Парламент • 27 Қараша, 2019

«Педагог мәртебесі туралы» заң жобасы қаралуда

717 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин Нұр-Сұлтан қаласының ұстаздар қауымымен кездесті. Онда бүгінде Мәжіліс депутаттары жұмысқа алған «Педагог мәртебесі туралы» заң жобасы әңгіме өзегіне айналды, деп хабарлады Мәжілістің баспасөз қызметі.

«Педагог мәртебесі туралы» заң жобасы қаралуда

Елордалық мектепте өткен кездесуге ұстаздар қауымы, аталған заң жобасы бойынша жұмыс тобының мүшелері, құзырлы министрліктің өкілдері қатысты. Мәжіліс Төрағасы өз сөзінде:

– Елбасы Нұрсұлтан Назар­баев­тың және Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың мұға­лімдер мен оқушылар жүктемесін қысқарту, өз міндеттемелеріне кір­мейтін жұмыстан босату туралы басқа да тапсырмалары бар. Бірнеше айдан бері заң жо­басы Мәжілістің барлық коми­тет­терінде тиянақты әрі жан-жақты қаралуда, – деді.

Мәжіліс Спикері атап өткен­дей, бүгінге дейін жұмыс тобы­ның 21 отырысы өтіп, 100-ден ас­там түзетулер қаралған. Деген­мен, заң жобасын бүге-шігесіне дейін тыңғылықты әзірлеу үшін Пар­ламент өкілдері осы кездесуді ұйымдастырып отыр.

Кездесу барысында Мәжі­ліс Төрағасы ұстаздардың міндет­темелеріне кірмейтін жұмыс­тарды орындауға мәжбүрлеуден қорғау, негізсіз тексерулерге тыйым салу сынды мәселелерге баса назар аударды.

Сондай-ақ мұғалімдердің атақ-абыройын қорғауға да көңіл бөлінді. Мәжіліс Спикері норма­тивтік оқу жүктемесіне тоқта­лып, мұ­ға­лімдер жүктемесін қыс­қар­туды қараған кезде, оқу­шы­лардың да апталық жүктемесін азайтуды ойлану қажеттілігіне тоқталды.

Өз кезегінде ұстаздар қауымы заң жобасының маңызды нор­маларын талқылауға зор қызы­ғу­шылық танытты.

Кездесу соңында Н. Нығма­тулин аталған заң жобасының барлық талаптарға сай, сапалы болуы үшін ұстаздар тарапынан айтылған барлық ұсыныс-пікірлер жан-жақты талданып, барынша ескерілетінін атап өтті.

Педагогтар маңыздылығын ескере отырып, ұйымдастырылған кездесу үшін өз ризашылықтарын білдірді.