Жастар жылына орай жас мұғалімдерге қолдау көрсету мақсатында ұйымдастырылған іс-шараның ашылу салтанатымен институт директоры Раиса Садвакасова құттықтап, ағылшын тілі пәні мұғалімдері үшін ұйымдастырылған тренингтер топтамасының маңыздылығын атап өтті. Сонымен қатар ағылшын тілі бағдарламасы бойынша Өңірлік офис директоры Джон Сильвер, ағылшын тілі бағдарламасының координаторы Ольга Патерова тренингтердің сәтті өтуіне ізгі тілектерін білдіріп, тренингке қатысушы мұғалімдермен арнайы кездесуге АҚШ-тың Алматы қаласындағы Бас консулы Эрик Майер келетіндігін хабарлады.
Сонымен, «Ұстаздар үйінде» АҚШ-тың Мемлекеттік білім департаментінің ағылшын тілі бойынша «English Language Fellow» стипендиаттары, шетелдік он бес әдіскер бес секция бойынша 150-ден астам қала мұғаліміне тренингтерін бастап кетті. «English Language Fellow» бағдарламасының 50 жылдығына сәйкес, шетелдік оқытушылар шеберлік сыныбын өткізіп, ағылшын тілі әдістемесін оқыту барысындағы ең жоғары нәтижеге қол жеткізу ерекшеліктерімен жан-жақты таныстырды. 8 сағаттық тренингтен соң мұғалімдер институттың мәжіліс залында АҚШ-тың Алматы қаласындағы Бас консулы Эрик Майер мырзамен кездесті. Бас консул осындай маңызды іс-шараны ұйымдастыруға ұйытқы болған Алматы қаласы бойынша «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы басшылығына алғыс білдіріп, «English Language Fellow» бағдарламасының қысқаша тарихына тоқталды.
Ағылшын мәдениетімен таныстыру, ағылшын тілін әлем халқына үйрету мақсатын көздеген бағдарламаның іргетасы 1969 жылы қаланды. Қазіргі таңда 200-ден астам ағылшын тілін таратушы маман айтулы бағдарлама аясында әлемнің 80-нен астам елінде табандылықпен еңбек етуде. Елу жылдығына орай Алматы қаласының мұғалімдеріне Орта Азия өңіріндегі бағдарламаның үздік оқытушылары сабақ өткізіп, өз тәжірибелерімен бөлісті. Осындай бағдарлама аясында өткізілген тренингтер топтамасының ағылшын тілі пәні мұғалімдерінің тәжірибесін шыңдап, сабақ өту әдістерін байытуға мүмкіндік жасайтындығына Эрик Майер мырза сенім білдірді.
АЛМАТЫ