23 Шілде, 2013

Кен орындарын кемел игеру жүріп жатыр

549 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Біздің өңірдегі «Сары-Бидайық» кен орнында әктас, Шәукенде құм, «Майсор» мен «Қарасор» кен орындарында да құм жетеді. Бұдан басқа «Тыңқұдық», «Құмкөл» көмір кен орындары, Екібастұзда, Қалқаманда, Ақсуда, Май ауданының аумағында кеніштер, оның ішінде «Кемертұз» кеніші бар. Екіншіден, «Павлодар өзен порты» АҚ Ертіс өзенінің мүмкіндіктерін арттыра түсуде.

Жалпы, осы табиғи ресурс­тар қаншалықты тиімді пайдаланылуда? Кен орындарын өркендету бойынша қандай жобалар жүзеге асырылуда, жер қойнауын пайдаланушы өндірістердің жұмыс нәтижелері қандай деңгейде?

«Егемен Қазақстанның» Павлодар облысындағы тілшісі Фарида Бықай облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Әлібек Несіпбековке:

– Сіз бұған не дейсіз?

– Жалпы, кен орындарының жұмысын жандандыру жайы біздің басқарманың тұрақты назарында. Облыстың минералды-шикізат қорын игеруді дамыту бойынша 2013-2015 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары бекітілді. Бүгінде өңірдегі 35 пайдалы қазбалар кен орнының 17-сі игерілуде. Олардың 12-сінде түсті кен шығарылса, қалғандарында көмір өндіріледі. Сонымен қатар, кең тараған пайдалы қазбалардың 105 нысаны тіркелген. Өткен жылы кен орындарын игеруге салынған инвестиция көле­мі – 183,6 млрд. теңгені құрады. Мысалы, «Павлодар» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ жер қойнауындағы байлықты іске жарату бойынша 19 жобаны жүзеге асыруда. Бұл игілікке барлығы 17 млрд. теңге инвестиция құйыл­мақ. Құрылыс индустрия­сы дамып, өнім алыс-жақын шет­елдерге экспортталмақ. Көр­шілес Омбы облысының біз­дің өңірдің кірпішіне деген сұ­ранысы артып отыр. Осы бағытта «Қарасор кен байыту ком­бинаты» компаниясының негізінде жылына 20-30 млн.­ кірпіш шығаратын зауыт­ іс­ке қосылады. Жергілікті кәсіп­орындар кірпіш экспорттау бойынша ресейлік компаниялармен келісімшарттар жасасуда.

Ал алдағы үш жылда негіз­гі күш қатты пайдалы қазба­лар кен орындарын игеруге ба­ғытталады. Ол бойынша «Сары-Бидайық» кен орнында әктас, Шәукен ауылында құм игеру, «Майсор» мен «Қарасор» кен орындарында кварц құмын өндіру қолға алынады. Облыс аумағындағы «Тыңқұдық», «Құмкөл» көмір кен орында­рында барлау жұмыстары жүргізіледі. Екібастұзда, Қал­қа­манда кірпіш шығаратын өндіріс орындары ашылады.Со­нымен қатар, Ақсу қаласы мен Май ауданының аумағында орналасқан «Кемертұз» кеніші­нен отқа төзімді материалдар шикізаты өндірілетін болады. Ертіс өзені арқылы ауыр жүк тасу тасымалдаудың өзге түр­леріне қарағанда арзан әрі тиімді. Қиыршық тасты ірі көлем­де Ресейге өткізу өңір экономикасына, жергілікті өндіріс орындарына пайда әкеледі.

Павлодар облысы.