Үш ұлымыздың кішісі Ерлан Байжанов Мәскеудің Ломоносов атындағы университетін үздік бітірген соң аспирантурасын 1989 жылы аяқтап диссертация қорғайтын болды. Аналық жүрегім алабұртып, жанкүйер болып, қорғауына қатысқым келді. Ол кезде мен «Мәдениет және тұрмыс» «Парасат» журналының бөлім меңгерушісі қызметінде едім. Тәуекелге бел байлап, бас редакторымыз белгілі журналист, қоғам қайраткері Камал Смайыловқа кіріп, осы ойымды білдіріп, бір апта өз есебімнен демалысқа сұрандым.
Кәмекең сәл ойланып отырды да «Сапекең де бара ма?» деп сұрады. Мен Сапекеңнің Ереван қаласында өтетін архивистердің бүкілодақтық жиынына кеткенін, бұйырса қайтарында Мәскеуге соғатынын айттым. Сол-ақ екен Кәмекең маған: «Күлеке, сізге демалыс емес бір апта командировка берейін, «Мәскеудегі қазақтар» деген тақырыпқа материал ұйымдастырып келіңіз», демесі бар ма.
Мәскеу сияқты үлкен қалада қанша қазақ барын анықтауға 3-4 күн аздық ететінін ойлап жатқан мен жоқ, баламның диссертация қорғауына қатысатыныма қуанып, келісе кетіппін.
Ертесінде диссертацияны қорғау жиынын университеттің журналистика факультетінің деканы, ғылыми кеңестің төрағасы профессор, доктор Я.Н.Засурский жүргізіп отырды. Ерлан өте жақсы қорғап шықты, қуанышымызда шек жоқ.
Көңіліміз орнына түсіп, өзіміз орналасқан Қазақстанның Мәскеудегі өкілдігінің қонақүйіне келген соң Сапекеңе бас редактордың маған арқалатып жіберген тапсырмасы жайында айттым. Сапекең: «Бұл үлкен тақырып қой, қалған 2-3 күнде үлгере алар ма екенсің?» деп ойланып қалды. Бір уақытта жүр, екеуміз өкілдіктің басшысы Серікболсын Әбділдиннің қабылдауына барайық деді. Ол кісі бізді жылы қабылдады. Маған жүктелген тапсырманы естіген соң өзі білетін біраз азаматтарды атады, қайда жұмыс жасайтынын айтты, әрі олармен кездесу үшін машина бекітіп берді. Бұған біз барынша ризашылық білдіріп, сол күннен бастап тапсырмаға кірісіп кеттік. Алдымен тақырыпты бөлісіп алдық. Бұған дейін Ерік Құрманғалиев жайында бейхабармыз. Мен Әлия Молдағұлова атындағы мектепке, ондағы қазақтың батыр қызына арналған мұражайға бару үшін өкілдікке жақын жердегі метроға бет алдым, Сапекең Нұртас Оңдасынов ақсақалға жолығуы керек. Жол-жөнекей үлкен хабарламаға көзім түсті. Онда В.Чайковский атындағы консерваторияның үлкен залында әлемдік музыка саласындағы аса беделді маман Н.Л.Дорлияктың 80 жылдығына арналған шәкірті Ерік Құрманғалиевтің концерті болатын күні, басталатын уақыты жазылған екен. Міне, керек болса тағы бір атақты қазақпен кездесетін болдық, концертке осындағы қандастарымыз да келетін болар деп қуанып кеттім. Сапекең Н.Оңдасыновпен кешкісін кездесуге келісіп қойған екен, концертке мен жалғыз тарттым. Концерттен жарты сағат бұрын барып залға жайғастым, құшағымда қомақтылау екі букет гүл бар. Залдың қызметшісі болар, маған концерт аяқталғанша гүліңізді ыдысқа салып орналастыра тұрайын демесі бар ма? Бұл да бір дұрыс іс екен деп, гүлді ұстата салдым.
Концерт басталғанша залға келушілерге және отырғандарға қаракөз қандастарымыз көріне ме екен деген үмітпен қараймын, ондай ешкім көзге түсе қоймады. Ой, қайран қазекем-ай, жерлесіміздің өнерін тамашалайық, жанкүйер болайық деген ойларыңа келмейді-ау деп күйініп те қоямын.
Сондай күйде жалтақтап отырғанымда сахнаға орта бойлы, ашаң жүзді, шашы иығына түскен жас жігіт жарқ етіп шыға келді, сатырлаған шапалақ залды кернеп кетті. Шамасы әншінің өнерімен мәскеуліктер әжептәуір таныс, хабардар сияқты. Біз неге білмей жүргенбіз деген ойлар да келіп-кетеді. Оркестр ойнап бастағанда ер адамнан бұрын-соңды естіп-көрмеген сыбызғы үндес күшті әрі өте жіңішке, музыка ырғағына сай құбылған ғажайып дауысқа таң-тамаша қалдым. Мұндайда дауыс болады екен-ау. Музыкадағы тенор, сопрано, контральт деген дауыстар болатынын естуім бар еді, бұл биік диапазонды жіңішке дауыс соның қайсысына жатады деген ойлармен қызыға тыңдадым. Әншінің орындап жатқан партиялары оңай емес, әншінің орындауында музыка ырғағына сай икемділігі, дауыстың техникалық құбылмалылығы орындаушының шеберлігін паш еткендей. Музыканың небір классикалық күрделі де қиын тұстарына келгенде қиналмай өтсе екен деп тілеп те отырмын. Міне, дәл үзіліп кетердей төмен құлдилаған сәтінен құйқылжыта ойнақшыған түрге тез өзгергенде, енді тым жоғары, өте биікке өрлеген тұстарында да дауыс ырғағын құбылтқан әншінің икемділігі мен музыка техникасын шебер меңгергеніне таң-тамаша қалмасқа лажың жоқ. Алайда бағдарламада көрсетілген әлемдік айтулы В.А.Моцарт, Д.Ж.Вивальди, И.А.Бах, К.Монтеверди, Дж.Пуччини, Ж.Бизе, Дж.Верди, Д.Шуберт, И.Штраус, т.б көптеген композитордың шығармаларын сағаттар бойы бір өзі орындаған әншіні тыңдай отырып, өзінің орындау шеберлігімен Мәскеу жұртшылығын мойындатып тұрған жап-жас жігіттің қазақтың қаракөз баласы екеніне сенерімді де, сенбесімді де білмей әрі бойымды мақтаныш сезімі билеп, әттең мына өнерді менен басқа қазақтар да тыңдар ма еді деген күйге бөлендім. Осылайша бір әннен бір ән қошеметпен шырқалып жатты. Қолымдағы бағдарламада көрсетілген соңғы әннің ортасынан ауа бергенде ақырын орнымнан жылжып шетке беттедім, қызметші гүлімді құшағыма ұстата берді, ән аяқталып, зал ду шапалаққа көмілгенде сахнаға шығып үлгердім.
Мені көрген әнші қуанышты кейіппен өзіме қарай жүріп келіп, «Ой, апай, қайдан жүрсіз?» деп мені құшақтай алды. Гүлді ұсынып, құттықтап жатып, Алматыдан келгенімді, журналист екенімді, кең отырып әңгімелесу қажеттігін айтып үлгердім. «Апай, мынау екі букет қой, біреуін кім жіберді?» деді. Мен 2-ші гүл музыка жетекшісі, 80-ге толып отырған ұстазы Н.Л.Дорлиякқа арналғанын айттым. Ерік: «Әне, ақ жағалы қарт әйел, әріптестері құттықтап жатыр», – деп біраз адам қоршап алған Дорлиякты көрсетіп, – мына гүлді өзіне тапсырыңыз әрі осы қабаттағы сол кісінің кабинетінде кездесейік», деді.
Мен де тездетіп Н.Л.Дорлиякқа жетіп, шәкіртінің табысымен, өзінің мерей жасымен құттықтап гүлді ұсындым әрі әнші мені кабинетінде күтетінін айттым.
Н.Л.Дорлияк жұрттың ортасынан әрең сытылып шығып кабинетіне мені ертіп барды. Телефоны безілдеп жатыр екен, тыңдаған соң ректоратқа шақырып жатқанын айтып, шығып бара жатып Ерікке: «Жерлесіңмен сөйлесе бер, құттықтауға бармай-ақ қой», деп рұқсат етті.
Осылайша мен бұрын естіп те, көріп те білмеген ерекше құбылыс атанған әншімен алғаш кездесіп, танысқаным бар. Сол кабинеттен қонақүйдегі нөмірге қоңырау шалып едім. Сапекең де жаңа келіпті, менің соншама қуанышты хабарымды естіген соң, мен қазір сол жерге барамын консерваторияның алдында Ерікпен бірге кездесейік деді.
Үшеулеп бірге жүріп келіп бір оңаша жерге жайғастық. Ерік Құрманғалиевке екі жақтан сұрақтар қойып, өмір жолымен, өнердегі табысымен таныстық. Сапекең әнді жақсы айтатындықтан ба, ән айтуды жарататындықтан ба, әнші жөнінде жазуды өз міндетіне алды.
Осы сапарымызда Мәскеуде бірталай белгілі азаматтар: Қазақ елі үшін елеулі еңбек еткен, халықтың жүрегінде ірі қайраткер тұлға ретінде сақталған Н.Оңдасыновты, атақты тарихшы Е.Бекмахановтың ізін жалғастырушы қызы, тарих ғылымдарының докторы Н.Бекмаханованың, филология ғылымдарының докторы Мұсаевтың, Одақтық жол қатынасы министрінің орынбасары Н.Есенғариннің, ғалым Абдуллаевтың және т.б. көптеген қазақ азаматының сонда еңбек етіп, тұрып жатқанын анықтадық. Оған жоғары оқу орындарындағы қазақ студенттерді қосқанда 2000-дай қазақтың Мәскеуде тұратындығы белгілі болды. Соған қоса ең басты жаңалығымыз, сол кезге дейін Қазақстан үшін беймәлімдеу, бірақ талай шетелдегі конкурстардың жеңімпазы тіпті «феномен» атанған сирек дауысты Ерік Құрманғалиевті аштық. Cондай-ақ мұнда Әлия Молдағұлова атындағы мектеп, онда мұражай, Қазақстан атындағы кинотеатр, «Қазақстан» аталатын магазин және Домодедова аэропорты бағытында «Қазақстан» атты мейрамхана бар екен. Мейрамханаға азық-түлік ұшақ арқылы Қазақстаннан жеткізіліп тұрған. Сонымен Сапекең екеуміздің әзірлеген «Москвадағы қазақтар» деген тақырыптағы мақала, очерктер журналдың 18 бетін қамтыды.
Көп ұзамай Президент С.Әбділдин, Абдуллаев, Н.Есенғаринді елге шақырып, оларды лауазымды қызметке тағайындады. Сондай-ақ Саудабаевтың Мәдениет министрі кезінде әнші Ерік Құрманғалиев Алматыға шақырылып, бір кеш концерт беріп кеткені бар. Сол концертке біз де барып, соңында Ерікке жолыққанда ол өзінің асығыс келгенін, бір күннен кейін шетелде вокалистердің халықаралық конкурсына баратынын, таңертең Мәскеуге қайтып кететінін айтты. Міне, осы кездесуден кейін Еріктен хабарымыз болмады. Әнші жөнінде очерк жазған Сапекең де дүниеден озды.
Ойламаған жерден 2007 жылы жас әншінің де қайтыс болғанын газеттен оқып қабырғам қайысты. 47 жас деген тіпті әншінің бар қырының терең ашылып та үлгермеген шағы ғой, амал не?
Енді, міне, ақын Маржан Ершудың газеттегі мақаласынан Ерік Құрманғалиевтің кейінгі тағдыры жөнінде: – Туған жерге тамырын жая алмаған есіл талант өзі еріксіз тап болған қоғамнан да өзекке тебер соққы алып, шуылдақ тобырдың қақпақылына жем болып кете барды – деп жазғанына қарағанда әншінің тағдыр тоқпағына, көңіл дағдарысына ұшырағаны да байқалады. Мәскеу жұртшылығын әлемдік музыка әуеніне бөлеген, талай рет сүйсіне қол соқтырған «феномен» әншіге 2 метр жер бұйырмағаны, жерлеуге адам табылмағаны да түсініксіз жайт.
Еріктің сирек талантына тәнті болып ерекше құрметтеген атақты Пьер Карденнің Парижден Москваға ұшып келіп, оны жерлеумен айналысуы, тіпті қала мэрі Лужковқа шығуы талантты талант қана жете танитындығының дәлелі емес пе? Атам қазақтың «Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» деген аталы сөзі бекер айтылмағандай. Егер тамаша талантты әнші өз елінде болса өмірінің соңы да былай аяқталмас еді ғой.
Кім білсін, бір кезде Алматыдағы Құрманғазы атындағы консерваторияға түсуге келгенде Еріктің дауысын тануға Дорлияк секілді маманның жетіспеуі де әсер етті ме? Әлде өнерде өз бақытын тапқан жерден айналып шыға алмады ма?!
Ерік бізбен әңгіме үстінде екі қызының барын, әйелі татар тумасы екенін, ата-аналарының мамандығы дәрігер, Атырау қаласында тұратынын айтып еді. Ерік дүние салғанда бұлар қайда, тіпті түсініксіз.
Әрі-беріден кейін шын таланттың өнері – халықтың еншісі емес пе? Сондықтан таланттың еңбегін бағалау, қадіріне жетіп мадақтау туған халқының ісі. Рас, туған жерден алыс жерде болғандықтан елі оның шын талантын тани алмады, қызықтай алмады, бір уыс топырағын да сала алмады. Бірақ «ештен кеш жақсы» дегендей өз топырағымыздан жаралған есіл талантты есте сақтау үшін ақын Маржан Ершудың ұсынысына мен де қосыламын. Мақаласында атап көрсетілгендей әншінің туған ауылы Құлсарыдағы музыка мектебіне Ерік Құрманғалиевтің есімі берілсе әрі Атыраудағы Ерік тұрған үйге ескерткіш тақта қойылса деген тілегін мен де қолдаймын. Есіл талантты мәңгі есте сақтау – елдігіміздің белгісі емес пе?
Күләш БЕЙСЕНБИЕВА,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, зейнеткер