Руханият • 27 Қараша, 2019

Аттан түспеген азамат (Қайраткер Жандар Кәрібайұлы туралы бір үзік сыр)

589 рет
көрсетілді
17 мин
оқу үшін
Аттан түспеген азамат (Қайраткер Жандар Кәрібайұлы туралы бір үзік сыр)

Бәрі де балалық шақтан басталады ғой, оның балалық шағы керемет тәтті болмаса да, анау айтқандай ащы да болған жоқ. Тәтті болмағаны, Жандар соғыс Жеңіспен аяқталған жылы мектепке барған. Ел әлі есін жинай қоймаған кез. Көп нәрсе жетіспейді. Әсіресе оқу құралдары. Ал балалардың оқуға ынта-ықыласы ерекше. Ащы болмағаны, Әміреқыз ананың бар тілеуі жалғыз ұлдың үстінде. Отағасы ерте қайтыс болған. Жандардың алдындағы 5 қыз тұрмыста. Үйде аналы-балалы екеуі ғана. Әлі мүшелге де толмаған 12 жастағы балаға 14 шақырым жердегі аудан орталығы Ванновкаға (қазіргі Т.Рысқұлов) жаяу қатынап оқу оңай емес. Осыны ескерген мектеп директоры, Ленин орденді ұстаз Серж Әмірханов ағай оған мектеп жанындағы интернаттан орын бергізген.

«Анашым да екі көзі төрт болып ынтыға, қара жолға қараумен болады-ау деймін. Оны мен келгенде «келдің бе, құлыным!» деп құшағына алған кезде даусының дірілінен, жанарында мөл­тіл­деп маңдайыма тырс-тырс тамған жасынан байқайтын едім. Дастарқан жайып барын аузыма тосады. Әсіресе, жұмыртқа турап беретін, мен жақсы көре­тін нансалма. Не әпкелерім, не жеңге­лерім, тамақты татымды етіп істей­тін. Құдай қосқан қо­са­ғым да осы күнге дейін қанша тырысса да, дәл анамдай нансалманы дәмді дайындай алған емес. Анамның тамағын аңсаумен өмір сүріп келемін.

«Анама не жақсылық жасадым?» деп жиі-жиі ойға қаламын. «Түн ұйқысын төрт бөліп, шығарға жаны бейіл, ауырып қалсам бәйек болып бірге ауырған, жалғыз ұлының амандығын Алладан жалбарына тілеген, уайыммен жүдеген оның бір күні түгілі бір сәтін де өтей алмадым-ау» деп өкінемін. Каникул кезінде оған жәрдем болсын деп әліме қарай колхозда жұмыс істедім. Кезек келгенде паданың малын бақтым. Өгіз жеккен мажар арбамен фермаға шөп тасыдым, үйдің тірлігіне қарастым. Қарлығаштың қанатымен су сепкеніндей болса да, анама пайдам тисін деп қарап отырмадым. Оныншыны бітірген соң Серж ағай «Алматыдағы шет тілдер инс­титутына бір орын беріп жатыр, неміс тілінен беретін апайың Лидия Ивановна Штраус сені ұсынып отыр, барғаның дұрыс, шырағым» деп ақылын айтқанда, «Рахмет, ағай, анам егде тартып қалды. Алысқа ұзай алмаймын. Жамбылдағы зоотехникалық-малдәрігерлік техникумға барғым келеді» дегенмін. Ұстаз сәл ойланып, «мұның да жөн» деп құптаған-ды.

Ана біткен перзентінің жақсы бол­ғанын қалайды ғой. Ұлының мектеп­ті үздіктер қатарында жақсы үлгеріммен бітір­генін білетін Әміреқыз ана: «Жан­дар­жан, жалғыздың жары – Құдай, маған алаңдаймын деп ойдағы оқуыңды оқи алмай қалма» деген мектеп бітіріп жатқанында. Бірақ ұлы өз қалауымен «мал доқтырдың» оқуына баратынын айтқан. Шын мәнінде, жүрек түкпірінде «ҚазМУ-дің журналистика факультетінде оқысам ғой» деген арман жатқан-ды. «Оған кейін үлгере жатармын. Әзірге ертерек мамандық алып, апама нан жегізсем» деген тағы бір ой оны Жамбыл зоотехникалық-малдәрігерлік техникумына жетелей жөнелген. Бұл оқу орны сол кезде осы төңіректегі мықтылардың санатында.

Бұл Жандар ағаның «Анашым – арда­ғым» атты естелік-эссесінен үзінді.

Техникумды веттехник мамандығы бойынша қызыл дипломға бітірген Жан­дар апасының ақылымен Жамбыл облы­сы Жамбыл ауданы Танты ауылдық кеңе­сі­нің төрағасы қызметіндегі наға­шы­­сы Айтабан Тілеуқабыловқа барған. Ол кісі: «Сен ертең Жамбыл аудандық атқа­ру комитетінің төрағасы Айтбай Назар­бековке бар, дипломыңды көрсет, жағ­дайың­ды айт, ол жақсы адам, көмек­те­се­ді», – деді. Бардым. Көрікті, биязы кісі екен. Мұқият тыңдады да, біреуге телефон шалып: «Қазір саған бір жігіт барады, оны «Октябрь» колхозындағы ветучаскіге жібер», – деді. Бардым. Бастық қолыма бұйрықты ұстатты.

Алғашқы айлығымды алғанда қуаны­шым қойныма сыймай желдей есіп ауыл­ға келіп анамның алақанына салдым. Сол түні анам екеуміз қуаныштан таңға көз ілмедік. Анам «ұлым жігіт болды» деп қуанған шығар, «мен анама алғашқы нанымды жегіздім-ау» деп қуандым. Тағ­дыр­дың жазғаны да, қуанышымыз ұзаққа бар­мады. Екі аптадан соң, 1960 жылдың 21 мамыр күні, «анаң қайғылы қазаға ұшы­ра­ды» деген хабар келді. Мен әкелген ақшаға алғаны бір қорап шәй, бір кило қант, қал­ғаны қалтасында екен. Өмірім астан-кестен болды, жалғыз қалдым. Әпкелерім, атамның інісі, нағашыларым өздерімен-өздері. Қоржын тамда кешке дейін патефон ойнатып тыңдайтыным – Құрманғазының «Қайран шешем» күйі.

Бүгінде сексеннің сеңгіріне шығып отыр­ған қазыналы қария Жандар Кәрі­бай­ұлы, әрі қарай анасы дүниеден озған­­нан кейін артында алаңдайтын ештеңе қалмаған Жандар баяғы бір арманның жалына жармасып, ҚазМУ-ге құжат тап­сыр­ған. 1965 жылы осы оқу орнының филология факультетін қызыл дипломға бітіріп, жолдамамен Жамбыл облысына келді. Облыстық білім бөлімі Меркі ауданына жұмсаған. Жандардың Жамбылдан алыс­қа ұзағысы жоқ. Жүрек түкпірінде сол баяғы «журналист болсам» деген ой бұғып жатыр. Бірақ, жолдамамен келген маман кемінде екі жыл жұмыс істеуі керек. Облыс Жамбыл ауданының орта­лығы Аса ауылындағы мектеп-интер­нат­қа неміс тілінен мұғалім болып баруды ұсын­ған.

Мұғалім бола жүріп әртүрлі тақырыпта жазған мақалалары аудандық, облыстық газеттерде ара-тұра жарияланып тұрған. Журналист болудан үміті үзілген емес.

Сабақты ине сәтімен, жазғандары жоғарыдағылардың назарына іліккен Жандар Кәрібаев бір күні облыстық пар­тия комитетінен шақырту алды. Шақырған – үгіт-насихат бөлімі баспасөз секторының меңгерушісі, ақын Жақсылық Сәтібеков. Ол кісінің қабылдауында сол кез­де ордабұзар отыздың ортасынан ас­қан, көзілдірікті кісі отыр екен.

– Бұдан бұрын жабылып қалған Жамбыл ауданы қайтадан ашылғалы жа­тыр, – деді Жақсылық Сәтібеков аман­дық-саулық сұрасқаннан кейін. – Аудан ашылғаннан кейін оның органы бола­тыны белгілі. Мына кісі сол орган  аудандық «Шұғыла-Радуга» газеті­нің ре­дак­торлығына тағайындалған Сағат Ары­нов ағаң. Сенің жазатыныңды еске­ріп, осы газет редакциясынан қызмет ұс­ын­­­ға­лы отырмыз. Келісесің бе?

Келіспегенде ше, қуана келіскен. Жур­на­лист болу Жандардың арманы ғой. Сол арман орындалғалы отырғанда!..

– Әрине, келісемін! – деді қуанышын жасыра алмай.

– Келіссең, әрі қарай жұмыс жағдайын редакторың шешеді, – деді Жақсылық ағасы «әңгіме біттіні» аңғартып.

Жандар Кәрібаев «журналистиканың мекте­бі» саналатын аудандық газет редакциясында қызметті бет оқушыдан баста­ған. Содан корректор, әдеби қызметкер, аға тілші, бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы, редактордың орынбасары, редактор сынды қызмет сатыларының бәрінен өтті.

– Тілші кезімде мақала дайындау үшін ауданның кейбір шаруашылықтарына жаяу барған сәттерім болған. Көзбен көріп, көңілге түйіп жазған мақала көп­шілік көңілінен шығатыны сөзсіз. Жур­на­лист үшін ең жақсы жетістік те осы. Қазір интернеттен алып жазылған мақала онша тұщым­ды бола бермейтінін ойласа екен сол «жазғыш­тар».

Бірде «Қаракемер» совхозының Жа­ман­­көл шұратындағы тауарлы-сүт ферма­сынан таңғы сауын туралы репортаж дайындау жөнінде тапсырма алдым. Бір күн бұрын барып, қона жатып жазатындай онда менің қайбір нағашымның үйі бар. Он ша­қырымдай шамасындағы фермаға түн жамылып баруға тура келді. Абырой болғанда, ай жарық. Таңертеңгі сауынға үлгердім-ау әйтеуір. Сауыншылардың кейбірі таңғалып, енді біреулері аяп жатыр. Сол жолғы репортажым сәтті әрі шынайы шықты. Редактор да, бөлім меңгерушісі де риза. Сол ризашылық шаршағанымды, көрген мехнатымды да ұмыттырып жіберді, – дейді Жандар аға өзінің тілшілік қызметінде бастан кешкен бір оқиғаны еске алып.

Кеңестік кезеңдегі партиялық тәртіп, қа­лыптасқан үрдіс бойынша редак­тор­лық­тан Алматы жоғары партия мектебіне оқу­ға жіберілген Жандар Кәрібаев бұл оқу орнын да қызыл дипломға біті­ріп, аудан­ға идеологиялық хатшы болып орал­ған. Аудандағы әлеуметтік-тұр­мыс­тық, білім, мәдениет, медицина, сауда сын­ды салалардың жұмысын жандандыру, со­ларға қолдау көрсетіп көмектесу – мін­деті.

Өткен ғасырдың ортасында облыстық партия комитетіне үгіт-насихат бөлі­мі­нің меңгерушісі болып ауысқан Жандар аға партия тарағанда облыстық мәде­ниет басқармасына басшылыққа тағайын­дал­ған.

– 1991 жылы партия тарап, Кеңес дәуірі келмеске кетті. Мен ол кезде обкомда кадр­лармен жұмысты ұйымдастыру бөлі­мі­нің меңгерушісімін. Өмірбек Бай­гелді – облыс басшысы. Өмекең ма­ған облыс мәдениетін басқаруды тап­сыр­ған. 1995 жылы Қазақстан Рес­пуб­ликасы Парламентінің депутаты болып сай­лан­ғанға дейін мәдениет басқар­ма­сына жетек­ші­лік еттім.

Облысты мекендеген ондаған ұлт­тар мен ұлыстар өкілдерінің рухани-мә­дени сұраныстарын қанағаттандыру мақ­са­тында орыс, украин, түрік, күрді, әзер­бай­жан, неміс, татар-башқұрт, тағы басқа мәдени орталықтар құрылып, немістің «Фройндшафт», күрдінің «Най­нук», түріктің «Дэстегюль», дүнгеннің «Чун­тян» ұлттық ансамбльдері көрермендер көңі­лі­нен шығып, көзайым етті. Облыстың әр өңі­рінде айтыскер ақындар Шорабек Айдаровтың, Әзімбек Жанқұлиевтің, Серік Қалиевтың мектептері қалыптасты. Тың­дармандарын таланттарымен таң­дан­дырған, қазірде елді аузына қаратып жүрген Айнұр Тұрсынбаева, Күміскүл Сәрсенбаева, Шырынбек Қойлыбаев, Алтынкүл Қасымбекова, Мұхамеджан Таза­беков – кезінде мектеп оқушылары ара­сында оза шауып бәйге алған жеңім­паз­дар.

Жыл сайын бір ауылда немесе қалада өткізілетін этнографиялық «Достық» фес­ти­валі облыстағы ұлттар мен ұлыс­тар­дың салт-дәстүрлерін, мәдени мұраларын қайта жаңғыртуға, ұлттарды ұйыстыруға тіке­лей ықпал жасаған, кейіннен рес­пуб­лика көлемінде Қазақстан халқы Ассам­блея­сының құрылуына себін тигізген шара болғанын мақтанышпен айта аламыз.

Бүгінде өңірдің абыз ақсақалына айнал­ған қайраткер ағаны қазақ қоғамындағы жағымсыз жайттар толғандырады, ойландырады. Қоғамдағы келеңсіз көріністер жанашыр ағаның жанына батады. Тіпті, «жүрегіне шаншудай қадалады» десек те, артық айтқандық болмас.

– Ата Заңымызда жазылған демо­кратия­лық, әлеуметтік, құқықтық, зайырлы жаңа қоғам орнату жастардың бойына аға ұрпақ ұстанған адалдық, әдептілік, жауапкершілік, қайырымдылық, әділдік, имандылық, адамгершілік, отаншылдық сынды асыл қасиеттерді қаншалықты сіңіре алғанымызға байланысты. Заман өзгерген, пиғыл өзгерген тұста бұл оп-оңай өзгере салатын мәселе емес. Адам­ның қадір-қасиетін, азаматтық беде­лін байлықпен өлшейтін дерт атам заман­нан келе жатқан құндылықтар жүйе­сін жүде­тіп, жас буынның қоғамдық-саяси бе­делін төмендететіні шындық. Ол шын­дықты жасыру – шыңырауға құла­ға­нымыз.

Қазан төңкерісіне дейін абақтысы, жетімдер үйі, қарттар үйі болмаған елде қазір ұлт­тық кейпімізге кір келтіріп, намы­сымызға дақ түсіріп жүрген көкек аналар, түнгі көбелектер, тастанды балалар, қарау­сыз қарттардың пайда болуы дерт­тің үлкені ғой. Бұл – қоғамдық дерт. Бұл мәселе бүкіл қоғамды қобалжытып отыр. «Қызға қырық үйден тыю» деген халықтық қағида ғасырлар бойы қалың қауымға ар жүгінің ауырлығын мойындатып, болашақ ананың сүттен ақ, судан таза пәктігін қадірлеп-қастерлеудің қажеттігін сан ұрпақтың санасына сына­лап сіңіріп келмеп пе еді?! Ұлт ретін­де қалыптасып, мемлекет болып отыр­ға­ны­мыз соның нәтижесі ғой. Ертедегі Ақ­жү­ністер, Баяндар, Жібектер мен Қамар­лардай ұрпаққа ұран болған алдыр­майтын қамалдардың, майданға аттан­ған азамат – Құдай қосқан қосағын өле-өлгенше тосып, ақ төсегін аялап, сағы­ны­шын саялап адалдығын бақиға ала кеткен ана-даналардың, бүгінгі қызығы мен қуанышы сол шаңыраққа шырай беріп, берекесін еселеп, ұл-қыз өсіріп, немере-шөберелер сүйіп, уыздай ұйыған тату­лық­ты ту етіп, өзгелерге өнеге етіп отыр­ған енелер мен келіндер – мына фәни дүние­нің сәулесі солғын тартпас шоқ жұл­дыз­дары саналғандардың үрдістері қалай­ша ұмыт болып барады? Ай жарық, күн жылыда не көрінді бізге?!» – деп толға­на­ды қашанда қоғам мүддесін жеке бас мүд­де­сінен жоғары қоятын қайраткер.

– Адалдық, әдептілік, имандылық, арлылық секілді адами құндылықтардың арзандауын бәзбіреулер нарық заманы алып келген тұрмыстық ауырт­па­лық­тар­мен ақтағысы келеді. Бірақ, халқымыз қан­дай қиындықтар басқа түссе де, тіпті жау­гершілік, ашаршылық, нәубет кезінде де қадір-қасиетін жоғалтпай, ар-ұятты бәрінен биік ұстамап па еді?! Ендеше, мәсе­ле кесел­ге ұшыраған сананы емдеу­де болып отыр. Ізгілік құндылықтарын жас ұрпақ сана­сына сіңіруде отбасының, бала­­бақ­ша­ның,мектептер мен оқу орын­да­­ры­ның, еңбек ұжымдары мен қазыналы қарттардың, ақ жаулықты әзіз аналардың бірегей жұмыстары ауадай қажет. Бұған қоғамдық пікір қалып­тас­ты­рып, қозғалыс туғызатын БАҚ өкілдері белсене атсалысса, нұр үстіне нұр!, – деп түйткілді мәселенің түйінін шешуді ұсы­на­­ды өмірден көргені, көңілге түйгені көп көсемсөзші. Бұл ешқандай жылтыр сөз емес, бұл – ел дегенде ет жүрегі езілетін қам­қор қарияның сөзі.

Міне, ойындағы осындай игілікті істерді жүзеге асыруда екі рет қатарынан Парла­мент Сенатының депутаты болған Жандар Кәрібайұлы көп тірліктер тындырды. Сенатта аймақтық даму және өзін-өзі басқару жөніндегі комитеттің жау­апты хатшысы болған халық қалаулысы халық мүддесіне сай келетін заңдар қабыл­дануына белсене араласып, өзгер­ту­лер мен толықтырулар енгізілген кейбір заңдарға өзінің ұсыныс-пікірін білдірген кездері көп. Сенатор Жандар Кәрібай­ұлы 20 заң жобасын дайындауға жетек­шілік еткен. Осы заң жобалары қарал­­ған комитет отырысында ол өз тұ­жы­­­рымдарын дәлелді қорғай білді. Қазақ­тың «жеті рет өлшеп, бір рет кесу» тура­лы қағи­дасындағыдай, ондайда он ойла­нып, тоқ­сан толғану керек.

Жандай Кәрібайұлы жауапты хатшысы болған комитетте негізінен әлеуметтік, денсаулық, білім, мәдениет, спорт мәсе­ле­ле­рі қаралатын. Сонда комитет отырыс­та­рында сенатордың жоғарыдағы ой толға­ныс­тары да назардан тыс қалған емес.

Жандар Кәрібайұлының «Ат тұяғын қыздырған атамекен» атты кітабы бар.Онда автордың депутаттық қызметінің қыр-сырын ашып көрсететін мақалалар да орын алған. Оларды оқып отырып кейбір көбікауыз көпірмелердің «депутаттар қол көтеріп қойып қарап отырады» деген сипаттағы ойға іріткі салатын кереғар пікірлеріне жауап алғандай боласың.

Жандар аға Сенаттағы депутаттық өкілеттігі аяқталған соң бірқатар жыл «Қазтелеком» акционерлік қоғамында жауапты қызмет атқарған. Соңғы кездері Жамбыл облыстық қоғамдық кеңесінің төрағасы болды.

Саналы ғұмырында аттан түспей қыз­мет атқарған азамат қазір де қоғамдық жұ­мыс­тардың бел ортасында. Ол – облыс­тық ардагерлер кеңесінің алқа мүшесі. Беделді ұйымның белсендісі.

Жандар аға – өркені өскен әулеттің әкесі. Шаттық ұялаған шаңырақтың отағасы, қазыналы қария.

 

Болат ЖАППАРҰЛЫ,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

 

Жамбыл облысы