Татарстан – Ресей аумағындағы табысты аймақтың бірі екеніне тоқталған Нұрлан Нығматулин біздің еліміздің Татарстанмен ынтымақтастығы жалпы қазақстандық-ресейлік өзара іс-қимылды дамытуға айтарлықтай үлес қосатынын атап өтті.
Н.Нығматулиннің айтуынша Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Ресей Президенті Владимир Путиннің достығы және бірлескен еңбегі қазақстандық-ресейлік қарым-қатынасқа серпін берді.
Осы ретте Мәжіліс Спикері Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сыртқы саясаттағы сабақтастықты жалғастыра отырып, Қазақстан мен Ресей әріптестігін жаңа деңгейге жеткізетініне сенім білдірді.
Өз кезегінде Мемлекеттік Кеңес төрағасы бауырлас қос мемлекеттің мызғымас мәдени, рухани, экономикалық байланыстарына тоқталды.
Фарид Мухаметшин атап өткендей, бүгінде мықты экономикасы мен сенімді болашағы бар Қазақстаннан көп нәрсені үйренуге болады. Татарстан Парламентінің Спикері өз халқын ортақ мақсат жолында біріктіре отырып, табысты мемлекет құрған Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ерен еңбектерін атап өтті. Және қазақстандық жолды Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт-Токаевтың сәтті жалғастырып келе жатқанын айтты.
Тараптар барлық салада ықпалдастықты тереңдетудің маңыздылығына назар аударды.
Ал, парламентаралық өзара әріптестікті күшейту бағытында қажетті заңнамалық база қалыптастыру Қазақстан мен Ресей мүддесі жолындағы ортақ мақсаттарды жүзеге асыруға ықпал ететініне сенім білдірді, деп хабарлады Мәжілістің баспасөз қызметі.