Осыған орай, Алматыда Премьер-Министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев бастап, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов және Денсаулық сақтау, Білім және ғылым, Ұлттық экономика вице-министрлері, Ақпарат және қоғамдық даму, Мәдениет және спорт министрліктерінің, сондай-ақ мүгедектердің қоғамдық бірлестіктер өкілдерінің қатысуымен мүгедектерді әлеуметтік қорғау саласындағы үйлестіру кеңесінің отырысы өтті. Үкімет басшысының орынбасары мүгедек жандардың мұң-мұқтажын олардың өз ауыздарынан естіп, көптеген жағдайлар жөнінде көзбе-көз пікір алмасты.
Алдымен жиналысқа қатысушылар Алматы қаласы әкімдігінің ғимаратында орналасқан мүгедектерді оңалтуға арналған техникалық құралдар көрмесін қарап шықты.
Өңірлермен онлайн-байланыста өткізілген селекторлық отырыста Бердібек Сапарбаев бұл жиынды Қазақстанның ең ірі қаласында өткізу кездейсоқ қабылданған шешім еместігін атап өтті.
«Мұнда ең белсенді үкіметтік емес ұйымдар мен озық тәжірибелер шоғырланған. Алматы – инновациялық технологиялар және мемлекет пен жеке сектордың әлеуметтік саладағы тиімді ынтымақтастығының флагманы. Қала әкімдігі үкіметтік емес және жеке ұйымдарға мемлекеттік тапсырыстарды орналастыру арқылы да жан-жақты қолдау көрсетеді», деді Премьер-Министрдің орынбасары.
Сондай-ақ Бердібек Сапарбаев ағымдағы жылдың мамыр айында Үкімет 2025 жылға дейін мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі ұлттық жоспарды бекіткенін еске салды.
Ендігі міндет – осы Ұлттық жоспарды мүмкіндігі шектеулі азаматтардың игілігі үшін дұрыс қолдана отырып, жұмыс істеу керектігін отырысқа қатысушылар қадап айтты. Бұрын мүмкіндігі шектеулі жандар өздеріне қажетті көмекші құрал-жабдықтарды мемлекеттік сатып алу бойынша алатын болса, жаңа жылдан бастап енгізілетін «Əлеуметтік портал» арқылы өз таңдауы бойынша алатын болады. Бұл да Ұлттық жоспардың мүмкіндігі шектеулі азаматтарға беріп отырған үлкен мүмкіндігі. Әйтпесе, Əлеуметтік әл-ауқат басқармасының мемлекеттік сатып алу жүйесі бойынша алып беретін құрал-жабдықтардың көбі пайдалануға жарамсыз, сапасыз болып жататын жағдайы жиі кездесетін. Ал енді оны еліміздегі мүмкіндігі шектеулі жандарға қажетті құрал-жабдықтар мен өнімдер шығаратын 16 мыңнан астам өндіріс орындарының басын біріктірген «Əлеуметтік қызмет» порталы арқылы алады.
Оның іске асырылу барысы және мүгедектігі бар адамдардың экономикалық белсенділігі үшін мүмкіндіктер жасау туралы отырысқа қатысушыларды Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі хабардар етті.
Біржан Нұрымбетов биыл мүгедектерге берілетін жәрдемақыға 315 млрд теңге бөлінгенін, бұл 2018 жылға қарағанда 10%-ға артық екенін, оңалту құралдарымен және қызметтерімен қамтамасыз етуге 85,5 млрд теңге немесе өткен жылға қарағанда 6%-ға артық қаражат бөлінгені туралы хабарлады. Келесі жылы жәрдемақы төлеуге, оңалту құралдары мен қызметтерін ұсынуға мемлекеттік бюджеттен 448 млрд теңге көзделіп отыр.
«2017 жылдан бастап «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында 47 мыңнан астам мүгедектігі бар адамға мемлекеттік қолдау көрсетілді, оның 40 мыңнан астамы жұмыспен қамтылды, оның 26 мыңы тұрақты жұмысқа тұрғызылды. 900-ге жуық мүгедектігі бар адам микрокредит алды, оның ішінде 268 адам өз ісін ашты. Сонымен қатар, 287 адам жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға қайтарымсыз гранттар алды. Мүгедектігі бар адамдар үшін қосымша 2-4% мөлшерінде жұмыс орындарын квоталау қарастырылған. Осы квота шеңберінде соңғы 3 жылда 9 мың адам жұмысқа орналастырылды. Былтырдан бастап мүгедектігі бар адамдарға арналған жұмыс орнын жабдықтауға жұмыс берушілердің шығындарын субсидиялау жүзеге асырылуда. Өткен жылы тірек-қимыл аппараты мен есту қабілеті бұзылған адамдарға 50,3 млн теңгеге 282 арнайы жұмыс орны ашылды. Ағымдағы жылы көру қабілеті нашар адамдар үшін 72 млн теңгеге 24 орын ашылды», деп толықтырды министр.
Б.Нұрымбетовтің айтуынша, таяу жылдары мүгедектігі бар адамдардың экономикалық белсенділігі үшін мүмкіндіктер жасау негізгі басымдық болып белгіленді.
Отырыста сондай-ақ, мүгедектіктің алдын алу, ерте диагностикалау, оңалту мəселелері де сөз болды. Соңғы үш жылда құрсақтағы нəрестенің денсаулығын тексеру барысында жүргізілген скринингтік тексерулердің нəтижесінде даун синдромы, жүрек қызметінің бұзылуы жəне туа бітті пайда болатын кемтарлықтардың саны азайды, – дейді Денсаулық сақтау министрінің орынбасары К.Нəдіров. Үйлестіру кеңесінің көшпелі отырысында елімізде салынатын нысандарды жобалау, салу, пайдалануға беру кезінде сəулет жəне қала салу құрылысы қызметіндегілер əлі де болса мүмкіндігі шектеулі жандар үшін кедергісіз орта қалыптастырып, олардың кіріп-шығуына қажетті жағдайлар мен жұмыспен қамту мəселесінің де толық шешімін таппай отырғаны айтылды.
«Бүгінде Қазақстанда еңбекке қабілетті жастағы мүгедектігі бар адамдардың жалпы санының төрттен бір бөлігі ғана еңбек қызметіне тартылған. ЭЫДҰ елдерінде бұл көрсеткіш 40%-ға жетеді. Алдағы екі жылға алдымызға мүгедектігі бар адамдардың жұмыспен қамтылуын 30%-ға жеткізу міндетін қойдық. Ол үшін қосымша 20 мың адамды жұмыспен қамту қажет. Осы мақсатта өткен айда біз, әлемдік тәжірибеге мұқият талдау жүргізіп, зерделедік, мүгедектігі бар адамдармен, үкіметтік емес ұйымдармен және жұмыс берушілермен бірқатар кездесулер өткіздік. Біз бірлесе отырып, мүгедектігі бар адамдарды экономикалық қызметке тартуға кедергі болатын негізгі проблемаларды және одан туындайтын міндеттерді анықтадық», – деді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің басшысы.
Бірінші міндет – мүгедектігі бар адамдарды еңбек нарығына сапалы дайындау. Осы бағыт шеңберінде мүгедектігі бар адамдардың құзыреттілігі бойынша дерекқор құру жоспарлануда. Мүгедектер жұмыс істей алатын кәсіптердің атласы әзірленетін болады. Сондай-ақ «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы шеңберінде мүгедектігі бар адамдарды ІТ-дағдыларға оқытуды жүргізу жоспарланып отыр, олар бағдарламалауға, өз бизнесін ілгерілетуге, электронды коммерциямен және т.б. айналысуға мүмкіндік береді.
«Барлық өңірлерде 18 жастан асқан мүгедектерді кәсіптік бейімдеу және оңалтумен айналысатын оңалту орталықтары жұмыс істейді. 2020 жылы біз 3, 2021 жылы тағы 3 оңалту орталығының құрылысын бастауды жоспарлап отырмыз, сондай-ақ мемлекеттік тапсырыстарды орналастыру арқылы жеке оңалту орталықтарын дамыту шаралары қабылданатын болады. Бұл бәсекеге қабілеттілікті арттырады және көрсетілетін әлеуметтік қызметтердің сапасын жақсартады», деді Біржан Нұрымбетов.
Екінші міндет – мүгедектігі бар адамдарды жұмысқа орналастыру және оларға кәсіпкерлік саласында көмек көрсетуді қарастырады. Негізгі тетік «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы болмақ, оның аясында жыл сайын кемінде 15 мың мүгедектігі бар адамды жұмыспен қамту жоспарлануда. 2020 жылы мүгедектігі бар адамдарға 500 микрокредит пен 380 грант, 2021 жылы 550 микрокредит және 420 грант бөлу жоспарлануда.
«Жұмыс орындарын құруды субсидиялау тетігі қайта қаралады. Бұл шара стандарттардың күрделілігіне байланысты жұмыс берушілер арасында аса сұранысқа ие емес. Біз оларды жеңілдетеміз, соның нәтижесінде 2021 жылдан бастап кемінде 200 арнайы жұмыс орнын құруды субсидиялауды жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ мүгедектігі бар адамдарды мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектордағы штаттық позицияларға, оның ішінде басшылық лауазымдарға тағайындау ұсынылады. Мұндай тәжірибе бүкіл әлемде белсенді қолданылады. Кадрларды іріктеу жұмыс тәжірибесі бар және біліктілік талаптарына сәйкес келетін кәсіби мамандар қатарынан жүргізіледі», деді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі.
Үшінші міндет – мүгедектігі бар адамдарды тиімді жұмыспен қамту үшін жағдай жасау. Бұл бағытта мүгедектерді әлеуметтік бейімдеу және оңалту бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы ақпараттандыру үшін егжей-тегжейлі түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Мүгедектігі бар адамдарға 111 колл-орталық, халықты жұмыспен қамту орталықтарының байланыс нөмірлері, сондай-ақ есту және сөйлеу қабілеті бұзылған адамдар үшін пайдалануға ыңғайлы мессенджерлер арқылы консультациялар беріледі.
Жергілікті атқарушы органдармен бірлесе отырып, кедергісіз орта мен қолжетімді көлік инфрақұрылымын дамыту бойынша жұмыстар жүргізілетін болады.
«Мүмкіндіктері шектеулі адамдарға тауарлар мен қызметтерді дербес таңдау құқығын беру үшін келесі жылы біз Amazon және Alibaba сияқты табысты сервистердің негізінде әлеуметтік қызметтер порталын енгіземіз. Бұл 338 мың құрал мен қызметті ұсыну уақытын қысқартады және шамамен 101 млрд теңгені игерудің ашықтығын қамтамасыз етеді», деді Біржан Нұрымбетов.
Төртінші міндет – мүгедектіктің алдын алу және профилактика. Осы бағыт аясында Қазақстан Халықаралық әлеуметтік қамсыздандыру қауымдастығы әзірлеген «Vision Zero» нөлдік жарақат тұжырымдамасын енгізуді жоспарлап отыр.
Отырыста Индустрия және инфрақұрылымдық даму, Денсаулық сақтау, Білім және ғылым, Ақпарат және қоғамдық даму министрліктерінің өкілдері мүгедектігі бар адамдардың әлеуметтік маңызы бар объектілер мен инфрақұрылымға қол жеткізуін қамтамасыз ету, мүгедектіктің профилактикасы мен алдын алу бойынша қабылданып жатқан шаралар және мүгедектігі бар адамдардың білімге қол жеткізуі, сондай-ақ қоғамдық сананы жаңғырту туралы баяндады.
Іс-шараның соңында Бердібек Сапарбаев орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдарға Ұлттық жоспардың уақтылы және сапалы орындалуын қамтамасыз етуді және мүгедектердің экономикалық белсенділігі үшін жағдай жасау бойынша шаралар қабылдауды тапсырды.
Қазір «Еңбек» бағдарламасы аясында 47 мың мүгедек адам жұмыспен қамтамасыз етілген, 900 мүмкіндігі шектеулі азамат шағын кəсіп ашу мүмкіндігіне ие болған, 258 азамат қайтарымсыз несие алып, өз кəсіптерін ашқан. Мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін 2,4 мың квота бөлініп, 9 мың адам жұмыспен қамтылған. 24 жұмыс орындары ашылып, «Кəсіп атласы» жасалған. Аймақтарда 11 реабилитациялық орталық жұмыс істейді. 2021 жылы үш жаңа орталық салынады. 154 мың мүмкіндігі шектеулі бала арнайы жəне инклюзивті білім алумен қамтамасыз етілген.