Кеше, күндізгі сағат 11:07 шамасында қалалық ішкі істер бөлімінің жедел басқару орталығының кезекшісіне белгісіз азаматтан қоңырау түскен. Қоңырау шалған азаматша «Қазкоммерцбанк» АҚ Қызылорда облыстық филиалында арнайы қолдан жасалған жарылғыш заттың қойылғандығын және оның 15 минуттан соң жарылатынын айтқан. Адамның зәресін зәр түбіне жеткізетін хабардан кейін Қызылорданың бүкіл құзырлы органы орындарынан дүр көтерілген. Айтылған жерге барған. Содан Қызылорда облыстық ішкі істер департаменті, прокуратура, Ұлттық қауіпсіздік комитеті және төтенше жағдайлар жөніндегі департаментінің мамандары банктегі азаматтарды сыртқа шығарып, аймақты оқшаулаған. Осыдан кейін Қызылорда ішкі істер департаментінің арнайы мақсаттағы «Арлан» жасағы банк ғимаратын тексеріп, онда жарылғыш заттың жоқ екендігін анықтаған.
Енді не істемек керек? Құқық қорғау органдарының қызметкерлері жедел іздестіру жұмысына кіріседі. Қайткенде де жалған ақпарат таратып, жұртты дүрліктірген адамды табуға тиіс. Жедел жұмыс нәтижесін бермей қалмады. Полиция қызметкерлерінің іздестіру шараларының нәтижесінде жалған қоңырау шалған 1968 жылы туған әйел ұсталды. Аталған дерек бойынша күдіктінің үстінен ҚР ҚК-нің 242-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары да басталып кетті. Күдіктінің қылмысы толық дәлелденсе, онда оған сот шешімімен 200-ден 500-ге дейін айлық есеп көрсеткішінде айыппұл салынады. Болмаса, 7 жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе 6 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы мүмкін.
Әдетте көктем мен күз мезгілінде адамдарда ауытқу болады. Оқиға сол мезгілдерде болса, түсінер ек. Шіліңгір шілдеде бұл не қылған дүрліктіру? Әлде басынан күн өткен адамның тірлігі ме екен? Не болса да, бейбіт күнде берекемізді қашырғаны жақсылық емес.
Ержан БАЙТІЛЕС,
«Егемен Қазақстан».
ҚЫЗЫЛОРДА.