23 Шілде, 2013

Бақыттың базарында

463 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

 

Ол ұнатқан қыздың есімі Клара болатын. Қою қара қос бұрымы тілерсегін соғып тұратын. Бұл – дәрігер, ол – медбике. Клараның адал сүт емген, ата-анасының тә­лім­­ді тәрбиесін көрген қыз екені оның жүріс-тұрысынан, іс-қи­мы­лынан, өзіне тапсырылған жұ­мыс­қа деген жауапкершілігінен айқын аңғарылып тұрар еді. Көп жағ­­дайларда ақыл мен көрік бір қыздың бойында тоғыса бермейді. Қайткенде де оның бірі артық, бірі кемшін соғып жатады. Хайдар Клараның тал бойынан ондай оғаш мінезді байқай алмады. Оны ұнат­қаны сондай, іштей бұған дейін қия­лында болып келген өмірлік жар идеялы Кларадай көріне беріп еді.

Ал Клара болса сөзі орнықты, байсалды, ішкі мәдениеті жоғары, салмақты, атан жілікті дәрігер жігітті көрген сайын оған деген ынтық көңілін сездірмеуге тырысып жүретін. Олар осылай танысып, табысып еді. Біраз уақыттан соң көңілдері жарасқан, бірін бірі ұнатқан Хайдар мен Клара отбасын құру жөнінде ұйғарым жасады. Бұл сонау 1963 жылдың 15 ақпаны еді. Шарқайрақтай зырылдаған уақыт-ай десеңізші. Содан бері табаны күректей елу жыл сыныптай сырғып өте шығыпты.

«Бектер мінген сұр қасқа, Жүре алмаса ұр басқа. Батырлық, байлық кімде жоқ, Ғашықтық жөні бір басқа» дегендей, бір-бірін ұнатып, сүйіп қосылған Хайдар Мәсәлімұлы мен Клара Бозқызы осыншама жылдар бойы бақытты ғұмыр кешіп келеді. Қазақстанның халық ақыны, марқұм Қадыр аға­­­мыздың «Жігіттің бес бақытын бі­лесің бе?» деген өлеңі бар. Сонда Қадекең жігіттің бірінші бақыты тау қозғалса да, жер қозғалса да мыңқ етпейтін оның жары десе, ақ алмастай ұлы оның екінші бақыты деп ой түйеді. Ал ашық та сүйкімді анасындай қыз жігіттің үшінші бақыты деген тоқтамға келеді. Жі­гіттің төртінші және бесінші ба­қыты қуанышы мен қызығына ор­тақтаса білетін, қолында барын қызғанбайтын достары мен құр­дас­­­тары және көршілері дейді ақын.

Міне, дәл осы тұрғыдан келгенде Хайдар ағамыз өзінің бес бақытын түгендей білген маң­­­да­йы­ның бағы бес елі азамат деп білеміз. Сонымен бірге, ол ең­бек­тегі бақыты мен отбасындағы ба­қыттың үйлесіміне қол жеткізе білген кәсіби дәрігер, өнегелі отбасы иесі. Тек медицина институтында алған теориялық білі­міне сай ем жасап алдына келген адамға рецепт жазып берумен шектелетін дәрігер шын мәнісінде толық мағынасындағы ақ халатты абзал жан қатарына кіре алмайды. Қажет кезінде жан жадыратар, көңіл сергітер жылы сөзімен де дертке дауа бере алатын тұлға ғана жоғары құрметке лайықты. Хайдар Мәсәлімұлы – ауырып ем іздеп келгендерге емге қоса жан шуағы мен жүрек жомарттығын дарыта білген шипагер. Медицина ғылымы дәрігер тарапынан пациенттерге жасалатын мұндай жылы шырайлы қатынас кей жағдайларда дәстүрлі медицинада қолданылатын емнен де пайдалырақ болып шығатынын жоққа шығармайды.

Хайдекеңнің 55 жылдан асып бара жатқан дәрігерлік іс-тәжі­рибесінде оның алдын көрген адам­дар аз емес. Олардың ішінде елге танымал тұлғалар да бар. Ақиық ақын, қазақ поэзиясының жыр-семсері Мұқағали Мақатаев солардың бірі десек, шындықтан алшақ кетпейміз. Оқиға былай болыпты. Ертерек жылдардың бірінде Хайдар ағамызға құда болып келетін белгілі жазушы Берқайыр Аманшин туған жері Қа­ратөбеге арқалы ақындар Ха­мит Ерғалиев пен Мұқағали Ма­­­қатаевты және Жанғали Нә­биул­линді ертіп келіпті. Олар дарқандық пен қо­нақ­жай­лыққа ішпей-жемей мас болыпты.

Осындай сергек көңіл-күй ауанында Мұқағали ақын: «Саралжын жері дүр екен, Сары алтындардың бірі екен, Жігіттері де ірі екен, Исатай менен Махамбет, Тірі екен, әлі тірі екен», деп шалқытады. Күн болса шекені ойып түсетіндей шақырайып тұрса керек, Мұқаң тамақтан ұшынып қалған ба, алпамсадай денесімен ұшып тү­сіпті. Әйтеуір өзгелері облыс ор­талығына жүріп кетеді де поэ­зия патриархы Хайдардай білікті дә­рігердің бақылауында қалып қояды. Бір-екі күннен соң ақын ауруы­нан құлан-таза айығып, АН-2 ұша­ғымен Орал қаласына жетеді.

Азаматтың ағайын-тума мен дос-жолдастарының, алыстан, жақыннан келетін мәртебелі де сыйлы қонақтардың алдында абыройын асыратын – жары, оның ашық қабағы. Дастарқаны қашан да берекелі, жүзінен қазақ әйеліне тән ибалық пен мейірім төгіліп тұратын Клара жеңгеміз Жанғазиевтер әулетінің алтын қазығы, сәні мен көркі, шуағы мен шырайы іспеттес. Ене мен келін арасындағы жарастықтың үлгісін Клара мен енесі, яғни Хайдардың анасы Қымбат шешеміздің тату-тәтті қарым-қатынастарынан көруге болады.

Осындай үлгіні көріп көп жайтты көңі ліне түйіп өскен Хайдекең мен Клара жеңгейдің қызы Рита да бүгінде сексенге келген енесін аялы алақанда ұстап отыр. Әкесінің жолын қуып дәрігер мамандығын алған ол жары Жанболаттың да қонақтарын күтуге уақыт таба біледі. Иә, егемен елімізде аталып өтіп жүрген алтын тойлардың тәрбиелік мәні мен маңызы жоғары. Бұл отбасы бақыты мен жарастығын, ұзақ жылдар бойы отасқан ерлі-зайыптылардың суымайтын сүйіспеншілік сезімдерін паш ете алатын елеулі дата. Ендеше, Хайдар аға мен Клара жеңгей секілді бақытты ғұмыр иелері де бүгінгі әңгіме тақырыбына әбден лайықты. Отбасы – Отанның отауы, әрі шағын мемлекет десек, осы шағын мемлекеттердегі бақыттың бастауы мен базары тұтас, үлкен мемлекеттегі түсіністіктің тереңдей түсуіне әсер етері кәміл.

Темір ҚҰСАЙЫН,

«Егемен Қазақстан».

Батыс Қазақстан облысы.

Суретте: ерлі-зайыпты Хайдар және Клара Жанғазиевтер.