Аймақтар • 28 Қараша, 2019

Қызылордада меценаттар форумы өтті

324 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

«Қайырымдылық балалар көзімен» атты сурет көрмесімен ашылған III облыстық  меценаттар форумына облыс әкімі Қуанышбек Ысқақов, аймақта меценаттықпен айналысып жүрген азаматтар, этномәдени бірлестіктер өкілдері қатысты. Облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы ұйымдастырған шарада өңір басшысы осы бағыттағы атқарылып жатқан жұмыстарды саралап өтті.

Қызылордада меценаттар форумы өтті

Бүгінде Қазақстан халқы ассамблеясының бастамасымен елімізде    меценаттарды насихаттау жүйелі түрде жүргізіліп келеді. «Үлкен ел – үлкен отбасы» жалпыұлттық жобасы шеңберінде «20 игі іс» акциясы, «Тайқазан» эстафетасы, «Қайырымды ел» жобалары сәтті өткізіліп, «Қамқор» акциясы аясында Ұлы Отан соғысы және еңбек тыл ардагерлеріне көмек беру жолға қойылған. Ұлы дала дәстүрлеріне негізделген «Қайырымдылық керуені» жалпыұлттық науқаны халықтық қолдауға ие болуда. Мемлекет басшысының бастамасымен 2020 жыл Волонтер жылы болып жарияланғаны белгілі. Осыған орай барлық қала және аудан әкімдері, мемлекеттік мекемелер еріктілердің бастамаларын қолдау бойынша жан-жақты көмекті көрсетуі тиіс. Сондай-ақ волонтерларды дайындайтын білім беру орталықтарын ұйымдастыру, қайырымдылық мәдениетін дамытып, мектептерде еріктілер үйірмелерін ашуға мән беруіміз керек, деді аймақ басшысы,

Өңірде жыл басынан бері жомарт азаматтар қолдауымен 686 қайырымдылық шарасы ұйымдастырылып, 40 520 адамға 514,7 млн теңгенің көмегі көрсетілді. Туған жерін түлетуге үлес қосып жүрген меценаттар қатары да жыл санап артып келеді.

«Туған жер» жобасы аясында осы жылы демеушілер қолдауымен  144 нысан салынып, 10 нысан қайта жөндеуден өтті. Облыс бойынша 5 медициналық пункт пайдалануға беріліп, 8 демалыс орны, 4 спорт алаңы мен кешендер бой көтерді.

Табысы төмен азаматтардың баспана мәселесін шешу мақсатында «Баламекен» жобасы шеңберінде Болат Өтемұратов қоры көпбалалы 100 отбасына тұрғын үй салып берді.

Облыс орталығымен қатар аудандарда да бұл бағытта жемісті іс бар, жеке кәсіпорындар және еріктілер есебінен 24 отбасы баспаналы болды. Оның ішінде 10 үйді жақсы бастама көтерген жастар салды. Осы ретте «Жаңарған Жаңақорған жастары» еріктілер тобының ісі көпке үлгі. 

Сондай-ақ өңірдегі іргелі мұнай компанияларының бірі «Петро Қазақстан» АҚ түрлі бағыттағы қайырымдылық іс-шараларына 136 млн, «Торғай Петролеум» АҚ 47 млн, ал «ҚазГерМұнай» ЖШС 25 млн теңге қаржы бөлген.  

Форумда қиналғанға қолұшын созып жүрген азаматтар 16 аталым бойынша марапатталды. Одан бөлек, бірқатар кәсіпкерлер облыс әкімінің алғыс хатын иеленді.

9

Меценаттар форумында қайырымдылық бағытта қарымды жұмыс атқарып жүрген кәсіпкер, «Нұрай» ЖШС директоры Сейітқали Алшынбаев, «Петро Қазақстан» АҚ басқарма төрағасы Чжао Сяомин және ерікті жастар жетекшісі, «Жаңарған Жаңақорған жастары» ҚБ басшысы, аудандық мәслихат депутаты Арман Мәжітов сөз сөйледі.

Шарада облыстық ассамблея бастамасымен Тұңғыш Президент мерекесі қарсаңында облыс көлемінде қайырымдылықты насихаттауға арналған екі апталық кешенді шаралардың бейнеролигі көрсетілді.