«Іс-шараға Парламент Мәжілісінің депутаттары, орталық мемлекеттік органдардың, әкімдіктер мен ардагерлер ұйымдарының өкілдері қатысты.
Отырыста сөз алған Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов бұл Заң соғыс және еңбек ардагерлерінің Қазақстан Республикасының Парламентіне, Үкіметке және Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне жолдаған көптеген өтініштеріне байланысты әзірленгенін атап өтті. Құжат қолданыстағы заңнамаға сәйкес ардагерлерге берілетін барлық жеңілдіктер мен кепілдіктерді біріктіреді.
«Заң жобасының аясында: ардагерлердің 5 әлеуметтік қорғалатын санатын анықтау; Ауғанстандағы және басқа елдердегі ұрыс қимылдарына қатысқан әскери қызметшілерді басқа мемлекеттердің аумақтарындағы ұрыс қимылдарының ардагерлеріне жатқызу; басқа мемлекеттердің аумақтарындағы ұрыс қимылдарының ардагерлерінің санаттарын кеңейту; интернационалист-жауынгерлерді, Чернобыльға қатысушыларын, сондай-ақ Социалистік Еңбек Ерлерін әлеуметтік қолдау бойынша шараларды күшейту ұсынылады», деді Еңбекминінің басшысы.
Министрдің айтуынша, 5 әлеуметтік қорғалатын санаттағы ардагерлерге: Ұлы Отан соғысының ардагерлері; басқа мемлекеттердің аумақтарындағы ұрыс қимылдарының ардагерлері; жеңілдіктер мен кепілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне теңестірілген ардагерлер; еңбек ардагерлері; Заңның күші қолданылатын басқа да санаттағы тұлғалар жатады.
«Ауғанстандағы, сондай-ақ басқа мемлекеттердің аумақтарындағы ұрыс қимылдарына қатысқан әскери қызметшілер соғыс қимылдарының ардагерлері санатына өтеді, сонымен қатар барлық қолданыстағы жеңілдіктер мен жәрдемақылар сақталады», деп толықтырды Біржан Нұрымбетов.
Басқа мемлекеттердің аумағындағы жауынгерлік іс-қимыл ардагерлері санатына Ауған жауынгерлерінен басқа 1992 жылдан 2001 жылға дейінгі кезеңде тәжік-ауған шекарасында ТМД-ның сыртқы шекарасын күзетуді күшейтуге, 1968 жылы Чехословакиядағы жанжалды реттеуге, Таулы Қарабахтағы этносаралық жанжалды реттеуге қатысқан адамдарды, сондай-ақ Ирактағы бітімгершілік операцияларына қатысқан ұлттық контингентті қосу жоспарланып отыр.
«Жаңадан енгізілетін санат үшін 4,8 АЕК мөлшерінде арнайы мемлекеттік жәрдемақы белгілеу ұсынылады (2020 жылы – 12 725 теңге). Арнайы мемлекеттік жәрдемақыдан басқа, аталған адамдарға Ауғанстандағы ұрыс қимылдарына қатысқан әскери қызметшілер үшін, оның ішінде тұрғын үйге кезекке қою, салық салу, тегін медициналық қызмет көрсету, санаториялық-курорттық емдеумен қамтамасыз ету және т.б. бойынша қолданыстағы барлық құқықтар мен кепілдіктер берілетін болады. Бұл 11 мыңнан астам адамға қатысты», деді Еңбекмині басшысы.
Сондай-ақ 1988-1989 жылдары Чернобыль АЭС-індегі апаттың зардаптарын жоюға қатысқан адамдарға арнаулы мемлекеттік жәрдемақы мөлшерін 2,13 АЕК-тен (2020 жылы-5 647 теңге) 4,8 АЕК-ке дейін (2020 жылы-12 725 теңге) арттыру ұсынылады.
Бұдан басқа, әлеуметтік әділеттілік қағидатын қамтамасыз ету мақсатында Социалистік Еңбек Ерлері үшін Арнайы мемлекеттік жәрдемақылардың мөлшерін қайта қарау ұсынылады.
«2019 жылдғы 1 қаңтардан бастап «Қазақстанның Еңбек Ері» атағына ие болған адамдар үшін 138,63 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде арнайы мемлекеттік жәрдемақы енгізілді (2019 жылы – 350041 теңге). Бұл «Қазақстанның Еңбек Ері» атағын алған адамдарда және өткен жылдары елдің дамуына елеулі үлес қосқан Социалистік Еңбек Ерлеріне жәрдемақы мөлшерінде елеулі айырмашылықтарға алып келді. Осыған байланысты Ұлы Отан соғысына қатысушылар қатарынан Социалистік Еңбек Ерлері, сондай-ақ Социалистік Еңбек Ерлері үшін жәрдемақы мөлшерін 74,65 және 9,6 АЕК – тен 138,63 АЕК-ке дейін (2020 жылы-367 508 теңге) арттыру ұсынылады», деп түйіндеді Министр.
Өз кезегінде, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ерлан Әукенов Еңбекмині Заң жобасын Ұлы Отан соғысының Жеңіс күніне орай одан әрі қабылдау үшін Парламент қарауына 2020 жылдың сәуіріне дейін енгізуді жоспарлап отырғанын айтты.
Отырысқа қатысушылардың барлығы әзірленген Заң жобасының тұжырымдамасын қолдады», делінген хабарламада.