Аймақтар • 28 Қараша, 2019

«Біз осы өңірге тұру үшін келдік» – дейді пәтер кілтін алған дәрігерлер

176 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Қазақстанның Тұңғыш Президенті күні мерекесі қарсаңында Қостанай ауданында ақ түйенің қарны жарылды десе болғандай. Аудан орталығы – Затобол кентіне тиіп тұрған Заречный ауылында қаладағыдай көпқабатты зәулім үйдің соңғы шегесі қағылып, тұрғындарға берілді.

«Біз осы өңірге тұру үшін келдік» – дейді пәтер кілтін алған дәрігерлер

«Мұндай үйдің берілгені бірін­ші емес қой, ол үшін ақ түйенің қар­ны жарылып қалды ма?» деген ой кімде болса да қылаң ете қалатынын білеміз. Осы үйден пәтер кілті ал­ды­мен аудандағы медицина қыз­меткерлеріне ұсынылды. Қоныс тойдың қуанышына жиналып тұрғандар жаңа пәтерге өздері кіргендей сатырлатып шапалақты ұрды дерсің. «Әп, бәрекелді!» деп қояды. Шапалақ соқпай қайтсін. Қазір ауылда жұрттың өз үйіндей жанына ең жақын үш орын бар. Соның ең бастысы – фельдшерлік-акушерлік пункт, ауылдағылар оны «ауылдың доғдыры» дейді, екіншісі – мектеп пен балабақша, үшіншісі – кітапхана мен клуб.

Басы ауырып, балтыры сызда­ған­дардың барлығы «ауылдың доғдырына» барады. Ауылдағы фельдшер түгіл, осы жақын жылдары ауданда хирург қалмаған еді. Жеңілдетілген бағдарлама бо­йынша аудандағы 17 дәрігер мен 3 медбикеге Заречныйдағы жаңа үйден пәтер берілді. Солардың арасында ауданға биыл келген ерлі-зайыпты дәрігерлер Михаил Бур­лак пен Жанар Ыбыраева да бар. Михаил Сергеевич Қостанай аудандық ауруханасына хирург, Жанар Әлімжанқызы терапевт болып орналасты. Өздері Ақмола облысынан Қостанай жеріне қоныс аударған.

– Бізді тұрған жерімізден ешкім қуған жоқ. Өзіміз Қостанай облысында тұрғымыз келді, мұнда әлеу­меттік жағдайдың жақсы жасалатынынан хабарымыз бар. Біз аудандық ауруханаға келгенімізде зайыбымыз екеуміз әрқайсысы­мыз 100 айлық есептік көрсеткіш көлемінде, яғни 500 мың теңгеден көтермеақы алдық. Жақын арада тағы да әрқайсысымыз 1 мил­лион 500 мың теңгеден көмекақы аламыз, отбасымызға 3 мил­лион теңге кіргелі тұр. Міне, бүгін жаңа пәтердің кілтін алып тұрмыз. Мұндай көмек беріліп жатқанда біз де бар біліміміз бен білігімізді ха­лықтың денсаулығын жақсарту ісіне жұмсаймыз, мұндай қолдау-көмек бізді ерекше қанаттандырады. Облыс әкімі Архимед Бегежанұлы, сізге тек өз атымнан ғана емес, облысқа келіп жатқан барлық медицина қызметкерлері атынан айтар алғысым мол, – деген еді Михаил Сергеевич пәтер кілтін алып тұрып.

Облыстағы ауруханалар мен емханалар соңғы жылдары медицина мамандарына тіпті жұтап кеткен еді. Алыс аудандарды айтпағанда, облыс орталығының іргесіндегі Қостанай ауданының медицина мекемелері қиын жағдайды бастан кешкен болатын. Жалпы аудандық аурухана мен емхананың өзінде оториноларинголог, кардиолог, травматолог, онколог және тағы басқа осы секілді мамандар жетіс­пейтін. Соңғы үш жылда аудан­ға 50 медицина қызметкері келді, оның ішінде 25 дәрігер универ­ситет қабырғасынан енді ұшқан түлектер. Олар тек аудан орталығындағы ауру­хана мен емханаға емес, бар­лық елді мекендерге орналасты. Биыл облыс әкімі Архимед Мұхам­бетовтің бастамасымен ауылды жер­ге баратын дәрігерлерге сол жер­ден баспана ала алатындай көмек қаржысы берілді.

– Біз сіздердің осы ауданның тұр­ғылықты тұрғыны болып кету­лері­ңізді қалаймыз. Өздеріңіздің кәсіби ісіңізді дәл осы кілтті алып тұр­ғандай жайраңдап жүріп ат­қар­са­ңыздар деп ойлаймыз. Мұ­ның адамдар үшін маңызы қан­дай үлкен!, – деген еді Архимед Бегежан­ұлы. Осы жолы өңір басшысы дәрі­герлерге пәтер кілтімен қатар облыстағы бірнеше «Жедел жәр­дем» стансасына реанимобиль көлігінің де кілтін табыс етті.

Әрине облыста медицина қыз­мет­­керлерінің жетіспеуі ішкі көші-қонның күшеюінен екені барлы­ғына белгілі жайт. Ауылдарға мұ­ға­лім мен дәрігердің баруы қиындады. Сондықтан соңғы жылдары өңірдің барлық шалғайына 360-тан аса медицина маманы керек болды. Ауылдағылардың қала­ға неге аңсары ауады? Өйткені ауыл мектебіне мұғалім бармайтын болды, фельдшерлік-акушерлік пункт­ке дәрігер тұрақтамайды. Ал дәрі­гер бұрынғыдай емес, қу­сы­ры­лып, тұрғындары азайған, көшіп жатқан, үйлер салынбайтын, әлеу­мет­тік жағдайы төмен ауыл­дарға бар­ғысы келмейді. Дала­дағылар да, қала­дағылар да біріне-бірі байланысты осындай сүреңсіз жағдай қашанғы жалғасады деп ойлаушы еді. Міне, «бәрі маманға байланысты» деген Кеңес заманынан қалған сөздің жаны бар екен. Ауылдарға да, қалаларға да жоғары білімді дәрігерлер, медицина орта мамандары топ-тобымен келіп жатыр. Биыл облысқа 255 дәрігер мен фельдшер, медбике келді.

– Біз алдын ала медицина академияларына екі реттен барып, түлектермен әңгімелестік, облыс­та оларға жасалатын әлеуметтік жағдайлар туралы айттық. Біздің жұмысымыз нәтижесін берді деп ойлаймын. Жас мамандармен қатар еліміздің басқа облыстарынан, оңтүстік өңірлерден тәжірибесі бар дәрігерлер келді. Оларға да түлек­термен бірдей жағдай жасап отырмыз, – дейді облыстық денсау­лық сақтау басқармасының басшысы Вячеслав Дудник.

Облыс бюджетінен ауылдық жер­лерге биылғы келетін дәрігер­лерге арнап 120 миллион теңге бөлін­ді. Әр дәрігерге көтермеақы­ның сыртында баспана алу үшін 1 мил­лион 500 мың теңгеден көмек берілді. Өйткені ауылдық жерлерде қалалардағыдай мемлекеттік бағдарлама бойынша үй салынып жатқан жоқ. Қостанай өңірінің ауылдарындағы үйлерді шамамен осындай қаржыға алуға мүмкіндік бар. Вячеслав Юрьевичтің айтуына қарағанда, ауылдарға биыл 90 дәрігер барады. Олардың арасында 80 дәрігер барған жерінде 5 жыл қызмет етуге келісім жасаған.

– Бұл өмір ғой, жергілікті жер­лердегі дәрігерлердің 40 пайызы зейнеткерлік жастан асқан немесе жақындап жүрген кісілер. Ертең олар да орнын босатады, сонда тағы да бос орындар көбейетінін біліп отырмыз. Министрлік, облыс әкімі және денсаулық сақтау басқармасы бірлесіп, алдағы үш жылда ауылдық жерлердегі медицина мекемелерін мамандармен қамтамасыз ету жұмысын жалғастыра береміз, – дейді Вячеслав Юрьевич.

Облыс қалаларындағы ауруха­на мен емханалар, «Жедел жәрдем» стансалары мамандармен біршама қамтамасыз етілді. Жылдағыдай емес, биыл бюджеттен ­тыс тартыл­ған қаржыдан олар­ға да 1 миллион теңгеден көмек бері­леді. Мем­лекеттік бағдарлама арқылы жеңіл­дікпен берілетін пәтер­­лердің кілті де жақында ие­лері­­нің қолына тиеді.

 

ҚОСТАНАЙ