Үкімет • 26 Қараша, 2019

Қоныс аударушыларға арналған үйлерді аралады

153 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Премьер-Министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев бастаған үкіметтік жұмыс тобы Солтүстік Қазақстан облысына барды. Оның құрамында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов, Білім және ғылым вице-министрі Шолпан Каринова, Денсаулық сақтау вице-министрі Камалжан Надыров, Мәдениет және спорт вице-министрі Елдос Рамазанов, Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Данияр Есин бар.

Қоныс аударушыларға арналған үйлерді аралады

Жұмыс сапары Қызылжар ауданындағы еңбек күші мол өңір­лерден қоныс аудару­шы­ларға арналған тұрғын үйлер­ді аралаудан басталды. Бұл үй­лер өнімді жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамы­ту «Еңбек» мемлекеттік бағ­дар­­ламасы аясында салынуда. Биыл облысқа 688 отбасы қо­ныс аудар­ды. 2060 адамның 1031-і жұмысқа қабілетті жас­та болса, 935-і – жеткіншек, 57-сі – студент, 37-сі – зейнеткер. Облыс­тың әлеуметтік-экономи­калық дамуының кешенді жоспары негізінде 2142 үйдің құрылысы қарастырылған. 428 үй биыл салынды. Екі жатын бөлме, қонақ бөлме және ас үй, барлығы 120 шаршы метрді құрайды.

Бердібек Сапарбаев Қызыл­жар ауданының Бәйтерек ауылы­нда салынған үйлерді ар­а­­лап, қоныстанушылармен әңгі­­ме­лесті. Үйдің жылы екенін айт­қан Руслан Насыров бұл ауыл­ға мамыр айында әйелі және екі баласымен Түркістан облы­сы Қазығұрт ауданынан қоныс ауда­рып келген екен. Өз шешімінің дұрыс екендігіне көзі жеткен ота­ғасы осы ауылда тұрақтап қалмақ.

«Бұл өңірдің топырағын алғаш досыма қонаққа келіп бас­қан болатынмын. Мені көшу­ге көндірген сол. Ж­ұ­мыспен қам­ту орталығына барып, қандай бос жұмыс орындары бар екенін сұрадым. Ондағы мамандар бар­лығын түсіндірді, шарттарды құлағдар етті. Бірнеше жұмыс орнын ұсынып, таңдауға мүм­кіндік жасады. Баспана мәсе­ле­сі оңай шешілетінін айтты. Біз – жас отбасымыз. Қол жеткізу­ге тиісті жоспарымыз да көп. Бәйтерек бізге ұнады. Адамдары кеңпейілді, көмек қолын созуға қашанда дайын, – дейді Руслан Насыров.

Жаңа үйлер жылы, жарық, қолайлы. Тұрғындардың көңілі­нен шығып отыр.

Жұмыс тобы атбасын тіреген келесі нысан – жергілікті мектепте, Бәйтерек ауылының тұрғын­дарымен кездесу өтті. Тұрғындар ауылының бір орында тұрмай дамып, көркейіп келе жатқандығын айтты. Су, коммуникация мәсе­лесінде еш қиындық жоқ. Үкімет басшысының орынбасарына тек балабақшаның жетіспейтіндігін айтып, осы мәселеге қолғабыс жасауды өтінді.

Вице-премьер Бескөл ауы­лын­да да болды. Аудан әкім­­дігінде жұмыс тобы­ның халық­пен кездесуі ұйымдас­тырыл­ды. Еңбек және халықты әлеу­мет­тік қорғау министрі Біржан Нұрым­бетов көп балалы және аз қам­тылған отбасыларды қолдаудың жаңа тәсілдері туралы егжей-тег­жейлі айтып берді.

Бердібек Сапарбаев жұмыс то­бы­ның басты міндеті халық­тың өмір сүру сапасын бағалау жә­не проблемалық мәселелерді ше­­шуге жәрдемдесу деп атап көр­­сетті. Әсіресе білім және ден­сау­­­лық сақтау сияқты маңызды әлеу­­мет­тік салаларға ерекше тоқталды.

 

Петропавл