Аймақтар • 29 Қараша, 2019

Туған даланың мөлдір аспаны

705 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Алматыдағы Орталық мемлекеттік музейінде Семей ядролық сынақ полигонының жабылуына арналған «Қазақстан республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә. Назарбаев ядролық қарусыз әлем үшін» атты көрмесі ашылды.

Туған даланың мөлдір аспаны

Тәуелсіз Қазақстанның ядролық қарусыз әлем үшін күресіндегі алғашқы батыл қадамдарының бірі – Семей ядролық сынақ полигонының жабылуы еді. Ол кеінде Семей полигоны 1947 жылдың 21 тамызында КСРО Министрлер Кеңесінің шешімі бойынша құрылған болатын. Қазақ даласына алапат алғашқы ядролық сынақ 1949 жылы 29 тамызда ауада жасалды. Сөйтіп, өлкені жарылыстар алаңына айналдыру барысындағы туған жерд улаған сынақтардың зардаптары қоршаған ортаға, бүгінгі  және болашақ ұрпақтың денсаулығына жайсыз қауіпті әсерін тигізіп,  орны толмас қайғыға душар етті. Соңғы жарылыс 1989 жылдың 19 қазанында жүзеге асырылды. Дәл осы 1989 жылы әлемдегі ядролық жарылысты тоқтатуды жақтаушылар мен қазақстандық белгілі қоғам қайраткері Олжас Сүлейменовтің бастамасымен «Невада – Семей» қозғалысы құрылды.

1991 жылдың 29 тамызында Қазақстан Президенті Н.Ә. Назарбаевтың Жарлығымен Семей ядролық сынақ полигонын ресми түрде жабылды. Бұл жағдай туралы Мемлекет басшысы: «Қазақстан, біздің жаңа мемлекетіміздің күш-қуаты ядролық бұлшық еттерін көрсетуде емес, керісінше, оларды қолданбауда және толықтай бас тартуда деп бірден және мәңгілікке шешім алды. Және бұл біздің мемлекеттілігіміздің – жалпыұлттық идея рангына шығарылған бүкілхалықтық ақыл-ойымыздың темірқазығы болды. 1991 жылдың 29 тамызында іс жүзінде жаһандық ядро тарихында жаңа дәуір басталды», - деді.

Ядролық әлеуеттен өз еркімен бас тартудағы Қазақстанның қызметін мойындаған БҰҰ Бас Ассамблеясы 29 тамыз – Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы күні деп жариялады. Бұл әлемдік тарихта ядролық сынақ полигонын халықтың еркіне сай жапқан алғашқы  жағдай еді. Осылайша, Қазақстан әлемдік антиядролық қозғалыстың көшбасшысы және бейбітшілік кіндігі болды.

Көрменің мақсаты: әлемдік қауымдастықтағы Қазақстанның орны мен рөлін, ядролық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі Қазақстанның үлесін көрсету.

«Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә. Назарбаев ядролық қарусыз әлем үшін» атты көрме екі бөлімнен тұрады:

  • бірінші бөлімде музей қорындағы атом полигонын жабудағы Тұңғыш Президенттің рөлі мен сіңірген еңбегін көрсетуге арналған материалдар көрсетіледі;
  • екінші бөлімде музей қорындағы алғашқы кеңестік атом бомбасын құру туралы құжаттар, Семей полигонының орналасу картасы, фотоқұжаттар, газет, кітап, плакат және басқа да заттай деректер қойылған.

Келушілерді ҚР Президенті мұрағатының құжаттық материалдары мен «Невада-Семей» халықаралық қозғалысы комитеті ұсынған материалдар, «Ғылым Ордасы» Орталық ғылыми кітапханасының  Семей ядролық полигонына арналған кітап көрмесі ерекше қызығушылық тудырады. Көрменің материалдарымен алғаш танысқан мектеп оқушылары жүректі түршіктіретін суреттерді көріп, кезінде Елбасының оңды шешім қабылдағанын түсінді.Туған даланың аспаны бүгінгі күні ашық екеніне риясыз сеніммен музейден көңілдері көтеріліп қайтты. Олардың көз алдарында туған даланың мөдір аспаны.

                                                                                                                            

АЛМАТЫ