Мемлекеттік хатшысы Қ.Көшербаевтың төрағалығымен Шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссияның кезекті отырысы өткені белгілі. Комиссия шешімімен 234 үміткерге стипендия тағайындалды. Олар магистратура мен докторантурада білім алады, сондай-ақ әлемнің жетекші ғылыми және өндірістік ұйымдарына тағылымдамаға жіберілетін болады.
Биыл өткен республикалық комиссияның екі отырысының қорытындысы бойынша 1245 үміткердің 321-і «Болашақ» халықаралық стипендиясының иегерлері атанды. Үлестірілген стипендияның 92%-ы магистратура бағдарламалары, 8%-ы докторантура бойынша тағайындалды.
Стипендиаттарды санаттар бойынша бөлсек, мемлекеттік қызметкерлер – 21, бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері – 4, өз бетімен түскендер – 200, инженерлік-техникалық қызметкерлер – 12, жалпы конкурс – 65, ғылыми-педагогикалық қызметкерлер – 19 адамды құрайды.
Стипендиаттарды елдер бойынша атасақ, Австралияда – 4, Ұлыбританияда – 242, Канадада – 4, Италияда – 7, АҚШ-та – 54, Германияда – 2, Бельгияда – 2, Ресейде – 4, ал Нидерландыда – 2 студент білім алуда.
2020 жылдан бастап «Болашақ» халықаралық стипендиясын жүзеге асырудың жаңа тәсілдері енгізілмек. Олар конкурстық іріктеуді жүргізу тетіктерін жетілдіруді және автоматтандыруды, оның кезеңдерін қысқартуды, шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссияның жұмысын оңтайландыруды, жұмыс органының жауапкершілігін арттыруды көздейді.
Бұдан басқа, стипендиаттарды оқытуға байланысты барлық академиялық процестер қосымша реттелетін болады.
Ақпарат үшін:
«Болашақ» халықаралық бағдарламасы жүзеге асырылып жатқан 26 жылдың ішінде 13 870 стипендия тағайындалды. Оның ішінде 1994 жылдан 2004 жылға дейін – 785 стипендия, 2005 жылдан 2019 жылға дейін – 12 851 стипендия бөлінді. Оның 3 379-ы бакалавриат, 6 951-і магистратура, 35-і аспирантура, 87-сі клиникалық ординатура және 332-сі докторантура бағдарламасы бойынша оқу, 2 067-сі тағылымдамадан өту үшін берілді.
Осы уақытқа дейін барлығы 10 854 маман даярланды. Түлектердің жалпы санының 54,3%-ы әлеуметтік-гуманитарлық мамандықтар, 36,7% – инженерлік-техникалық, 7,2% – медициналық және 1,8% – шығармашылық мамандықтар бойынша оқуларын аяқтады.
Бүгінгі күні 6 943 түлек өздерінің шарттық міндеттемелерін орындады. Олардың ішінде еңбекпен қамту мониторингінде тұрғандары – 3 374, диплом күтіп отырғандары – 388, еңбек арқылы жұмыс істеу бөлігінде шарттық міндеттемелерді орындау кейінге қалдырылғандар (оқуға, бала күтіміне және т.б. байланысты) саны – 150 адамды құрайды.
Қазіргі таңда «Болашақ» бағдарламасымен әлемнің бірнеше елінде 1199 стипендиат білім алып жатыр. Олардың 7-еуі бакалавриат, 1016-сы магистратура, 137-сі докторантура бағдарламалары бойынша, ал 39-ы тағылымдамадан өтуде. Стипендиаттар саны жағынан Ұлыбритания мен Ирландияда – 44,8%, АҚШ пен Канадада – 41,5%, Құрлықтық Еуропа елдерінде – 6,4%, Азия және Тынық мұхиты елдерінде – 5,5%, Ресей Федерациясында – 2,2%-ға тең.