Болатбек Бейісбектің отбасында сегіз адам шығармашылықпен айналысады. Болатбек Бектасұлы Бейісбеков, Күләш Айдарбекова, Берік Болатбекұлы Бейісбеков, Мәдина Нұрланқызы Ахметова, Венера Болатбекқызы Бейісбекова, Ақбота Болатбекқызы Бейісбекова, Арайлым Болатбекқызы Бейісбекова және Нұрай Берікқызы Бейісбек. Үлкен шығарамшылық әулетте Қазақстан Суретшілер одағының жеті мүшесі, Қазақстан Қолөнершілер одағының бес мүшесі бар. Олардың арғы ата-бабалары қолөнерімен айналысқан, осы көркем дәстүрден бастау алатын әулеттің өнердегі өз жолы, өзінің дара стилі, өзіндік қолтаңбасы қалыптасқан.
Шараның ашылу салтанатында сөз алған Ұлттық музей директорының орынбасары Алмаз Нұразхан: «Құрметті, өнер сүйер қауым! Қазақстанда әулетпен ортақ жұмыс істейтіндер санаулы ғана. Соның бірі – Бейісбековтер отбасы. Бүгінгі көрмеге ұсынылған туындылар дүниежүзіне таныстырылып, Түркия, Нидерланды, Германия, т.б. елдерге көрсетіліп, лайықты бағасын алған. Ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан отбасылық өнердің арқасында бұл азаматтар қазақтың рухын көтеріп, ұлттық өнерді насихаттап жүр. Сіздерді Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлованың, Ұлттық музей директоры Арыстанбек Мұхамедиұлының атынан құттықтап, зор денсаулық тілеймін. Өсіп, өне беріңіздер», - деді.
Бейсбеков Болатбек Бектасұлы - шығармашылық жетістіктерінің арқасында Түркіменстан, Казань,Турция, Ташкент, Германия, Қытайда өткен дүние жүзілік қолөнер шеберлерінің 50 жылдық мерейтойында, Индия, Вьетнамда және алыс-жақын шетелдерде көрме, симпозиумдарға қатысып, қазақ қолөнерін насихаттауда. Жары Айдарбекова Күләш Өсерқызы да жолдасы Б. Бейсбековпен қолөнердің құндылығын қарыштатып келеді. Өнерлі отбасында алты баланы тәрбиелеген алтын құрсақты ана мен ардақты әкенің төрт баласы қазақ өнерінің жанашырларына айналған.
ҚР мәдениет қайраткері, музей ісінің ардагері, ҚР Қолөнершілер одағының көрме кураторы Рысгүл Бекталиева: «Ұлттық музей қашанда ұлт өнерін дәріптейтін, ұлт өнерін дүниежүзіне паш ететін таным мен тарих, тағлым ордасы. Сондықтан қолөнер шеберлерінің, өнерлі отбасының өзінің Қазақстандағы алғы жолын Ұлттық музейден бастауы заңдылық. Қазақтың ою-өрнегін сөйлетсе, ол арман-тілекті, батаны, бақыт, толысу, көбеюді білдіреді. Бүгінгі көрмеден сол ғажап ерекшелікті тамашалай аласыздар», - деді.
Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің демекші, Болатбек Бектасұлының отбасылық өнері ата-бабасынан бастау алған. Бүгінде бұл өнер ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, жанұядағы мектеп қабырғасында жүрген балаларына дейін дарыпты. Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, зор еңбекпен жүзеге асырған өнерлі отбасының орасан жұмысы халыққа берер үлгі-өнегесі мол, қайталанбас туындылар. Олардың әрқайсысы автордың өзгеге ұқсамас, өзіне тән қолтаңбалық шеберліктерін айқындайтын бұйымдар. Оның нәтижесі бұған дейін өткізілген «Асылмұра», «Шаңырақ», «Туғанжерге тағзым», «Көктем үні» атты отбасылық шығармашылық көрмелерінде көрініс алған.
Шара барысында Ақбота Болатбекқызы Бейісбекованың авторлығымен қазақ ұлттық киім үлгілерінің дефилесі көрсетілді.
Сонымен қатар Нұр-сұлтан қаласы суретшілер одағының төрағасы Исмаилов Өмірәлі отбасы мүшелерін үздік өнерлері үшін марапаттап, шығармашылық табыс тіледі.