Президент • 26 Қараша, 2019

Президент: Қазақстан ынтымақтастықты дамыту жұмыстарын жалғастыра береді

195 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда аккредиттелген шет елдердің дипломатиялық миссияларының басшыларымен кездесті деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.

 

Президент: Қазақстан ынтымақтастықты дамыту жұмыстарын жалғастыра береді

Қазақстан Президенті дипломатиялық корпус өкілдерімен кездесудің жақсы дәстүрге, екіжақты және көпжақты ынтымақтастықты нығайтатын маңызды шараға айналғанын атап өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев мұндай диалог еліміздің ішкі және сыртқы саясатындағы басымдықтарын талқылауға мүмкіндік беретінін айтты. 

– Біз елімізде теңгерімді саяси жаңғыруды біртіндеп жүзеге асырамыз. Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына мүше жетекші елдердің стандарттарына басымдық береміз. Үкімет осы мақсатқа жету жолында батыл әрі нық қадам жасайды. «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» – Қазақстанның мемлекеттік жүйесінің негізгі нышандары, – деді Мемлекет басшысы. 

Президент дипломатиялық миссия басшыларына «халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының жүзеге асырылуы, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі туралы айтты.

– Үкімет азаматтардың тұрмыстық қажеттіліктеріне уақытылы көңіл бөлу үшін жұмыс істеп жатыр. Мемлекет басшысы ретінде қоғамдағы плюрализмді қолдап, оны ілгерілету мақсатында саяси партиялардың дамуына мүдделімін. Сондықтан қазіргі уақытта бейбіт шерулердің өткізілуін реттейтін заңнамалық нормалар қайта қаралуда. Біз барлық мемлекеттік органдардың есеп беруін арттыру үшін азаматтық институттардың рөлін күшейте түсеміз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент құқық қорғау және сот жүйесін реформалау туралы айта келіп, мемлекеттің әл-ауқатын арттыру ісі аталған институттарға деген халықтың сеніміне байланысты екеніне тоқталды.

– Мемлекеттік аппараттың саяси тұрақтылығы мен тиімділігін экономикалық өсімнен бөліп қарауға болмайды. Бұл бағытта бірқатар жетістіктер бар. 2019 жылдың 10 айында еліміздің жалпы ішкі өнімі 4,4 пайызға өсті. Doing Business-2020 рейтингінде Қазақстан 25-орында. Бәсекеге қабілеттіліктің жаһандық индексінде еліміз 55-орында тұр. Алдағы бес жыл ішінде халықаралық рейтингтегі позициямызды айтарлықтай жақсартуды жоспарлап отырмыз, – деді Қазақстан Президенті.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның халықаралық ынтымақтастық үшін бұрынғыдай ашық екенін, стратегиялық серіктестермен және барлық мүдделі елдермен конструктивті әрі теңгерімді ықпалдастық орнату саясатын жалғастыра беретінін атап өтті. Сыртқы саясатымызда жаһандық конфессияаралық келісімге, төзбеушілік және радикализм идеологиясын таратуға қарсы күреске баса мән береміз.

– Біз өңірлік және жаһандық тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған конструктивті бастамаларды ілгерілетеміз және қолдаймыз. Бұл, ең алдымен, азиялық және еуроазиялық қауіпсіздікті нығайту, ядролық және террористік қауіп-қатерлердің алдын алу, – деді Мемлекет басшысы.

Президенттің айтуынша, Ресей Федерациясымен, Қытаймен, АҚШ-пен, Еуропалық Одақ және Орталық Азия елдерімен өзара қарым-қатынас орнату Қазақстанның сыртқы саясатындағы басым бағыты болып қала береді. Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның халықаралық ұйымдар мен қаржы институттары аясында көпжақты ынтымақтастық пен ықпалдастықты дамыту жөніндегі жұмыстарды жалғастыра беретінін айтты.

Кездесу соңында қалыптасқан дәстүр бойынша дипломатиялық корпустың дуайені – Беларусь Республикасының Қазақстандағы елшісі Анатолий Ничкасов сөз сөйледі.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөйлеген сөзінің толық нұсқасымен мына сілтеме арқылы таныса аласыз.