Аймақтар • 27 Қараша, 2019

«Мәңгілік алау» маздады

586 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жанкелдин ауданындағы төрт түлік мал өргізген Аралбай ауылында «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы шеңберіндегі «Туған жерге тағзым» акциясы аясында Ұлы Жеңістің 75 жылдық мерейтойы қарсаңында Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне, осы сұрапыл соғыстан оралмаған боздақтарға, қуғын-сүргін құрбандарына, 1928 – 1932 жылдары ашаршылықта қаза тапқан жерлестер рухына арнап, «Мәңгілік алау» ескерткіш-белгісі орнатылды.

«Мәңгілік алау» маздады

– Торғайлықтар ел мен жердің тарихына өте сергек қарайды. Себебі аталары­мыз осы жерде аштықтан қы­­рылды, қуғынды да көрді, ал талай боздақ соғыстан қайт­пай, шаңырағы ортасына түсті. Бұл ескерткіш-бел­гі ауыл­дастардың елжан­ды­­лығымен, перзенттік парызды жоғары сезінуімен пайда болды. Бірліктің ар­қа­сы, – дейді ауыл әкімі Қой­шыбек Молдабеков. Қазір қай жерде қандай да ірілі-уақ­ты іс қаржысыз жүзеге аспайды. Ескерткіштің ашылу салтанатында аудан әкімі Шота Оспанов осы іске демеу­шілік көрсеткен Төретай Әл­мамбетов, Әліби Бекқали, Ел­жан Хамзин, Құлахмет Шай­хыстанов, Мұхит Тұр­ғынбекұлы секілді кәсібін дөң­гелеткен ауылдастардың қолын қысып, рахметін айтты.

Шалғайда жатқан Аралбай секілді ауылдарда адам­дар­дың іскерлігімен қа­тар ай­наласын ұйытатын бел­сен­ділігі, бірлігі ғана туған жерді тозудан сақтайды, көр­­кейтеді. Аралбайлық Бал­ға­бай Қабжанов, Байғара Тоқ­санбеков, Серік Мұстафин, Сапар Қозыкин, Хамит Аң­сағаев секілді азаматтардың бастамалары, игілікті істері ауылды рухани тербетіп отырады. Жейтін асы мен киер киіміне тарықпаумен қатар, көңілге шуақ төгер қызықты ортасы бар ауылдан ешкім де көшкісі жоқ. Шағын футбол алаңын да бірінші салған осы ауыл. Қазыбай әулие мазарына құрылыс жұмыстарын жүргізіп, зиярат етуге келгендер үшін басына үй салды. «Костычев» ЖШС-нің директоры Балғабай Қабжановтың демеушілігімен Жангелдин орта мектебінде ІТ сыныбы ашылды.

Аралбайдағы аштық пен соғыс құрбандарына арнап тұр­ғызылған ескерткіш бел­гі­нің өзі ауылдан жү­рекке жылы тиер леп ескендей әсер берді.

Қостанай облысы,

Жанкелдин ауданы,

Аралбай ауылы