22 Шілде, 2013

Ауыл және адамдар

407 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Ауыл және адамдарАуыл десе, андыз арқалап келе жатқан апам елес­­тейді. Біздің ауылдағы беткейлердің бір бүйі­рінд­е міндетті түрде шоқ-шоқ андыз болады. Олар, яғни андыздар осы сәуір айында қалқайып шығып, бар-барша шөбіңізді басып озып, биіктеп кете бара­ды да, ала жаздай айналасындағы бұталармен бой та­лас­тыра ырғалады. Күзге қарата қарауытып, қара талдан бетер қатқылданып, жарты метрдей жапы­рақтары жарғақ тулақша жалбырап, қаудыр-қаудыр, саудыр-саудыр дыбыс шығарып, төңірегін­дегі тебірене ызыңдаған “сазгер” қурайларға үн қосады. Ағашқа бергісіз андыз — таптырмас отын. Әке­міз­дің барында ауылдағы ең ерке ұл — мына мен пақы­рыңыз, ал аса ақжарқын ана — Әсем апа-тұғын. Сол бір сәуірде Нұрыбай сайдың күнгей беткейін­де­гі андыздың арасына әкемізді жерледік. Әлде­кімнің сүйемелдеуімен топырақ салып жатқанымда, сегізден енді асқан маған жаңадан қалқайған жас андыз жылап қарағандай көрінген. Елу төртінші жылдың қыраулы күзінде апам екеуміз Қостөбенің теріскейінде андыз шауып жүрдік. Еркелігім ештеңеге де көндіккісі келмей, бұлқынады-ай сонда. Андызды шабамын деп, ортасы ойық кетпенмен аяғымды опырып ала жаздадым. “Аяғыңды аямасаң да, андызды аяп, жанын қинамай, қиялай шап, — деді апам қаудырлаған жапырақтарды үгіп, төрт бөліне жаздаған тобығыма сеуіп отырып. — Еркелейтін ешкімің жоқ енді…” Жалғыз аттық арба толатындай андызды біздің ауылда “бір арқа отын” дейді. Әсем апам сол бір арқа отынды қиялау тұсқа жинап, тырмыштай буып, ойынға айналып кете беретін мені шақырады. Андызды арқалауына септесуім керек. Үйме-төбе отынның түбіне тізе бүгіп, ала арқанмен кеудесін айқара шандыған шешем шіркін: “Ал! Ауп!” — дейді. Мықшыңдап мен де ты­рысып бағамын. Әп дегеннен, бірден кө­теріліп кете алмас.

Екінші, кейде үшін­ші ұмтылғанда барып, арқалар. Қостө­бенің теріскейі мен үйдің арасы бірталай жер ғой, бірақ еңістеу. Орта тұста екі бір­дей терең сай бар, солар қиындау. Екінші сайда апам сәл тыныстап, демалады. Сол кезде қайтадан арқалатуым керек. Сайдан өткен соң апам да, мен де көңілдене бас­таймыз. Көбінесе: “Кетпеніңді андыздың арасына сұға сал да, ойыныңа бара ғой”, — дейді. Арқасын­дағы ауыр отынға кетпеннің салмағын тағы үстеп, тайып тұрамын. Мұның бәрін тәптіштегеніме таңырқамаңыз. Аса айып көрмеңіз. Әрине, әркімнің тағдыры әр түрлі, маңдайына жазғанын көреді. Әке-шешесін жанына байлап жүрген ешкім жоқ. Алайда, ақ сәлкеш ора­малының ұштары сәл-пәл тербеліп, отын арқалап, қырдан екі бүктетіліп түсетін қайран апаларды елуінші һәм алпысыншы жылдардағы ауылдың бір бейнесі емес еді дей алмассыз. Тоталитаризм тұсында қазақ ауылы да, ауылдың адамдары да небір кезенейлі кезеңдерді бастан кешкен. Біле тұра ұмытып кетеміз кейде. Әйтпесе, біздің Әсем апамыз Әбдікәрім деген белгілі байдың қарқарадай қызы екен. Әкесінің тірлігі түгел тәркіленіп, Ташкентке қашып кеткен. Ол жақтан да тыныштық көрмей, ұсталған. Дегендей ғой. Қоңыр күздің соңына дейін таситын сол анды­зы­мыз көкөзек көктемге, наурыз көжеге жетіп жы­ғы­латын. Жығылатын дегенім — жығылатын деге­нім. Біздің ауыл наурыз мейрамынан ешқашан жаңыл­ған емес. Сталин өлген жылы да Сметтің қара та­лы түбінде қазан қайнатып, наурызды атаған. Уыз кө­же мен наурыз көже дәстүрі ешқашан үзілген жоқ. Наурыз демекші, биылғы, яғни 2003 жылғы наурыз мейрамы Оңтүстік Қазақстан өңірінде өзге­шелеу өтті. Өзгешелігі сол, бұл күннің басты тұлғасы Қы­дыр ата болды. Бір аймақта Қыдыр ата дейді, екін­ші өңірде Қызыр ата дейді, мәселе онда емес. Ең бастысы, Наурыз мерекесі талай тұста Қыдыр атаның батасымен басталды. “Уа, Құдайым, оңда­сын. Жаманшылық болмасын, аруақтар қолдасын. Аман сақтап төл басын, еккен егін солмасын. Орта толып ырысқа, бейбіт өмір орнасын. Бостандықтың ордасын, періштелер қорғасын. Бесіктегі бөбектің бақайшағы тоңбасын. Ұлыс күні ұл мен қыз тайпалдырсын жорғасын. Көш бастаған көсемдер өрге тартсын арбасын. Сөз бастаған шешендер, әділдіктен танбасын. Көл жиналып тамшыдан, теңіз толсын қаңсыған. Құт-береке кетпесін диқаншы мен малшыдан, асығы түссін алшыдан. Бақыт ашып қақпасын, мәңгі-бақи жаппасын. Пәле-жала қазақты іздесе де таппасын!” — дейді Қыдыр ата. Ләйім, айтқаны келгей. Сырбаз ақындарымыздың бірі Са