22 Шілде, 2013

Қарым-қатынас арта түспек

251 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақстан-ЛатвияЕкі ел арасындағы сауда айналымы бүгінде 350 млн. АҚШ долларын құрап отыр. Мұны кеше Астанада өткен Қазақстан-Латвия бизнес форумында Премьер-Министр Серік Ахметов айтты.

Форумға Латвияның Пре­зи­денті Андрис Берзиньш бас­та­ған делегация қатысты. Деле­гация құрамында 70-тен астам адам бар. Олардың арасында ми­нистрлер мен кәсіпкерлер, экс­порттық компанияларының же­тек­шілері кездеседі. Форумның А.Берзиньштің елімізге ресми са­пармен келуіне орай өткізілгені мәлім. Іс-шараны Латвияның инвестиция және даму агенттігімен ын­тымақтастықта жүрген Қазақ­стан­ның сауда-өнеркәсіптік пала­тасы, сондай-ақ еліміздің Индустрия және жаңа технология­лар министрлігі ұйымдастырып отыр. Сөз кезегі берілген Латвия Пре­зи­денті Қазақстанның тәуелсіздік жылдары қол жеткізген табыстарына тоқталып, екі ел арасындағы экономикалық әрі мәдени байланыстарды дамытуға әруақыт мүдделі екендіктерін білдірді. Одан кейін сөз алған С.Ахметов екі ел арасындағы қазіргі сауда айналымының көлемін Қазақстан місе тұтпайтынын жеткізді. Екі ел арасындағы сауда-экономикалық қарым-қатынастарды тағы екі есеге ұлғайтуға мүмкіншілік бар екен. Балтық бойындағы басқа елдермен салыстырғанда біздің Латвиямен арадағы сауда-экономикалық айналымымыз өте жоғары. Шынайы санды алар болсақ ол шамамен 350 млн. долларды құрайды. Әрине, бұл бізді қанағаттандырмайды, егер бар мүмкіндіктер мен әлеуетті тиімді пайдалана білсек, бұл көр­сеткішті екі есеге ұлғайтуға болады. Өйткені, қазіргі таңда елімізде 130-ға жуық бірлескен кәсіпорын жұмыс істеуде. Сондай-ақ, Қа­зақ­станда екі елдің кәсіпкерлері бір­лесіп жұмыс істей алатын салалар жеткілікті, деді Қазақстан Премьері. Премьер-Министр Латвияда ауыл шаруашылығы саласының да өркендеп дамығаны туралы әң­гі­меледі. Латвия Еуропаның дәл ортасында орналасқан. Сон­дықтан жаңа технологиялар транс­фертін қолдану мүмкіндігіне тоқталып, шикізатқа технология айырбасы ұстанымын әр кезде де пайдалану керектігін қа­дап айтты. Форумда Латвияның эконо­мика министрі Д.Палютса, «Қа­зақстан темір жолы» ҰК» АҚ-тың президенті А.Мамин, т.б. бірнеше мекеме жетекшілері сөз сөйледі. Екі тараптың мемлекеттік мекеме өкілдері мен кәсіпкерлері жылжымайтын мүлік, қаржы, заңдық қызметін ұсыну, туризм, көлік және логистика, ауыл ша­руа­шылығы, құрылыс, телебайланыс, білім мен ғылым, т.б. салалар бойынша ынтымақтасудағы мүм­кіндіктерді талқылады. Тәжірибе алмасты. Сөйтіп, шара аясында екі елдің министрліктері мен ведомстволары бірқатар келісімдерге қол қойды.

Нұрбай ЕЛМҰРАТОВ,

«Егемен Қазақстан».