Қатысушыларға Астана мемлекеттік қызмет хабы басқарушы комитет төрағасы Әлихан Байменов, БҰҰ Даму бағдарламасының Қазақстандағы Тұрақты өкілі Якуп Бериш, БҰҰ Экономикалық және әлеуметтік мәселелер бойынша департаментінің мемлекеттік басқару мәселелері бойынша аға қызметкері Гарегин Манукян, Алматыдағы Сыртқы істер министрлігі өкілдігі басшысы Ерлан Ысқақов, сондай-ақ Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы вице-ректоры Айгүл Көшербаева жылы лебіздерін білдірді.
Байменов мырза тұрақты даму мақсаттарына (ТДМ) қол жеткізу үшін сапалы мемлекеттік басқарудың маңызына тоқталды. «Мемлекеттік басқару сапасы, өз кезегінде, көбіне білім беру мекемелері мен мемлекеттік басқару инститтары айналысатын кадрлар дайындау сапасымен анықталады. Бұл аспектілер қазіргідей VUCA әлемде әрбір елдің даму басымдылықтарына жету жолында өзекті бола түсуде», деді спикер.
БҰҰ Даму бағдарламасының Қазақстандағы Тұрақты өкілі Якуп Бериш мемлекеттік қызметті дамыту мақсатында көптеген елдің үкіметтеріне озық, заманауи тәсілдермен танысуға, тиімді оқыту бағдарламасын даярлауда қолдау көрсететіндерін жеткізді. «БҰҰ Даму бағдарламасы Қазақстанда мемлекеттік қызмет реформасына, оның ішінде мемлекеттік қызметкерлер әлеуетін арттыруға қолдау көрсетуде. Мемлекеттік құрылымдарға Астана мемлекеттік қызмет хабымен бірге жаңа, белсенді, инновациялық механизмдер қолдануда қолғабыс жасаймыз. Сондай-ақ Қазақстанның мемлекеттік қызмет агенттігіне мемлекеттік қызметкерлердің бірыңғай құзыреттер шеңберін және еңбекақы жүйесін әзірлеуде қолдау көрсетеміз. Астана хабы өз миссиясын жүзеге асыруда мемлекеттік қызметкерлер әлеуетін арттыру мәселесіне үнемі, жүйелі түрде көңіл бөлетіндігі қуантады», деді Қазақстандағы БҰҰ ДБ Тұрақты өкілі.
Бұл жиынның ортақ мақсаты – тұрақты даму мақсаттарын жүзеге асыруды қолдауда мемлекеттік қызметкерлер әлеуетін арттыру, мемлекеттік басқару институттары дамуы жайлы ақпарат алмасу.
Семинарға қатысушылар мемлекеттік басқару оқу орындарының өзекті мәселелерін, олардың трансформациялануы жолы мен инновациялық көшбасшылығы жайынды ой бөлісті. Ал мемлекеттік басқару саласындағы озық тәжірибемен Нидерланды, АҚШ, БАӘ және басқа елдерден келген сарапшылар пікір алмасты.
Шара барысында алты елден – Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Өзбекстан және Ауғанстаннан – тұрақты даму мақсаттары бойынша үйлестірушілер, уәкілетті орган өкілдері мен мемлекеттік басқару бойынша сарапшылар мемлекеттік институттарды дамыту мен құрылымдық өзгерістер жасау жолдары, мемлекеттік қызметкерлердің кәсіби біліктілігін арттыру мәселелерін қарастырды. Бұл алаң жан-жақты пікір алмасуға, инновациялық идеяларды жеткізуге және жаңа әріптестікке жол ашады.
Семинар барысында қонақтар Халыққа қызмет көрсету орталығы жұмысымен және «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының презентациясымен танысады.
Семинарды Астана мемлекеттік қызмет хабы БҰҰ Экономика және әлеуметтік мәселелер бойынша департаменті, БҰҰ Даму бағдарламасы ұйымдастырып, Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы және «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы қолдауымен өтуде.
Семинар үзілісі кезінде Астана мемлекеттік қызмет хабы басқарушы комитет төрағасы Әлихан Байменов өтіп жатқан шара жөнінде журналистерге былай түйіндеді:
«БҰҰ Бас Ассамблеясы бекіткен адамзаттың Тұрақты даму мақсаттары аясында мемлекеттік басқарудың сапасы өте маңызды рөл атқарады. Себебі 17 мақсаттың бәрін үйлестіруші ұлттық үкіметтер болса, сол ұлттық үкіметтердің жұмыс сапасы бұл мемлекеттік қызметшілердің біліктілігімен де анықталады. Осы тұрғыдан алғанда жалпы осы адамзаттың 2030 жылға дейін белгіленген межелеріне жету үшін, біз мемлекеттік қызметшілердің де біліктілігін көтеріп, оларға осы аталған мақсаттардың бір-бірімен байланысын түсіндіруіміз қажет. Адамзаттың ортақ мақсаттарына жету үшін барлық үкіметтер бірлесіп жұмыс жасау қажет екенін түсінуіміз керек. Бұл тұрғыдан алғанда мемлекеттік қызметшілердің біліктілігін жетілдіріп, оларды дайындайтын мемлекеттік басқару академиялары, институттардағы ұстаздар, ұжымдар осы Тұрақты даму мақсаттарын тереңірек түсініп, мемлекеттік қызметшілерге қандай жаңа білім беру керектігін талқылау қажет».