Руханият • 26 Қараша, 2019

Б.Байқадамов атындағы Мемлекеттік хор капелласына – 80 жыл    

1415 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Республикаға еңбегі сіңген ұжым, Бүкілодақтық байқаудың лауреаты атанған Мемлекеттік хор капелласы Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясының құрамына 1935 жылы кірді.

Б.Байқадамов атындағы Мемлекеттік хор капелласына – 80 жыл    

Алғашқы уақытта композитор Дмитрий Мацуциннің басқаруымен бұл ұжым кішігірім, аралас хор болып құрылса, қазіргі уақытта Хор капелласы мемлекеттік дәрежеге көтерілді. Бүгінгі таңда капелланың репетуарына хорға өңделіп түсірілген халық әндері, сондай-ақ шығармалардың ірі түрлері – сюита, поэма, кантата және ораториялар енген. Бір сөзбен айтқанда, Бақытжан Байқадамов атындағы Мемлекеттік хор капелласының репертуарында шетел классиктері мен еліміздің  саңлақ композиторлары М.Төлебаев, Б. Байқадамов, Е. Рахмадиев, Ғ.Жұбанова, М.Сағатов, С.Мұхамеджанов, Қ.Қожамияров, М.Маңғытаев, Ж.Тұрсынбаевтың шығармалары берік орын алған. Осындай шығармашылық-көркемдік әлеуеті биік капелла ұжымына Қазақстанда ғана емес, шетел сахналарында да өнер көрсетіп келеді.

1936 жылы Қазақстанның Мәскеуде өткен мәдени онкүндігінде 300 адамдық хор табысты өнер көрсетті. Ал, 1939 жылы ақпан айында республика үкіметінің қаулысымен аталған хор ұжымы қазақтың Мемлекеттік хор капелласы болып қайта құрылды. Алғашқы кезеңде хор капелласына Борис Лебедев, Латиф Хамиди, Борис Орлов, Бақытжан Байқадамов, Галина Виноградовалар жетекшілік етті. 1959 жылдан 1991 жылға дейін хор капелласын КСРО халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, профессор Анатолий Васильевич Молодов басқарды. Ал, қазіргі уақытта капелланың көркемдік жетекшісі және бас дирижері болып Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бейімбет Демеуов қызмет атқарып келеді.

Желтоқсан айының  4 сағат сағат 19.00-де Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясында  құрылғанына 80 жыл толып отырған Б.Байқадамов атындағы хор капелласының концерті өтеді. Бас дирижері - ҚР  Еңбек сіңірген қайраткері Бейімбет Демеуов. Концертке ҚР Еңбек сіңірген әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, «Астана Опера» театрының әншісі  М.Мұхамедқызы, Қазақстанның халық әртісі А.Қоразбаев, Қазақстанның еңбек  сіңірген әртісі М.Мұсабаев, Абай атындағы Опера және балет театрының  әншісі, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Г.Дәуірбаева, ҚР Мәдениет қайраткері  Қ. Әділов, Халықаралық байқаулардың лауреаттары  Т.Пазылақын, Р.Жармағамбетов, А.Ғабдиев, Ә.Әубәкірова, Ф.Күбиев қатысады.

Концертмейстері – халықаралық байқауларының  лауреаты А. Құлшәріпов.

Бағдарламада қазақ және шетел композиторларының  шығармалары орындалады.

 

АЛМАТЫ