Жыл санап елімізде көлік саны артып келеді. Мәселен, биылғы тамыз айының соңына дейін Қазақстанда 3,7 млн жеңіл автокөлік тіркеліпті. Оның 5,5%-ы заңды тұлғалар иелігінде болса, 94,5%-ы жеке тұлғалар меншігінде. Өкініштісі сол, темір тұлпар саны артқан сайын Отанымыздағы жол-көлік оқиғаларының да саны артуда.
Жоғарыдағы дерекке қайтып оралайық. Осы жылғы қаңтар-тамыз аралығында елімізде 10109 жол-көлік оқиғасы орын алып (өткен жылмен салыстырғанда 4,6%-ға артық), салдарынан 14,9 мың адам зардап шекті. Жарақат алғандар саны – 13,4 мың адам. Арасында кәмелеттік жасқа толмаған 2,6 мың жасөспірім де бар.
Жоғарыда осы оқиғалар салдарынан 1,3 мың адамның көз жұмғанын айтқан едік. Оның 959-ы – ер, 377-сі – әйел адам. Азды-көпті бір ауыл тұрғындары! Жаға ұстау былай тұрсын, бір ауыл тұрғындары бір түнде ажал құшса бүтін бір ел болып өре түрегелер едік. Ал жол-көлік оқиғасы десе күн санап етіміз үйреніп бара жатқаны несі екен? Біле тұра білмеген, көре тұра көрмеген боламыз.
Адам өліміне алып келген мұндай оқиғалар әлі де толастар емес. 21 қарашада Қызылорда қаласында 20 жастағы жеңіл көлік жүргізушісі өзге көлікке соғылып, сол сәт аялдамада автобус күтіп тұрған адамдарды қағып кеткен еді. Оқиға орнында көз жұмған үш адамның екеуі балалар. Тағы екі адам ауруханаға жеткізілді. Араға үш күн салып, жексенбіде Нұр-Сұлтан қаласындағы Қабанбай батыр даңғылы бойында ірі жол-көлік оқиғасы орын алып, қарсы бағытқа шығып кеткен көліктегі 3 адам көз жұмса, күні кеше Алматы-Хоргос (Батыс Қытай – Батыс Еуропа) тасжолында 24 жастағы көлік жүргізушісі темір тұлпарын басқара алмай апатқа ұшырап, қайтыс болды. Осыған ұқсас оқиға Батыс Қазақстан облысында да орын алып, жол-көлік оқиғасы кезінде 4 жасар бала өмірден озды.
– «Сақтықта қорлық жоқ» дейді. Жүргізушілердің басым бөлігі осы сақтық мәселесіне келгенде салғырттық танытып жатады. «Апат айтып келмейді» ғой. Көлік басқарып отырғанда барынша жинақы болып, ұйқы қанықтығын, ой бөлінбеуін қадағалаған жөн. Себебі жүргізуші өз өміріне ғана емес, жол бойындағы кез келген тіршілік иесіне де зиян келтірмеуіне жауапты. Сондай-ақ осы күнгі оқыс оқиғаларға ұялы телефон да себепкер дер едім. Телефонға, әлеуметтік желіге алаңдаймын деп, тізгіндеп отырған темір тұлпарын басқара алмайтындар да бар, – дейді көлік инспекторы Дидар Бақыжанов.
Инспектордың айтуынша, жол-көлік оқиғаларының орын алуына одан өзге де түрлі себеп бар. Ең алдымен, ереже сақтауға деген енжарлықты айтар едік. Жүргізушілер жылдамдық сақтамау мен қауіпті маневр жасау, ішімдік ішу, бағдаршам белгілерін ескермеу, қарсы бағытқа шығу сынды қателіктерге бой алдырады.
Бұл ретте, ереже жаттамай темір тұлпардың тізгініне ұмтылғандарды да ұмыт қалдыра алмаймыз. Таныс-тамыр жағалап, көлік жүргізу куәлігін оқып-білмей, сатып алатындар да аз кездеспейді. Ережені үстірт оқып, шеңбер мен қиылысқа, жол торабына кезіккенде, бір жолақтан келесіге ауысқанда, негізгі жол мен қосалқы жолды айыра білуге келгенде келеңсіздікке ұшырайды. Сондықтан көлік жүргізу курсының табалдырығын аттамау – адам өміріне бейқамдық танытумен пара-пар.
– Мүлде ереже бұзбадым деуге ауыз бармайды. Бұздым. Айыппұл да төледім. Алайда, өзге жүргізушінің не болмаса, жүргінші өміріне қауіп төндірген емеспін. Кейінгі екі жылда мүлде бұзбадым деуге болады. Жалпы, көлік тізгіндегеніме 3 жылдың мұғдары. Сондағы түйгенім, жол ережесін бұзбағандар да жол-көлік оқиғасына тап болып жатады. Өз жолым, өз жолағыммен беттеп бара жатқан кездерімде төрт мәрте жол-көлік оқиғасына ұшырадым. Ереже бұзғандардың кесірінен, әрине. Сондықтан ондай оқиғалар орын алмас үшін айыппұл емес, жүргізуші мәдениеті қалыптасуы қажет, – дейді Қайырбек есімді көлік жүргізуші.
Жүргізуші сөзінің жаны бар. Ішкі мәдениет, өзгеге деген сыйластық болмай, осындай оқиғалар әлі де орын ала бермек. Десе де, айыппұлды да алып тастауға болмас. Көлік иесі қалтасы қағылмағанын қаласа ережені де екі ойланып барып бұзады. Айыппұл құны артқан сайын, бұзуды да мүлде доғарады. Айтайық, өткен жылмен салыстырғанда биылғы айлық есеп көрсеткіші (АЕК) 2405 теңгеден 2525 теңгеге өсуіне байланысты, айыппұл да арта түсті. Мәселен, еліміздегі ең төменгі айыппұл 2 АЕК болса, ең жоғарғысы – 200 АЕК. Ол – 501000 теңгені құрайды.
«Қыс шанаңды – жаз сайла» дейді. Қарашаның соңына дейін әлі бірер күн бар дегенімізбен, отандастарымыз автокөліктерін әлдеқашан әзірлеп үлгерді. Алда – аптап боран, аппақ қыс. Темір тұлпарды «тағалайтын-ақ» кез. Бұған да немқұрайлылық танытатындар бар-ау. Тек, салғырттықты тәуекелге баламауды, жол жүру мәдениетіне атүсті қарамауды ескерсек болғаны.
Әйтпесе, айдың, күннің аманында жол-көлік оқиғасының кесірінен қанша адам бақилыққа аттанып жатыр...