Руханият • 25 Қараша, 2019

Алматыда «Үкілі үміт» қайырымдылық балы өтеді

598 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Алматыда қараша айының 27-сінде «Үкілі үміт» қайырымдылық балы өтеді. Оңтүстік астананың мәдени өміріндегі айтулы шара биыл тұңғыш рет ұйымдастырылып отыр.

Алматыда «Үкілі үміт» қайырымдылық балы өтеді

Жастар жылы мен Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің 75 жылдығы аясындағы кеш қысқы ертегі желісімен өтеді. Кеш дебютанттардың орындауындағы бимен ашылады. Балға Қыздар университетінің студенттері мен ҚР ҰҚК Әскери академиясының курсанттары қатыспақ.

Сондай-ақ шара шеңберінде педагогикалық оқу орнының оқытушылары мен студенттерінің шығармашылық жұмыстары мен ерекше өнер туындылары аукционға қойылып, бағалы жәдігерлер ойнатылады. Балдан және аукционнан түскен қаражат I-топтағы мүгедек Айсұлтан Асылхан есімді жеткіншектің еміне жұмсалады.

Веналық үлгідегі балға саясат пен бизнес өкілдері, шетелдік және отандық жетекші жоғары оқу орындарының басшылары, ғалымдар, мемлекет және қоғам қайраткерлері және мәдениет саласы мен масс-медиа мамандары қатысады деп күтілуде. Сонымен қатар оған қайырымдылық пен меценаттықты өмірінің басты қағидасы ретінде санайтын азаматтар да шақырылып отыр.

– Алматы қаласының қоғамдық және мәдени өміріндегі айтулы шараның басты мақсаты – жастарды бекзат өнерге тарту арқылы оларды жоғары мәдениеттілікке, инабаттылық пен қайырымдылыққа баулу, қоғамда «Алматы – ізгі істер қаласы» түсінігін қалыптастыру және оны нақты іске асыру. Сонымен қатар оңтүстік астананың еліміздің мәдени орталығы ретіндегі имиджін одан әрмен көтеруді көздейтін шара шығармашылық әлеуеті жоғары талантты жастарды анықтауға үлес қоспақ, – дейді Қыздар университетінің Баспасөз қызметінің жетекшісі Жандар Асан.