Руханият • 26 Қараша, 2019

«Бүгіншіл» болып барамыз-ау...

394 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ел халқына арнаған Жолдауында Үкіметке маңызды бір тапсырма жүктеген-ді. Президент «Жұмыс істейтін азаматтар өздерінің зейнетақы жинағының бір бөлігін белгілі бір мақсатқа, соның ішінде баспана сатып алуға немесе білім алу үшін пайдалану мәселесін жыл соңына дейін пысықтауды Үкіметке тапсырамын» деген еді. Ал жыл болса аяқталып келе жатыр. Бірақ тиімді механизм әзірлеу тым қиын шаруа болатын түрі бар.

«Бүгіншіл» болып барамыз-ау...

Үкімет басшысы Асқар Мамин жинақтаушы зейнетақы жүйесін талдаудың нәтижелерін айтты. Оның сөзіне қарағанда еліміздегі барлық зейнетақы шоттарының жартысына жуығында немесе 5,3 млн шоттың әрқайсысында 500 мыңға жуық теңге жиналған. 1,6 млн адам 500 мыңнан 1 млн теңге шамасында жинаса керек. Яғни 10 млн 517 мың шоттың 68 пайызында әрі кетсе 1 млн теңгеге жетер-жетпес қаржыдан жатыр. Тек есеп-шоттардың 26 пайызында ғана 1 млн-нан 5 млн-ға дейін қаржы жиналған көрінеді. Бір сөзбен айтқанда, жинақтаушы зейнетақы қорындағы жиған-тергенімізді баспана мен білім алу үшін пайдалану мүмкіндігі әзірге қолайлы бола қоймайтын тәрізді. Өйткені «қамсыз қарттық үшін» деп жинап жатқан қаржымыз аз. Бүгінге дейін жинаған азды-көпті қаржыны баспана алуға жұмсасақ, қартайғанда зейнетақымыз мардымсыз болып қалатын жайы бар. Әрі шотындағы зейнетақы жарнасы 1 млн-ға, тіпті 4-5 млн теңгеге жеткен азаматтардың өзі бар жиған-тергенін баспананың алғашқы жарнасы ретінде пайдаланғанның өзінде көңілі қалаған үйді ала алмауы мүмкін. Ал 200 мың теңгеге жете қоймаған орташа жалақы арқылы біздің елде зейнетақы жарнасын молынан жинау да қиын. Біздің сөз басында Үкімет үшін тым қиын іс екенін айтуымыздың сыры осында жатыр. «Былай тартсаң арба сынып, олай тартсаң өгіз өлетін» жағдайда тұрған сияқтымыз.

Ахмет Байтұрсынұлының «Ел бүгін­шіл, менікі ертеңгі үшін» дейтіні бар. Кейде «зейнетақы қорындағы қаржыны азаматтардың еркін пайдалануына бере салса ғой» деген ойдың орала беретінін осы «бүгіншіл» болып алған дағдымыздың салдары-ау деп қаламыз. 5,3 млн есепшоттың иесінде 500 мыңға жетер-жетпес қаржы жиналыпты. Құдай-ау, айына 40 мың теңге жалақы алғанның өзінде 500 мыңды 10 жылдан астам уақытта жинап үлгеруге болады ғой.

5,3 млн шот дегеніңіз осынша адам. Егер мұншама адамның ресми жалақысы он жыл бойы 40 мың теңге болса, онда еліміздегі әлеуметтік-экономикалық жағдай көңіл көншітерлік болмай тұр деген сөз. Өйткені Қазақстанда қазіргі таңда жұмысқа қабілетті азаматтар саны 9 млн-ның ар жақ, бер жағында. 5,3 млн дегеніңіз олардың жартысынан асып кетеді. Мұны көңілдегі бірінші күдік деп қоялық. Екіншіден, «зейнетақы қорына жылдар бойы небәрі 500 мың теңге жинаған азаматтар саны біз айтқан мөлшерде болса еліміздегі 191 мыңға жеткен орташа жалақы қайдан шықты?» деген сауал тағы қылаң береді. Есеп-қисаптың өмір шындығымен қабысатынына күмән келтіруімізге себеп осы.

Дәл осы тұста қазақ қоғамының әбден «бүгіншіл» болып алғаны байқалатын секілді. Біз жұмыс берушімен ымыраласып, зейнетақы қорына «ырым үшін» ғана жарна аудартып келген тәріздіміз. Шамасы жұмыс берушілер де, жұмыс істейтін халық та жинақтаушы зейнетақы жүйесінің ертең қажет екеніне сене қоймайтын сияқты. Әйтпесе 2009 жылдан бері 40 мың теңге жалақы алып келгендер миллиондап саналған болса, баяғыда-ақ айқай-шу шығатын еді. Жоқ, тып-тыныш отырдық. Енді келіп зейнетақы жарнасының бір бөлігін баспана мен білім алу үшін пайдалану мүмкіндігі қарастырыла бастағанда өтірігіміз ашылып қалды.

Бәлкім, «салымшылардың көбі ауыл тұрғындары, олардың тұрақты табысы жоқ» деген уәж айтатындар табылар. Алайда 10 млн 517 мың салымшының 68 па­йызы 1 млн теңгеге жетер-жетпес қаржы жинаған. Бұл дегеніңіз 6,9 млн адам. Ал ауылды жерлердің барлық тұрғындары 7,7 млн адам. Олардың қатарында бала-шаға да, зейнеткерлер де бар екенін ескерсек, зейнетақы жарнасын аз жинаған азаматтарды ауыл тұрғындары ретінде сипаттаудың қисыны жоқ. Тіпті «өзін өзі жұмыспен қамтығандар» мен жұмыссыздар саны да 5 млн болмайды. Ресми түрде жұмыссыз ретінде тіркелгендер 400 мың шамасында, «өзін өзі жұмыспен қамтығандар» саны 2,5 млн төңірегінде. Демек біздің халық бүгінге дейін зейнетақы жарнасының қалай төленіп жатқанын бақылауға немқұрайлы қарап келсе керек.