Қоғам • 29 Қараша, 2019

«Халық экспедициясы» Жетісудан бастау алады

243 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Елордада Қазақстан халқы Ассамблеясының ұйымдастыруымен «Қайырымдылық керуені» атты республикалық қайырымдылық форумы өтті.

«Халық экспедициясы» Жетісудан бастау алады

Салтанатты жиынға Қазақ­стан Республикасының Мем­лекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев, Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары – Хатшылық мең­герушісі Жансейіт Түймебаев, Парламент депутаттары, әлеу­меттік бағыттағы орталық мем­лекеттік органдардың бас­шы­лары, ҚХА мүшелері, өңір­лік делегация құрамындағы меценаттар, демеушілер, қайы­рымдылық ұйымдары мен қор­лар, этномәдени бірлестіктер мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, ҚХА қайырымдылық жобаларына қатысушылар және БАҚ өкілдері қатысты.

– Біз бүгін жыл сайын Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні қар­са­ңында дәстүрлі түрде өт­кізілетін, жұртшылықты ізгілікке жұ­мылдыратын «Қайы­­рымдылық керуені» форумына жиналып отырмыз. Қайырымдылыққа үндейтін тағылымды із хал­қымыздың көнеден жеткен сарқыт, сыбаға, асар, шашу­мен сабақтаса жүруі жақсы бас­таманың нышаны деп білемін, – деді Қырымбек Көшербаев.

Айта кетейік, форум аясында «Тұңғыш Президент жолымен» халық экспедициясы» атты тың жоба бастау алды. Аталған жоба ҚХА-ның 25 жылдығына және Тәуелсіз Қазақстанның құрылуында Елбасының ерен еңбегін айшықтауға негізделіп отыр. Жобаны жүзеге асыру 2020 жылға жоспарлана отырып, Қазақстанның барлық өңірлері мен Елбасы табан ти­гізген шет мемлекеттерді қам­тиды. Күнделік пен Туы экспедицияның символы болып саналады.

– Бүгін, Тұңғыш Президент күні қарсаңында және Қазақстан халқы Ассамблеясының 25 жылдығына орай біз Ассам­блеяның келесі жылы өткізілетін ең маңызды жобасын бастаймыз. Бұл – «Тұңғыш Президент жолымен» халық экспедициясы» жобасы. «Халық экспедициясы» деп аталуының себебі, оның басты арқауы Елбасы мен халық болады. Тәуелсіз Қазақстанның негізін қалаушы, Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің әрбір азаматының өмірінде маңызды рөл атқарады. Сондықтан бұл жоба Ассамблеяның 25 жылдығы шеңберінде Тұң­ғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тә­уелсіз Қазақстанды құрудағы ерен еңбегін қоғамдық санада бекітуге бағытталған, – деді Жансейіт Түймебаев.

Жоғарыда аталған экспе­дицияның Туы мен Күн­делігі Алматы облысының әкімі Аман­­дық Баталовқа табысталды. Экспедиция жұмысы осы аймақтан бастау алады.