Ахаң туған ауылдың балалары Абай елінде болып қайтты
Ахмет Байтұрсыновтың ғұмырнамасын зерттеуге үлесін қосып, «Бәдрисафа» тарихи-танымдық экспедициясы атқарған игі істердің бел ортасында жүрген ардагер азамат Ибрагим Ағытай жаз шығысымен Жангелдин ауданындағы Байтұрсынов және Ызбан ауылдарына кетті. Бұл екі ауылдың арасы сегіз шақырым ғана. Екеуі де кәдімгі Ахаң – Ахмет Байтұрсыновтың кіндік қаны тамған Ақкөлдің жағасында жатыр. Бұл өңір аудан орталығы Торғай кентінен 100 шақырым, су жайылып кететін көктемде 170 шақырымға қашықтай түседі. Ал Қостанай қаласынан шыққан жолаушы Ақкөлге дейін 700 шақырым жер жүруіне тура келеді. Ибрагим ағаның өзі де осы жердің тумасы, кемеңгер Ахметтің аталас ағайындарынан тарайды. Көп жылдар ауылында ұстаз, ауылдық округ әкімі болып істеген Ибрагим аға зейнеткерлікке шыққан соң, балаларының қолқалауымен Қостанай қаласына қоныс аударған еді. Бірақ өзі қалада отырса да, Ақкөлді сағынып жүретін ардагер ұлғайған жасына қарамастан Торғайға ат басын жиі бұрады. Ауылдың, мектептің жайын ойлап, керекті орындарға кіріп жүргенін байқайтынбыз. Осы жолы да ол Ақкөлге бекер бармапты. Каникулда жүрген екі ауылдың балаларын ұйымдастырып, Абай еліне, Жидебай қорығына апарып келу ісін ұйымдастырыпты. Ол үшін малына ғана қарап отырған шалғайдағы ата-аналармен, жергілікті кәсіп ұстаған кісілермен сөйлесіп, тиынды теңгеге жалғап, екі ауылдан он үш баланы соңына ерте келіпті.
– Осыдан 109 жыл бұрын Ахаң Абайды бір көруге ынтық болып, сәлем беруге іздеп барады ғой. Сонша жерге ат арытып барғанда Ахаңның арманы орындалмапты, ол ұлы ақынның қайтқанына үш күндік құдайыасын беріп жатқанының үстінен түседі. Осы әңгімені аға ұрпақ өкілдерінен естігенім бар еді. Ахаң ұрпақтарына Абайдың ізі қалған, ауасын жұтқан жерді көрсету менің де ойымда көптен жүр еді. Соған биыл тәуекел еттім, – дейді Ибрагим аға.
Ол осы сапардың маңызы туралы әңгіме айтып, сосын балаларға Қостанай қаласындағы А.Байтұрсынов атындағы университеттегі Ахаңның, облыс орталығындағы облыстық тарихи-өлкетану мұражайларын аралатты. Ахаң туған Ақкөл аймағынан екенін ескеріп, балалармен Абай еліне барғанда өздерін «жас ахметшілер» деп таныстыруды «келісіп» алғаны да тәрбие тіні екенінде дау жоқ. Ертеңіне Семей қайдасың деп жүріп кетті.
– Астана арқылы барған соң, жолай елорданың да көрнекті жерлерін аралаттым. Бұл алыс ауыл балаларының бой жазуына ғана емес, олардың ой-өріс көкжиегінің кеңеюіне жақсы болатынын кім білмейді,– дейді Ибрагим аға. Ал Семейге келген соң, өзінің алдын ала хабарласып, ұйымдастыруы бойынша, Абайдың бас мұражайының қызметкері Үміт Ыбыраеваны жолбасшы етіп, Жидебайға тартты. Жаздың жайдарлы күнінде 180 шақырым жол жүрген автобустың ішінде Үміт Ыбыраеваның жер, ел тарихы жөнінде айтқан әңгімесі ақкөлдік балалар үшін тарих сабағынан немесе қызық кітаптан, фильмнен кем түскен жоқ. Жолай Күшікбай асуына келгенде сол жерде сылдырап ағып жатқан бұлақтан су ішіп, бір тынығып алды. Оқушылар мінген автобус мұнан кейін Бөріліге жетіп, Мұхтар Әуезов мұражайына тоқтады. Абай өзі мекен еткен бұл өңірді Құнанбай қайтыс болған 1886-шы жылдан кейін Әуездің өтінішімен үлкен қожа әулетіне қоныс етіп берген екен. Қазіргі мұражай орнындағы қыстауға Абай талай рет келіп қонған. Мұражай үйінің түстігінде бір шақырымдай ғана жердегі Аяққарағанда Мұхтардың кіндік қаны тамған. Балалар бұл жерде де тәтті әңгімелерге қанықты. Кемеңгер жазушының ғұмырын білген үстіне біле түсті.
Жолда Еңлік-Кебек кесенесіне бір тоқтап, суретке түскеннен кейін Жидебайға жетті. Онда Абай-Шәкірім кесенелерімен қоса Оспан, Ақат жерленген басқа да төрт шағын кесенені қамтып тұрған кешенді аралады. Топ жетекшісі Ибрагим Ағытай балаларды алқақотан отырғызып, кешен аузында осында жатқан ұлы әруақтарға бағыштап дұға оқыды. Жидебай тарихы туралы Үміт Ыбыраева айтқан әңгімеге қанықты, ескерткіш суреттерге түсті. Қонақтар Абайдың аналары Зере, Ұлжан бейітіне аялдап, тағзым етті. Жидебай қорығына кіре берістегі Абай мұражайынан алған балалар әсері тым ерекше деуге болады. Мұражай директоры Гүлсара Хұсайынованың келгендерді елітіп жіберетін әңгімесін алыстан келген балалар шыбынның ызыңы ғана естілетіндей тыныштықта отырып тыңдады. Бір кәусар бұлаққа кезіккендей, қанып ішкендей тамаша әсер бөлеп тұрды. Көргенді елдің баласы жолынан жығылып қалмайды. Ибрагим аға ұл т ұстазы Ахмет Байтұрсыновтың жары Бәдрисафамен қатар қойған бейнесін Абай мұражайына тарту етті.
– Абай елі, ол жатқан Жидебай туралы әдебиет пәні сабағынан оқыдық, теледидардан да көргеніміз бар. Бірақ оған барып, ұлы ақын өмір сүрген, ізі қалған топырақты басудың әсері мүлде басқа болады екен. Бұл сапардан алған әсеріміз өте күшті болды. Енді «Абай жолын» міндетті түрде толық оқып шығамын, – дейді жас ахметшілер тобының мүшесі, А.Байтұрсынов атындағы мектептің 7-сынып оқушысы Кенел Жарқынбай. Иә, жаз бойы шалғайдағы ауылдан шықпайтын балалар бұл сапардан қанаттанып, толып, тойып қайтты. Ұлттық патриотизмді жалаң сөзбен айта бермей, жас ұрпақтың бойына осылай, нақты, игі істер арқылы ексе керек-ті.
Ибрагим Ағытай ұйымдастырған бұл сапар күнделікті тіршіліктің бір көрінісі сияқты болғанымен, маңызды мәселені де еске салады. Маусым айында Мемлекеттік хатшы Марат Тәжиннің қатысуымен өткен еліміздің ұлттық тарихын зерделеу жөніндегі ведомствоаралық жұмыс тобының кеңейтілген отырысында «Нағыз ұлттық қадір-қасиет ұлттық тарихтан басталады» деген қанатты сөз естілді. Осы отырыста тарихты зерделеумен қатар, оны оқыту, насихаттау мәселелері де сөз болды. Ұлттық тәрбиенің төлбасы да туған жер, туған ел тарихын білу болып саналады. Өкінішке қарай, тарихты да, ұлттық тәрбие беруді де мектепке, ұстаздар мойнына артып қойғандаймыз. Бұрын Торғайдағы шежіре қарттар өңірдің өткенінен жұртты аузына қаратып әңгіме шертер еді. Осы Ибрагим Ағытай жазып шыққан Ахмет Байтұрсыновтың әулеттік шежіресі ешқандай архивтен алынған жоқ, архивке бергісіз шежіре қарттардың аузынан жазып алынды. Ауылдың осы дәстүрі тозығы жеткен жіптей үзіліп барады...
Ибрагим ағай тағы да Торғайға жол шегетінін айтты. Ақкөлдің жағасындағы Ахмет Байтұрсыновтың кіндік қаны тамған үйді осыдан бірер жыл бұрын ауылдастар асарлатып, қайта тұрғызып қойған болатын. Сол үйді мұражайға айналдырудың қамы Ибрагим ағаға ұйқы бермейді. Осы жазда үйге электр сымын тартып, ішіне жәдігерлер жинауды бітірмек.Ұлтының ұстыны, ұстазы Ахмет туған жер, ол тұрған үй, кемеңгердің әулеті жатқан тарихи қорым, табиғаттың бір маржаны Ақкөл Ахаңды пір тұтқан ұрпақтың іздеп келер танымдық мекеніне айналса деген арман мазалайды ардагерді.
Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА,
«Егемен Қазақстан».
Қостанай.