22 Шілде, 2013

Жаңа биіктерге жетелейтін қадамдар

294 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

131112-4

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назар­баев­тың биылғы Қазақстан хал­қына арнаған «Әлеуметтік-эко­но­микалық жаңғырту – Қазақ­стан дамуының басты бағыты» атты Жолдауындағы он негізгі бағыт – халықты жұмыспен қам­тамасыз ету, қолжетімді баспана, өңір­лерді дамыту мәселесі, ха­лыққа қызмет көрсету қызме­тінің сапасын арттыру, құқық қорғау және сот органдарының жұмыстарын жаңғырту, сыбайлас жемқорлық­пен күресті кү­шейту, адами капиталды дамыту, зейнетақы қор­ларының жұмыс­тарын жүйеге кел­тіру, үдемелі индустриялық-инновациялық жобаларды жүзеге асыру сияқты өзекті мәселелерді шешудің ай­қын жолдарын нақты көрсетуі­мен құнды.

Елбасының «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жал­пыға Ортақ Еңбек Қоғамына қа­рай 20 қадам» атты бағдарла­ма­лық мақаласы осы басым бағыт­тарды жүзеге асыруға жаңа бір серпін берді. Осы тарихи мәні зор бағдарламалық мақалада «Нұр Отан» ХДП алдына да үлкен міндеттер қойылып отыр. Осы міндеттер бір-бірімен са­бақтаса келіп, еліміздің экономикасын ны­ғайтудың, қазақстан­дық­тар­дың әл-ауқатын артты­ру­дың тол­ғауы тоқсан мәселелерін шешуге арналған. Егемен еліміз­дің өркен­деуі, әл-ауқатының жақ­саруы, жастардың жұмыспен қамтама­сыз етілуі, еңбек етіп жатқан қа­рапайым адамдардың еңбе­гінің бағалануы дамы­ған елдер қата­ры­на қосылуға берік негіз қалайтын қадамдар екені сөзсіз.

Елбасының «Қазақстанның әлеу­меттік жаңғыртылуы: Жал­пыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты бағдар­ламалық мақаласы «Нұр Отан» ХДП Ақтөбе облыстық филиа­лының кеңейтілген саяси кеңе­сін­де жан-жақты талқыланды. Об­лыстық филиал төрағасы Балғали Ордабаевтың айтуынша, 35 800-ден астам мүшесі бар барлық 435 бастауыш партия ұйымдарында ашық партия жиналыстары өтіп, аталмыш бағ­дар­ламалық мақала қызу талқы­ланып, кеңінен қолдау тапқан. Ол партияға бағдарламаны бар­лық деңгейдегі мекемелер мен ұйымдарда жан-жақты түсінік жұмыстарын жүргізу, олардың орындалуы мен жүзеге асырылуын қатаң бақылауға алуға байланысты жаңа міндеттер жүктел­ген­дігін жеткізді.

– Бағдарламалық мақаладағы тапсырмаларды жүзеге асыру мақ­сатында барлық деңгейде үгіт-на­си­хат топтары жұмыс жасауы тиіс. Партия мүшелері мен облыстық және аудандық мәс­лихаттың депутаттары, мекеме мен ұйым басшылары халыққа бағдарламалық ма­қаланың ма­ңыз­дылығын түсін­дірумен қатар, оның жүзеге асырылуына қа­рапайым халықтың атсалысуына көп көңіл бөлуі керек, – деп атап өтті филиал төрағасы Балғали Ордабаев.

Қазақстанның жаңа тарихын­дағы бұл бағдарламалық мақа­ладағы басқа да тапсырмаларда қазақстандықтардың жұмысқа тар­тылуы, әлеуметтік саладағы ұлттық заңдарға түгендеу жүр­гізу және әлеуметтік оқыту мен жаңа жұмысқа орналасуға сеп­тігін тигізетін оның тиімді жү­йесін жасау, кәсіпкерлікті дамы­туға көмек­тесіп, жәрдемдесу, еңбек ресурс­тарының жинақы­лы­ғы мен ұтым­дылығын жүзеге асыру, Қазақ­стан­ның экономика­лық жағынан оның белсенді жұмыс атқаратын орындарында жұмысқа орнала­суға басымдық беру, 2020 жылға дейінгі білік­тіліктің ұлттық жүйе­сін кезең-кезеңмен әзірлеу, 2013-2014 жыл­дан бастап жалпы білім бе­ре­тін мектептердегі оқу үдері­сінде білім берудің интерактивті түрлерін пайдалануды кеңейту және он-лайн оқытудың арнаулы оқу бағдарламаларын енгізу бойынша облыстық мәслихаттың депутаттары, саяси кеңес мүшелері жұмыс істеп жатыр.

«Нұр Отан» ХДП Ақтөбе облыстық филиалының саяси кеңес мүшелері «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жал­пыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты бағдарла­малық мақаланың негізгі мақ­саты халықтың әлеуметтік жағ­дайын жақсартып, экономиканы дамыту болып отырғанын түсі­неді. Сондықтан осындай келелі істерді түбегейлі жүзеге асыру үшін барлығымыз атсалысып, жұмыс істеуіміз қажет. Қазақ­стан­ның мәртебесін көтеріп, кө­сегесін көгертіп, тәуелсіз еліміз­дің түтіні түзу шығуы бағытында жұмыс жасау ниеті әрбір қазақ азаматының көкейінде ұялауы керек. Сонда ғана тәуелсіз Қа­зақ­станның тұғыры берік, еңсесі биік болады.

Сөз соңында айтарым, атал­ған бағдарламалық мақаланың жас­тарға да тікелей қатысы бар. Сон­дықтан оған олар да үлкен үлес қосады деп үміттенеміз. Және осы мәселенің «Жас Отан» ЖҚ-ның ІІ съезінде әңгімеге ар­қау болатынына да еш күмәніміз жоқ.

 Нұрдәулет АЛДАШЕВ,

«Нұр Отан» ХДП Ақтөбе облыстық

филиалы партиялық-ұйымдастыру

жұмыстары бөлімінің меңгерушісі.