдеріс. Сондықтан қазір жүргізіліп отырған реформа – 2020 жылға дейінгі кезеңге арналған Құқықтық саясат тұжырымдамасында бекітілген стратегиялық міндеттерді шешудің заңды жалғасы.
Полицияны өзіне тән емес функциялардан босатуға қатысты шаралар негізінде 2010 жылы медициналық айықтырғыштар денсаулық сақтау органдарының, ал кәмелетке толмағандарды уақытша оқшаулау, бейімдеу және оңалту орталықтары білім беру жүйесінің қарауына өтті.
Келесі маңызды бағыт – көлік құралдарын мемлекеттік техникалық байқаудан өткізу секілді полиция қызметін бәсекелес ортаға беру бастамасы. Бұл бір жағынан, қызмет көрсету сапасының жақсаруына септессе, екіншіден, жол полициясын тек жол қауіпсіздігін бақылаумен айналысуға жұмылдырады. Ең маңыздысы – полиция қызметінде сыбайлас жемқорлық фактілері көп тіркелетін бағыттар тізімнен шығарылатын болады. Сондай-ақ, күзет қызметі бағытында қызмет көрсету ісі де бәсекелес ортаға берілді. Дегенмен, күзет қызметін лицензиялау әрі бақылау және мемлекет үшін стратегиялық маңызы бар нысандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету ІІМ-нің қарауында қалды.
Реформа ауқымында барлық есірткі қылмыстарын тергеу полицияға жүктелгенін айта кеткен жөн. Бұл өз кезегінде аталған бағыттағы құқық қорғау органдары қызметтерінің қосарлана әрекет етуін жоюға мүмкіндік берді. Осы ретте, 2011 жылы тұрғындарды құжаттандыру және тіркеу функциясы ІІМ-ге қайтарылғанын да ұмыт қалдыруға болмас. Тіпті ішкі істер органдарының көші-қон саласындағы қызметінің едәуір кеңеюі ведомство жұмысына елеулі толықтырулар енгізуді талап етті. 10 жыл бойына әділет органдарының қарауында болып келген қылмыстық-атқару жүйесі 2011 жылдың тамыз айында ІІМ-ге қайтарылды.
– Осы қылмыстық-атқару жүйесінің Ішкі істер министрлігінің қарауына қайтарылуына орай не айтар едіңіз?
– Бұл шара, әуелі, қылмыстық жағдайды тұрақтандыру және түзеу мекемелерін тиісті тәртіпке келтіру қажеттігінен туындады деп білемін. Соңғы жылдары түзеу мекемелеріндегі жағдай ушығып кетті. Сотталғандардың түзеу мекемелерінен топ болып қаруланған күйде қашу фактілері тіркеліп, сотталғандардың мекеме әкімшілігіне бағынбау және өзге де құқық бұзу жағдайлары жиілеп кетті. Бұл өз кезегінде елде айтарлықтай қоғамдық пікір туғызғаны мәлім.Сондықтан мұны жоғарыдағыдай реттеуге тура келді.
Сондай-ақ, шетелдік тәжірибені және мемлекеттік органдар арасындағы функцияларды бөлудің қалыптасқан жүйесін есепке ала отырып, пробация қызметі құрылды. Ол бас бостандығынан айырмай-ақ жазаны орындау функцияларынан бөлек сотталғандарға кең көлемде әлеуметтік-құқықтық көмек көрсету қызметін жүзеге асырады.
– Дегенмен, еліміздің түзеу мекемелеріндегі қазіргі жағдай халықаралық стандарт талаптарына сәйкес келмейтіндігі белгілі. Осы бір мәселелерді шешу бағытында нендей жоспарларыңыз бар?
– Расы солай. Қазіргі қолданыстағы қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінің басым бөлігі тозған, апаттық жағдайда тұр. Олардың бергісі 40, арғысы 80 жылдан бері пайдаланылып келеді. Сондықтан әзірге түзеу мекемелерін халықаралық стандарт талаптарына сәйкестендіру туралы сөз қозғаудың өзі артық. Ал колониялардың құрылысы шығынды көп талап ететін жұмыс екені белгілі. Сол себепті аталған мәселені мемлекеттік-жекеменшік әріптестік шеңберінде шешу көзделіп отыр. Бұл түзеу мекемелерін жаңартып қана қоймай, өндірісті дамытуға, сотталғандарды еңбекпен қамтуға, сондай-ақ топтық-барактық жай-күйден камералық ұстауға ауысуға мүмкіндік бермек.
– Қазіргі таңда «әмбебап полицей» жобасы көп талқылаулардың тақырыбына арқау болып жүр. Бұл жобаның маңызы неде және алдағы уақытта қандай нәтижелер күтуге болады?
– Өздеріңізге белгілі, жыл бойына Павлодар облысы ІІД мен Тараз қалалық ІІБ-нің базасында патрульдік және жол полициясын біріктіру жолымен «әмбебап полицей» қызметінің қанатқақты жобасы сынақтан өткізілген болатын. Бұл – көшедегі құқықтық тәртіпті қорғауды және жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етуді көздейтін ішкі істер органдары жүйесіндегі жаңа қызмет.
Тәжірибе нәтижелі өтті деуге толық негіз бар. Аталған қызметтерді қосу бір ғана патрульдік бағыттағы жасақтардың қатарласа жүруін жоюға мүмкіндік берді. Осы арқылы олардың көшелерде және өзге қоғамдық орындарда тығыз орналасуының нәтижесінде полиция жасақтарының оқиға орнына уақытында жетуіне, әкімшілік құқық бұзушылықтарды анықтап, жолын кесуге, қылмыстың «ізін суытпай» ашуға, жалпы алғанда тәртіпке оң ықпалын тигізді. Осыған орай ағымдағы жылдың аяғына дейін патрульдік және жол полициясының саптық бөліністерін біріктіру жоспарланып отыр.
– Ішкі әскерлердің қоғамдық тәртіпті сақтауға қосатын қомақты бір үлесі бар ма? Олардың құқық қорғау маңызы артады деп ойлайсыз ба?
– Әлбетте, ішкі әскерлер – біздің негізгі күштік құрылым. Олардың қызметінің құқық қорғау аспектісі күшейе түспек. Колонияларды, стратегиялық нысандарды күзету міндеттерін шешумен қатар, ішкі әскерлердің қылмысқа қарсы күрес және ішкі қақтығыстардың, ең әуелі, қарулы қақтығыстардың, сондай-ақ террорлық актілердің жолын кесудегі рөлі де артпақ.
– Елбасы «Қазақстан-2050» Стратегиясында құқық қорғау органдарының мәселелеріне ерекше басымдық берген болатын. Осынау тарихи құжатты жүзеге асыру ісінде Ішкі істер министрлігі қандай шаралар қабылдады?
– Қазіргі таңда Мемлекет басшысының «Қазақстан-2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауына сәйкес құқық қорғау жүйесін жаңғыртудың 2014-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы дайындалуда. Бағдарламаның мақсаты – барлық құқық қорғау органдары қызметінің формалары мен әдістерін, адам құқығын қорғау кепілдемесін қамтамасыз етуді жетілдіру.
Алғаш рет жұмыстың сандық көрсеткіштерінен бұрын құқық қорғау саласында көрсетілетін қызметтердің сапасы, азаматтарға ықыласпен әрі құрметпен қарау көрсеткіштері алдыңғы қатарға шығып отыр. Осы ретте құқықтық мәдениетті және құқықтық сананы көтеруге бағытталған бірлескен іс-шараларды, құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуде қоғаммен өзара іс-қимыл жасасуды дамыту бастамалары жоспарлануда.
Сондай-ақ, адамның құқығы мен бостандығын қорғау бағытындағы әлемдік стандарттарға жауап беретін тұғыры берік құқық қорғау жүйесі үшін заңнамалық негіз қалайтын Қылмыстық, Қылмыстық-процессуалдық, Қылмыстық-атқару және Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодекстердің жаңа редакциясын әзірлеуді аяқтау жоспарланып отыр.
Алдағы уақытта қылмыстық сот өндірісінің, ең әуелі, сотқа дейінгі өндірістің жаңа моделі енгізілетін болады. Сонымен бірге, қылмыстық процесті жеңілдету, тергеуге дейінгі тексерісті қысқарту, осы ретте тергеушілер, жауап алушы және оперативтік қызметкерлермен қоса, прокурорлар мен соттардың да процессуалдық функцияларын өзгерту қарастырылуда. Бұл өз кезегінде күдіктінің қылмысты жасағандығын мойындап, әрі оған бұлтартпас дәлелдер табылған жағдайда алдын ала тергеу және жауап алу шараларына тоқталмай-ақ, бірден істі соттың қарауына өткізуге мүмкіндік бермек. Мұндай қылмыстық істер 10 күн ішінде сотқа жолданатын болады. Бұрын жауап алу және өзге де тергеу амалдарын жүргізу үшін куәгерлер мен жәбірленушілерді полицияға қайта-қайта шақыруға кететін уақыт пен күшті біз басқа аса ауыр және айқындалмаған қылмыстарды ашуға бағыттайтын боламыз.
– Қазіргі таңда қылмыскерлер де қауқарсыз емес. Сондықтан оларды ұстау амалын заманауи жоғары технологияларсыз елестете алмаймыз. Демек, ішкі істер органдарының қылмыспен күресте ақпараттық және инновациялық технологияларды енгізбей ілгері басуы мүмкін емес қой.
– Әрине, мүмкін емес. Сондықтан жаңа технологияларды игере отырып, оны қызметте тиімді пайдаға жаратудың маңызы зор. Қазіргі таңда барлық облыс орталықтарында Жедел басқару орталығы қызмет атқарады. Біз бұл бағыттағы жұмыстарды 10 жыл бойына үздіксіз жүргіздік. ЖБО тәжірибеде сан мәрте сыналып, өзінің тиімділігін және қоғамдық тәртіпті тәулік бойы күзетудегі барлық күш-құралдарымыздың үйлестірушісі ретінде қажет екендігін дәлелдеді. Ағымдағы жылы осындай орталықтарды шағын қалаларда құру жоспарланып отыр.
Сонымен қатар, ЖБО арқылы полиция жасақтарының, учаскелік бөлімшелер мен ауылдық органдардың қашықтықтан басқару жүйесін ІІМ-нің ақпараттық мәліметтер базасына енгізу жұмыстарын бастауд ы көздеп отырмыз. Дабылдарға жедел ден қою мақсатында азаматтар көп жүретін орындарда бейнебақылау жүйесін, Жол қозғалысы ережелерін бұзу фактілерін тіркеуге арналған фото-бейнефиксациялау жүйесін автоматтандыруды, сондай-ақ ведомстволық мәліметтер базасының ақпараттарын барлық қалалық және аудандық полиция бөліністеріне тарату жүйесін одан әрі жетілдіру де маңызды.
– Жүктелген міндетті тиімді іске асыру – полиция қызметкерлерінің кәсіби әрі дайындық деңгейіне байланысты екені даусыз. Бұл ретте ІІМ қарамағындағы ведомстволық оқу ордаларында не өзгерістер бар?
– Әрине, қазіргі таңда ведомстволық білім беру жүйесі де жетілдірілу үстінде. Біздің ЖОО-лар саны бесеу. Олар – Алматы, Қарағанды, Қостанай академиялары, Ақтөбе заң институты және Ішкі әскерлердің Әскери институты. Аталған оқу орындары жыл сайын шамамен 1200 білікті маман дайындап шығарады.
Бұл ретте олардың кәсіби құрамын жақсартуға маңыз беріп отырмыз. Сондықтан да біз Алматы академиясын криминалдық полиция мен жедел-техникалық бөліністер үшін кадрлар дайындау ісіне мамандандырдық. Осы қатарда Қарағандыда – тергеу және жедел криминалистік бөліністерге, Қостанайдағы академияда – қылмыстық-атқару жүйесі мен әкімшілік полицияға мамандар дайындап шығаруды жолға қойдық.
– Қызметкерлердің заңды белден басуына, азаматтардың құқығын шектеуге және заңға қайшы келетін, оның ішінде сыбайлас жемқорлық әрекеттеріне қарсы қандай шаралар қабылдануда? Аттестаттаудан нендей нәтиже шықты?
– Біздің басты міндетіміз – ішкі істер органдарында заңды әрі өзінің қызметтік міндетін бәрінен жоғары қоятын парасатты азаматтардың жұмыс жасауына қол жеткізу. Осы ретте өткен жылы Мемлекет басшысының құқық қорғау органдары қызметкерлерін кезектен тыс аттестаттаудан өткізу жөніндегі тапсырмасы айрықша маңызды бастама болғаны сөзсіз.
Аттестаттау белгілі бір дәрежеде «кадрлық тазалау» жүргізуге жол ашып, кадрлық масылдықтан құтылуға мүмкіндік берді. Жалпы саны 75,5 мың қызметкердің 4 мыңға жуығы аттестаттаудан өте алмай, ішкі істер органдарының қатарынан шығарылды. Сонымен қатар, біз өңірлік органдардағы кадрлық резервті анықтай отырып, алдағы уақытта лауазымын өсіруге лайықты қызметкерлерді екшеп шығардық. Қазіргі таңда құқық қорғау органдары басшыларының Президенттік резерві жасақталып, оның қатарына ІІМ-ден де үміткерлер қосылып, көтермелеуге ұсынылды.
– «Ішкі істер органдары туралы» жаңа заң жобасына қандай өзгертулер мен толықтырулар енгізілді?
– «Ішкі істер органдары туралы» заң осыдан 18 жыл бұрын қабылданғандықтан жаңа заманның шынайы жағдайларына толық жауап беруге қауқарсыз. Сондықтан Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес біз жаңа заң жобасын әзірледік. Онда ішкі істер органдары жүзеге асыратын функциялар іс жүзінде алғаш қосылып отыр.
Осылайша ІІО-ның міндеттері өзгеріп, адам мен азаматтың өмірін, құқығы мен бостандығын, сонымен бірге, қоғам мен мемлекеттің мүддесін қылмыстық қолсұғушылықтан қорғау міндеті алдыңғы қатарға шықты. Нақты заңдық мазмұны жоқ нормалар алынып тасталды. Қызметкерлердің әлеуметтік мәселелерін шешуге, сондай-ақ олардың жұмысын ынталандыруға бағытталған нормаларға жеке бөлім арналды.
Заң жобасы ІІМ-нің веб-порталына орналастырылып, кең ауқымды қоғамдық талқылауға түсті, осы бағытта бірқатар дөңгелек үстелдер мен конференциялар ұйымдастырылды. Аталған заң жобасын азаматтармен, қоғам өкілдері және сарапшылармен бірлесе талқылау барысында көп көлемде пайдалы әрі маңызды ескертулер мен ұсыныстар енгізуге мүмкіндік туды. Қазіргі таңда заң жобасы Парламент Мәжілісінің қарауында жатыр.
– Сұхбатымызды осы жүргізіліп отырған реформалардың барлығынан түптің түбінде қандай нәтижелер күтуге болады деген маңызды сұрақпен түйіндеген дұрыс болар.
– Өз басым, ішкі істер органдарын одан әрі реформалау бойынша белгіленген және әзірленіп жатқан іс-шаралардың алдағы уақытта тиімді, техникалық тұрғыда жарақтандырылған және халық үшін ашық, азаматтардың, қоғам мен мемлекеттің мүддесін кез келген заңға қайшы қол сұғушылықтардан қорғауға қауқарлы полиция қызметін құруға септесетіндігіне сенімдімін.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Александр ТАСБОЛАТОВ,
«Егемен Қазақстан».