Қоғам • 29 Қараша, 2019

«Заң газеті» мен «Юридическая газета» 25 жылдығын атап өтті

1264 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

«Заң» Медиа-корпорациясы» ЖШС құрамындағы «Заң газеті» мен «Юридическая газета» басылымдары өздерінің ширек ғасырлық мерейтойын атап өтті. Атаулы күнге орай «Заң» медиа-корпорациясы мен әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Заң факультеті бірлесіп «Қазақстанда құқықтық мәдениеттің қалыптасуындағы баспасөздің рөлі» тақырыбындағы ғылыми тәжірибелік конференция ұйымдастырды.

«Заң газеті» мен «Юридическая газета» 25 жылдығын атап өтті

Конференцияға заңгер ғалымдар, ұстаздар, Алматы қалалық прокуратура, Әділет департаменті өкілдері мен құқық қорғау органдары мамандары, «Заң газеті» және «Юридическая газета» басылымдарының алғашқы және кейінгі редакторлары, БАҚ өкілдері қатысты.

Алғашқы сандары 1994 жылы 3 қарашадан бастап жарық көрген «Заң» газеті мен «Юридическая газета» еліміздегі алғашқы республикалық құқықтық  басылымдар. Конференция барысында газеттердің өткені мен бүгіні, құқықтық басылымның құқықтық мемлекет қалыптастырудағы рөлі, газет-журналдардың қазіргі таңдағы хал-ахуалы мен сөз бостандығы және өзге де өзекті тақырыптар кеңінен талқыланып, баяндамалар жасалды. 25 жылдан бері еліміздің саяси, әлеуметтік, экономикалық, мәдени, ең бастысы – құқықтық өміріндегі тақырыптарды арқау еткен мақалалар "Заң газеті" мен "Юридическая газета" басылымдарының тұрақты оқырмандарын қалыптастырып, қазақстандық журналистика саласында өз орнын айшықтап берді. Жұртшылықты құқықтық реформаның жүргізілу барысымен таныстырып, халықтың құқықтық санасын арттырып, заңды білуіне атсалысты.

Парламент Мәжілісінде талқыланып жатқан әрбір заңды газет бетінде сарапқа салып,  Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары заң терминдерінің қалыптасуына ықпал еткен басылым жыл өткен сайын қанатын кең жайып келеді. Уақыт өте «Заң» және «Фемида» журналдарымен қатары толыққан корпорация уақыт көшінен қалмай, Zanmedia.kz сайтын да өмірге әкелді. Әділдік іздеген талай жанның арыз-шағымдарын тиісті орындарға жеткізіп, заңды шешімін табуына ықпал етіп келе жатыр.

Газеттің алғашқы редакторы Марат Тоқашбаев: «Бүгінде еліміздің бұқаралық ақпарат кеңістігінде өз орны бар осынау басылымды құруға, алғашқы нөмірінен бастап газетті үш жыл басқару бақыты маған нәсіп болыпты. Бұл басылымның дүниеге келуіне мұрындық болған, қиын сәттердің бәрінде қол ұшын беріп отырған еліміздегі құқықтық реформалардың атасы, Тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Әділет министрі, көрнекті заңгер, марқұм Нағашыбай Шәйкенов еді. Демократияның атасы саналатын Томас Джефферсон «Табиғат заңдарына қайшы заңдар қабылдау – артынан өзіміз оларды жазалайтындай қылмыстар туғызу» деген екен. Газет өз қызметінде мемлекетті тек халыққа пайдалы заңдар қабылдауга шақырды. Әр азаматты өз құқығын білуге үндеді. Құқықтық тұрғыдан шөліркеген оқырманға құқықтық кәусарлардан дәм татуға мүмкіндік берді» дейді.

 

АЛМАТЫ