Қоғам • 28 Қараша, 2019

Садақа беру мәдениетінің заманауи үлгісі

466 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Нұр-Сұлтан қаласындағы Әлжан ана мешітінде «QIWI» электронды садақа терминалының тұсаукесер рәсімі өтті. Іс-шараға Ақпарат және қоғам­дық даму министрі Дәурен Абаев, Қазақстан Мұсылмандары діни басқарма­сының (ҚМДБ) төрағасы, Бас мүфти Серікбай қажы Ораз қатысты.

Садақа беру мәдениетінің заманауи үлгісі

Жиын барысында ҚМДБ имамдарымен кездескен министр таяуда өткен ІІІ Республикалық имамдар форумында қабылданған маңызды құжаттарға тоқталды. Форум ҚМДБ-ның ұйымдас­тырушылық-идеологиялық қызметін жаңа бір белеске көтеріп, тың рухани серпін бергенін, сондай-ақ еліміз­дің өңірлеріндегі облыстық және қала­лық орталықтарда имамдар форумы жал­ғасып жатқанын жеткізді. «Атап айтқанда, «Жеті рухани қазық» Қазақ­стан мұсылмандарының рухани тұғыр­намасы – ғасырлар бойы ата-бабаларымыз ұстанған дәстүрлі ұлттық рухани құндылықтар мұрасын түсіндіруге негізделген. Құжатта «имандылық», «отан­шылдық», «білімділік», «ауызбір­шілік», «еңбекқорлық», «мәдениет­тілік», «әділдік» сынды ұғымдарға кеңінен түсініктер берілген. Бүгінде форум­да қабылданған маңызды құжат­тар­ды талқылау мақсатында Қазақ­стан өңірлеріндегі облыстық және қала­лық орталықтарда имамдар фору­мы өткізілуде. Бүгінгі мешіт имамдары­ның халық арасындағы толассыз уа­ғыз-насихаттары, белсене араласатын қа­йы­рымдылық іс-шаралары, ағартушылық мақсаттағы ауқымды істері – Қазақстан мұсылмандарының руха­ни сұранысына қалтқысыз қызмет ету­дің жарқын көрінісіне айналуда. Сон­дай-ақ қоғамдағы бірлік пен келі­сімді, татулық пен бейбітшілікті нығай­туға аянбай үлес қосуда», деді Д.Абаев.

Сонымен қатар іс-шарада министр азаматтардың қайырымдылығын еркін қабылдау үшін орнатылған «QIWI» электронды терминалының жұмы­сы­мен танысты. Д.Абаев осы орайда: «Бүгін біз сіздермен бірлесе отырып, Әлжан ана мешітінде азаматтардың қайырымдылығын еркін қабылдау үшін «QIWI» электронды терминалының тұ­сау­кесер рәсіміне қатысып отырмыз. Қазіргі уақытта, ҚМДБ тарапы­нан Нұр-Сұлтан қаласындағы 12 мешіт­ке қайырымдылықты қабылдау мақ­сатында «QIWI» электронды тер­ми­нал­дар орнатылды. Мұндай тер­ми­налдарды барлық облыстық, қала­лық орталықтардағы мешіттерге орнату жұмыстары жүргізілуде. Діни басқар­ма­ның есеп айырысу шотына азаматтар­дан қолма-қол ақшасыз тәсілмен қайы­рымдылықтың түсуі ҚМДБ-ның қаржы-шаруашылық қызметінің ашықтығы мен жариялылығына халықтың сенімін тудырып, оның беделінің артуына оң септігін тигізетін болады», деді.

Өз кезегінде Бас мүфти Серікбай қажы Ораз қазір елімізде 58 жерде садақа терминалы орнатылғанын айта келіп, «Біріншіден, бұл қаржы ашықтығын қамтамасыз етеді, екінші­ден, есеп-қисап жүйесіндегі жұмысы­мызды жеңілдетеді, үшіншіден, қазір әлемнің дамыған мұсылман елдерінде уақып, зекет, т.б. қайырымдылық қорлардың қаржы саласы электронды тәсілге көшкен. Біз де осындай озық жүйеге кезең-кезеңімен көшуіміз керек. Бүгінгі замана үрдісі осындай бастамаларды талап етуде», деді. Бас мүфтидің айтуынша, қазір адамдар зекеті мен садақасын смартфон арқылы беруді қолайлы санайды.

«Бүгінгідей нарық заманында уақыт деген нәрсе – бәрінен биік құн­дылыққа айналды. Осы жағдайды ескеріп, Зекет қорының смартфондағы арнайы қосымшасын жасап шықтық. Сол қосымшада көмекке аса мұқтаж азаматтар мен науқас кісілердің базасы бар. Кімге қаржылай көмектескіңіз келеді, өзіңіз білесіз. Сіз берген көмек сол адамның есепшотына тікелей түсіп тұра­ды. Сіз оның есеп-қисабын сол қосым­шадан көріп отырасыз. Сон­дық­тан мешітке садақа терминалын орнату уақыт талабынан туған бастама деп айтар едім. Біз осылайша садақа беру мәде­ниетінің заманауи озық түрін пайдалануымыз керек. Бұл арқылы, тағы да қайталап айтамыз, адам өзінің берген садақасын қайда жұмсалып жатқанын көре алады әрі оны басқара алады», деді Серікбай қажы Ораз.

 

Соңғы жаңалықтар