Технология • 03 Желтоқсан, 2019

Ғарыштың игілігін көре аламыз ба?

514 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Былтыр ғарыш саласындағы инвестицияның жалпы айналымы 3 млрд доллардан асты. Бұл 2017 жылдағы көрсеткіштен
30%-ға артық. Соңғы 30 жылда ғарыш жобаларын қар­жы­ландыруға 20 млрд-қа жуық доллар жұмсалды. Мұндай дерек NASA ғарыш агенттігінің есебінде айтылған. Мамандар саланың қарқынды дамуын теле-радио коммуникациялық жүйелеріне сұраныстың артуы және цифрлы технологияларды дамытудағы жеке компаниялардың осы бағытқа тартылуымен байланыстырады.

Ғарыштың игілігін көре аламыз ба?

Байланыс жүйелерінің жаңа дәуірі

Бұрындары ғарыш саласын дамытуда мемлекеттердің рөлі басым еді. Қазір жағдай басқаша. Бизнестің осы салаға мықтап кірісуі оның кең өріс алуына септесті. Демек, ға­рыш­ты коммерцияландыру оның тамырына қан жүгірткенін аң­ғартса керек. Әсіресе Жер орбитасына зымыран ұшыру, сондай-ақ ғарыш аппараттарын шығару қызметіне сұраныс мол. Жыл сайын бұл бағытқа шамамен 1,5 млрд доллар жұмсалатын көрінеді. Осы ретте шағын қуатты зымырандардың орны бөлек. Артықшылығы сол, оның құрастырылуы көп уа­қытты қажет етпейді әрі қыз­меті арзанға түседі. Шағын жер­се­ріктерді шығарумен айналыса­тын инвесторлар үшін бұл таптыр­мас мүмкіндік. Бүгінде осы қызмет түрін SpaceX, Blue Origin, Rocket Lab және басқа да ком­паниялар жолға қойып, табыс­тарын еселеп жүр. Аталған сала­дағы екінші тартымды бағыт – ғарыш қондырғыларының өндірісі әрі оған қызмет көр­сету ісі. Десе де зымыранды ұшы­ру мен жерсеріктерді жасау­дан түсе­тін қаражат айналы­мы қалған бағыттардан озып тұр. Мәселен, 2018 жы­лы 300-ден астам компания аталған сала­ға қаражат құйған. Ал спут­ник­тік суреттерді жә­не ғарыш­тан келетін басқа да ақ­парат­ты сараптаумен айналыса­тын ком­паниялардың қызметіне инвес­торлардың қызығушылығы бұ­рынғыдай емес. 2017 жылы одан түскен ақша 410 млн долларды құраса, бір жылдан кейін оның көлемі 275 млн долларға төмендеген. Республикалық ға­рыш байланыс орталығы бас­қарма төрағасының орынбасары Роман Ермашовтың айтуын­ша, қазір төмен орбиталды спут­никтік топтарға сұраныс жоға­ры. Ол ғарыш жерсерігінің бұл түрі байланыс технологиялары ба­ғы­тында инновациялық төң­ке­ріс жасауға қауқарлы деп есеп­тейді.

– Төмен орбиталды спут­ник­тік топтар – өте қызықты бағыт. Әлемнің назары қазір осы салаға бұрылып отыр. Неге десеңіз, төмен орбиталды спутниктер бай­ланыс технологияларының ау­қымын кеңейтіп, жаңа дең­гейге көтеретіні күмәнсіз. Бұған дәлел ретінде Илон Масктің Star­link жобасын айтуға болады, – деді Р.Ермашов.

Оның айтуынша, осы саланың тағы бір көшбас­шысы – OneWeb компаниясы да қа­тардан қалмай келеді. Ресей­ліктер де өз жобаларын ұсы­нып жатыр. Бұл бағытта Қытай StarNet баламасын жетілді­ру үстінде. Яғни, барлық телеком­му­никациялық жер серігі операторлары геостационарлық емес топтардың бұл бағытын мұқият бақылап отыр. Өйткені, бизнес орта мен нарық өте қатал. Қазір ілесе алмасаң, кейін қуып жету қиынға түседі.

Цифрлы технологияның ауқымы кеңейеді

Төмен орбиталды жерсерік жүйелерінің басты ерекшелігі - жер бетіне жақын орналасуында жатса керек. Бұл байланыстың кідір­мей таралуына айтарлық­тай септеседі. Дәстүрлі геоста­цио­нарлық спутник пен жер бетінің арақашықтығы 40 мың шақырымды құрайтынын ескерсек, төмен орбиталды жерсерікке мың шақырым биіктікте жет­кілікті. Егер де классикалық геостационарларда байланыс шамамен 600 миллисекундқа кідірсе, төмен орбиталды жүйеде бұл көр­сеткіш аса байқалмайды және жер бетіндегі байланыс желі­лерінен еш кем түспейді, дейді сарапшы.

– Бүгінде MTOM қосым­ша­лары дамыған заманда, байланыс таратушы жүйелерге қойы­ла­тын талап өте қатал. Яғни, ав­­то­номды машиналар арасын­да­ғы байланыс кедергісіз жүруі тиіс. Қазір бағалы қор нарығы белсенді дамып жатқаны мәлім. Табыс пен шығыс көлемін үздіксіз бақылап отыру үшін байланыс жүйесі соған лайықты болуы қажет. Сол секілді үздіксіз байланыс киберспортта аса маңызды. Мысалы, жүргізушісіз басқарылатын автокөлікті алып қарайық. Мұндай көлік құралдары орталықтандырылған сервермен жұмыс істейді. Ол жол бойындағы қауіпті алдын ала көрді делік. Тиісінше, «Абайлаңыз, алдыңызда қабырға» деген белгі жіберіледі. Ойлап қараңызшы, осы белгі жарты секундқа кідірсе, не болатынын елестетудің өзі қиын. Классикалық спутник мұны қамтамасыз ете алмайды. Сондықтан геостационарлық емес спутниктік жүйелер жаһандық сұранысты толығымен қамтамасыз етудің жалғыз жолы, – деді Республикалық ғарыш байланыс орталығы басқарма төрағасының орынбасары.

Дамудың жолы – әріптестік орнату

Мамандар Қазақстанға жаһандық жарысқа түсудің қажеті жоқ деп санайды. Одан гөрі саладағы заманауи үрдістерді мұқият зерттеп, көшбасшы компаниялармен жемісті әріптестік орнатқан анағұрлым пайдалы болмақ. Бұл бір жағынан отандық телекоммуникацияның дамуына жол ашса, екіншіден Қазақстанға өз аймағында төмен орбиталды спутник жүйелерін өркендетуге мүмкіндік береді.

– Байқоңырға ие Қазақстанның бағы бар. Бұл – ғарыштың Меккесі десем артық айтпаспын. Жасыратыны жоқ, ол әбден ескірді. Ғарыш айлағын жаңғырту қажет. Десе де оның жұмысы тоқтамайтыны даусыз. Мұндай полигон күллі дүние жүзінде жоқтың қасы. Әлбетте, зымыранды ұшыруға қатысты проблемалық сұрақтар аз емес. Бұл бірінші кезекте экологияға байланысты. Алайда қоршаған ортаға қатысты барлық даулы мәселелерді тек ғарыш өнеркәсібіне тели беруге болмайды. Керісінше экологиямызды қорғауға бағытталған ғарыш жобаларының саны аз емес. Ғарыш – жаһандық проблемаларды реттейтін алаң. Қазір бұл саланы коммерциялық тұрғыда дамыту жолға қойылғаны белгілі. Жекелеген компаниялар табысты жетістіктерге жетіп жүр. Әрине, бизнестің аталған салаға тартылуы қуантады. Дегенмен оған үлкен қаражат жұмсалатынын ескерсек, бұл үлкен тәуекелді қажет етеді. Осы жолға Қазақстан да біртіндеп келеді деген үміттемін. Қазір алға қойған міндеттердің бірі – инвестициялық қаражатпен ғарыш аппаратын жасау. Бұл істі қаржыландыруға дайын компаниялар табылатынына сенімдіміз. Ашық айтайық, дәл қазір Қазақстан осы саланың алпауыттарымен бәсекеге түсе алмайды. Себебі ұзақ жылдан бері тұрақты ғылыми-техникалық база болуы тиіс. Уақыт өте келе еліміз бұл қатардан көрінуі мүмкін. «Қазақстандағы ғарыш күндері: Байқоңыр – әлемдік ғарыш бесігі» халықаралық форумы осыған үлесін тигізетіні шүбәсіз. Өйткені, қаншама бәсі мықты компаниялар елімізге келіп отыр. Барлығы да Қазақстанмен ынтымақтастық орнатуға әзір екендерін білдірді. Бұл үміт ұялатады, – деді Республикалық ғарыштық байланыс орталығы басқарма төрағасының кеңесшісі Виктор Лефтер.

Білікті мамандар тапшы

Дүниежүзілік тарихта адам баласы ғарышқа қазақ жерінен аттанғанымен, Қазақстан дербес мемлекет ретінде аталған саланы енді қолға алып келеді. Отандық ғарыш өнеркәсібін өрге домалату үшін ғылыми-техникалық базаның талапқа сай болуы маңызды рөл атқарады. Бірақ бұдан да маңызды мәселенің бірі – маман тапшылығы. Бұл тенденция елімізде анық байқалуда. Осы мәселені реттеуде Airbus компаниясы Қазақстанмен тығыз әріптестік орнатқанына 10 жыл толды.

– Қазақстанмен ғарыш саласында стратегиялық әріптес ретінде 2009 жылдан бастап жұмыс істеп келеміз. Содан бері ғарыш инфрақұрылымын арттыру үшін бірқатар жұмыс атқарылды. Атап айтқанда, екі жасанды жерсерігі орбитаға ұшырылды. Сондай-ақ «Ғалам» атты бірлескен кәсіпорынды ашу жөнінде уағдаластыққа қол жеткіздік. Бұл компания «Қазақстан Ғарыш Сапары» ұйымымен бірлесіп құрылды. Аталған кәсіпорында ғарыш жерсеріктеріне қажетті бөлшектер шығарылады. Сол секілді мұнда спутниктерге арналған құрастыру сынақ алаңының құрылысы аяқталуға жақын қалды, – деді Airbus Қазақстан компаниясының бас директоры Роман Блащишин.  

Жуырда бас шаһарда өткен халықаралық форумда Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиев елімізде ғарыш аппараттарын құрастыру-сынау кешенінің құрылысы аяқталғанын жеткізді. Ведомство басшысы бұл кешен отандық ғарыш саласын сапалы жаңа деңгейге көтеретінін айтады.

– Бүгінде Қазақстанда екі телекоммуникациялық спутник жұмыс істейді. Біз осы саладағы мүмкіндіктерімізді одан әрі дамытуды көздейміз. Құрастыру-сынау кешенінің құрылысы аяқталды. Яғни, 2020 жылы өз спутнигіміздің жобасын жасап, өндіріске кірісу арқылы жаңа деңгейге көтерілуді жоспарлап отырмыз. Бұл Қазақстанның әлемдік ғарыш қауымдастығының толыққанды мүшесі ретіндегі бастамасы, – дейді министр.

Бүгінде ғарыш – төртінші өнеркәсіптік төңкерістің маңызды бөлігіне айналды. Еліміздің аталған саладан табатын пайдасы қаншалықты? Орбитадағы отандық жобалар осы сауалға жауап бере ала ма? Бұл – уақыт еншісіндегі мәселе.