10 Шілде, 2013

Маскүнемдер тізімінде «өлі жандар» да жүр

272 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Маскүнемдер тізімінде «өлі жандар» да жүр

dorogaСәрсенбі, 10 шілде 2013 2:54

Қолдағы деректерге көз жүгірте отырып, арақ десе арын да, барын да сататын солтүстік өңірдегі маскүнемдердің саны кему қайда дейсің. Алдын айпар, жанын жайпар қызыл тілі сумаңдаған өрт секілді өршіп барады. Мәселен, былтыр «ақаңды» көрсе болды төркінін сағынған келіншектей екі көзі боталап қоя беретін 8678 ішкіш тіркеуге алынса, биылғы жылдың 5 айында олардың саны 7 мыңнан асып жығылған. Ал, үйінен де, күйінен де айырылып, ұшарын жел, қонарын сай білетін 82 таза маскүнем наркологиялық орталыққа тоғытылған.

Сәрсенбі, 10 шілде 2013 2:54

Қолдағы деректерге көз жүгірте отырып, арақ десе арын да, барын да сататын солтүстік өңірдегі маскүнемдердің саны кему қайда дейсің. Алдын айпар, жанын жайпар қызыл тілі сумаңдаған өрт секілді өршіп барады. Мәселен, былтыр «ақаңды» көрсе болды төркінін сағынған келіншектей екі көзі боталап қоя беретін 8678 ішкіш тіркеуге алынса, биылғы жылдың 5 айында олардың саны 7 мыңнан асып жығылған. Ал, үйінен де, күйінен де айырылып, ұшарын жел, қонарын сай білетін 82 таза маскүнем наркологиялық орталыққа тоғытылған. Облыстық құқық қорғау органдарының үйлестіру кеңесіне қатысушылар жағдайдың алаңдатарлық шекке жеткенін, бұлай жалғаса берсе, оның соңы үлкен қасіретке айналатынын жасырмады. Өңірдегі әрбір сегізінші қылмыс ішімдік салдарынан жасалса, 2012 жылы бұл көрсеткіштің 55 пайызға артуы ойландырмай қоймайды. Айықтырғышқа түнеп шыққандардың арасында бір қолмен бесік, бір қолмен әлем тербететін нәзік жандар, тіпті кәмелетке толмағандар да аз кездеспейді.

Кеңесте адамдарды жиіркенішті әзәзілден аластатып, саламатты өмір салтына бейімдеу іс-шараларының жеткіліксіз жүргізілетіні, жергілікті билік орындары тарапынан алдын алу, болдырмау жұмыстарының пәрменсіздігі сын тезіне алынды. Сондай-ақ, арнайы емдеу ұйымдарының қауқарсыздығы белгілі болды. Благовещенка ауылындағы ішімдік пен есірткіден мәжбүрлеп емдеу мекемесі 150 адамды ғана қабылдай алады екен. Соның салдарынан емделушілердің ұзынсонар кезегі қалыптасқан. Жоғары білімді дәрігерлер тапшы.

Прокуратура қызметкерлері облыстық наркологиялық диспансердегі бірқатар келеңсіз жайттарды әшкерелеген. Тексеру барысында есірткі мен ішімдікке құмартушылардың есептен еш себепсіз шығарылатыны анықталған. Сорақысы сол, тіркеуге алынса да, тиісті медициналық көмектен мүлдем сырт қалған «өлі жандар» табылған. Осындай 11 фактінің табылғанына қарап-ақ жұмыс сапасының қандай деңгейде екенін бағамдай беруге болады.

Өмір ЕСҚАЛИ,

«Егемен Қазақстан».

Солтүстік Қазақстан облысы.